5.03.2020, 15:04
Қараулар: 321
«ТОЛҒАҒЫ» КЕШІККЕН ТРОТУАР

«ТОЛҒАҒЫ» КЕШІККЕН ТРОТУАР

Өткен  жылдың мамыр айынан бастап, аудан орталығындағы көшелерге, нақтырақ айтсақ, Т.Масин, Б.Жәнекешев, М.Бегалиева, А.Оразбаева және С.Сейфуллин атындағы көшелерге жаяу жүргінші жолын салу қолға алынған еді. Шілдедегі күннің ми қайнатар ыстығына қарамастан, жұмыс қарқынды түрде жүріп жатты. Тротуардың түп қазығы орнатылып, шиыршық тас та төселді кей жерге. Сөйтті де құрылыс жұмысы сап тыйылды. Сол тоқтағаннан мол тоқтап, тура тоғыз айды артқа тастады. Тротуар құрылысының  «толғағы» неге кешікті?

Күнтізбеде аты бар да, заты жоқ мына қыс тротуарды кәдімгідей жоқтатып-ақ тұр. Қыс айларының өзінде ми балшық кешіп жүрміз. Балшықтарымыз қандай дейсіз ғой. «Ой, бауырымдап» жабысып алса, бір аяғыңа екі-үш келісі бірден жабысатын бауырмал балшық. Ауыл шетінен кейіннен қосылған су жаңа көшелердің тұрғындары үшін балабақшаның қасы босаға іспеттес. «Үш жүз теңгеңді екі еселеп берейін» десең де такси біткен безек қағып, сол балабақшадан әрі аспайды.  Бұл көшелер түгілі аудан орталығындағы басты көшелердің өзі әу бастан тротуарға жарып көрмеген. Содан болар аттысы да, жаяуы да тас жолды бойлап әупірімдеп жүр.  «Көліктің жолына жармасып, жол бермейді» деп көлік жүргізушілері ренжіп, «жайлап жүрмей ме? Балшық шашып кетті» деп жаяу екі ренжіп, «салынбады да қоймады ғой» деп бетіндегі асфальты тасжолға сыйыса алмай жүрген бір адам. Осындайда салынып бастап, аяғы құрдымға кеткен тротуарға жоқшы көп.

Көп жоқшының аузындағы әңгіме әр қилы. Бірі бөлінген ақша «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіпті ғой» десе, енді бірі «атаулы әлеуметтік көмек төлеу үшін қазынаның  барлық шығынына бұғат қойылған екен» деседі. Оны бері жағында «ауыл азаматтары үш-төрт айлап, жұмыс жасап, жалақысыз қалды» алып-қашпа сөз тағы бар.

Осы мәселемен аудандық тұрғын үй-коммуналдық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллинге жолыққан едік.

– Аудан тұрғындарының көңілінің серпілткен серпінді жобаның серіппесі неге босаңсыды? Тым жақсы басталған тротуар құрылысы неге аяқсыз қалды?-деп сұрадық.

– Бұрынғы облыс басшысы Алтай Көлгінов 2017 жылғы тамызда ауданға келген сапар барысында жаңа үй құрылысы толыққанды болуы үшін тротуарлармен қамтамасыз етілуі керек деген тапсырма берді.  2018 жылы тротуар құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, сараптамадан өткізіліп, сол жылдың аяғында конкурс жарияланды. Жобалық сомасы 68 млн. 888 мың теңгені құрады. Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын болды. Ақсай қаласынан «Каратт Интернешнл Групп» ЖШС-і конкурс жеңімпазы боп танылды. 2019 жылдың мамырында серіктестік өз жұмысын бастады. Тротуар құрылысы сол 2019 жылдың соңына дейін аяқталуы керек еді. Дегенмен, облыстық бюджеттен қаржы бөлінбей қалды да, жұмысты тоқтатуға мәжбүр болдық. Мердігер солай шешті. Қаржы бөлінбеген соң біз де келісімшартты қазынашылық органға ресми тіркете алған жоқпыз. «Түбі бір аларсыз. Жалғастырыңыз» деп мәжбүрлеуге құқығымыз жоқ. Біз де келісімшартты қаржы жоқтығынан уақытша тоқтаттық. Тиісті қаржымыз тек жылдың соңында қолға тиді. Жыл соңында атқарылған жұмыс актісі бойынша 20 млн теңге бөлініп, серіктестік өкілі арнайы келіп, жұмысшылармен де есеп айырысып кетті,-дейді мекеме басшысы Бисенбек Жамбылұлы.

Есеп айырысып кетті десе де, жаздыгүні тротуар құрылысында тер төккен кей ауылдасымыз әлі де алажақтары барын айтады.

– Тротуар салу жұмысында үш ай жасадым. Екі көшенің тротуар жолын бастадық. Жалақымыз атқарған жұмыс ауқымына қарай есептелетін болды. Жаңа жыл қарсаңында жұмыс берушілеріміз келіп, жартылай есептесіп кетті. Әлі де алажақ үш жүз мың теңгем бар деп ойлаймын. Өзім жақсы білетін бес азамат бар, еңбекақысын толық алмаған. Жұмыс беушілеріміз хабарласып отырамыз. «Көктем шыға келіп, жалғастырамыз» деп уәде беріп отыр ғой. Үміттіміз,-дейді  аудан тұрғыны Сырым Башпақов ағамыз.

Сырым ағамыз Алла қаласа, тротуар салу жұмысында жалғастырмақшы. «Ақсайдан келетін жұмыс берушілеріміз «қаржы жоқ» деп жоғын айтып, мүмкіндігі бар кезде барын беріп, не мәселені де ашық талқылап жүр ғой. Азаматтар ғой деп сеніп отырмын» деп қояды.

Жұмыс беруші демекші, ақсайлық мердігерлер тротуар жұмысына жергілікті азаматтарды тартқан еді. Тротуар  тақырыбындағы жауапты тұлғаның бірі ғой деп, оларды да  сөзге тартпақ едік. Байланысудың реті болмады. Шалған қоңырауларымызға жауап жоқ. Десе де, мердігермен тікелей келісімшартқа тұрып, бірге әрекет етіп отырған  аудандық тұрғын үй-коммуналдық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллиннің «тротуар жұмысын нақ осы мердігерлердің аяқтайды, қаржыдан еш кедергі болмайды» дегенін көңілге медеу санап отырған жай бар.

Тротуар құрылысына енді-енді «қан жүрді» десе болады екен. Құрылыс жұмысы сәуірден бастап қолға алынбақшы. Бес көшеден басқа Сайқын орталығындағы Қазақстан және Т.Жароков көшелеріне де тротуар салуға жобалық-сметалық құжаттама жасалып қойған.

– Тротуар салу, көше жолдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу алдағы жаздан бастап, қарқын алатын болады. Міне, дәл бүгін аудан орталығындағы он бес көше жолының күрделі жөндеу жұмыстарына конкурс жариялап отырмыз. Күрделі жөндеу деп аты айтып тұрғандай, көше жолдарына асфальт төсемдер төселмекші.  Жөндеу жұмыстарының орындалу мерзімі  екі жылды, яғни, 2020-21 жылдарды қамтып отыр,-дейді мекеме басшысы.

Қаржысы бөлінбей, не сиырқұйымшақтанып, ұзаққа созылып кеткен құрылысты «сақалды» құрылыс деп жатамыз. Тоғыз ай бұрын басталған тротуар құрылысының «сақалды» атанбаса да, «тебендеп мұрт шығып» тұралап қалғаны рас. Тоғыз ай бұрын құрсаққа біткен шарана бүгінде шаңыраққа қуаныш сыйлаған шақалақ боп үлгерді. «Толғағы» кешіккен бес көшенің тротуар құрылысы биыл  тағы бір қос көшені қамти кеткелі тұр екен. Түбегейлі бітеріне сеніп көрейік.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ