5.03.2020, 12:04
Қараулар: 230
ИЕСІН ІЗДЕГЕН МЕДАЛЬ

ИЕСІН ІЗДЕГЕН МЕДАЛЬ

Ресейдің Белгород облысына қарасты Прохоровка ауылының мектеп оқушылары бауырынан үзілген 67601 нөмерлі  «За отвагу» («Ерлігі үшін») медалін тауып алады. Медальдің табылған жері — Ұлы Отан соғысындағы қан құйлы майдандарының бірі  Курск шайқасы өткен жер.

Оқушылар бұл медальді  2005 жылы 9 мамырда Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 60 жылдық мерекелік кездесуіне келген РФ-ның мемлекет және қоғам қайраткері, РФ Федерация Кеңесінің Федеративті қауымдастығының мүшесі Николай Рыжковқа беріп, иесін табуды өтінеді.

Н.Рыжков медаль иесін осы 67601 сандық номер арқылы іздеуді қолға алып, РФ Қорғаныс Министрлігінің Мемлекеттік мұрағатына сұрау салады. Мұрағат  қызметкерлерінің тынымсыз көп ізденісі нәтижесінде медаль иесі анықталады. Медальдің қазақстандық қазақ Гузер Губашевтікі екенін мұрағаттық құжаттар куәландырады. Құжатта Г.Губашевтің әкесінің аты-жөні — Ғұбаш Бажақов деп көрсетілген. Гузер Губашев әскерге алынғанша (1939ж) мекенжайы: Қазақ КСР,  БҚО,  Жаңақала ауданы Құлшыққұм ауылдық кеңесіне қарасты «Бірлестік» ұжымшары деп көрсетілген.  Гузер Губашевқа ҚР Сыртқы істер министрлігі іздеу салады. Жауынгердің соғысқа дейінгі мекенжайын негізге алған ҚР СІМ жауынгерге  Жаңақала аудандық баспасөзі арқылы іздеу салды. Нәтижесінде Гузер Губашевтің – Құзыр (Құзырғали) Ғұбашев екенін, оның туыстары Қазталов ауданының Көктерек ауылында және Бөкей ордасының Құрманғазы (Саралжын) ауылында да болуы ықтимал екенін айтса, Мақсот Өксікбаев деген ақсақал майдангерді жақсы білетін мәлімдейді.

Осылайша ел болып, екі мемлекеттің құзырлы органдары болып іздеп жатқан Құзыр Ғұбашев майданнан аман-есен оралып, 1947 жылы Ұлмекен Сұлтанғалиқызымен шаңырақ көтеріп, Бөкей ордасының «Құрманғазы» кеңшарында (бұрынғы Құлшыққұм ауылдық кеңесі, Энгельс колхозы) ауылшаруашылығы саласында істеген. 1988 жылы алпыс тоғыз жасында дүниеден озған. Балалары: Жұмагелді Бөрлі ауылында, Амангелді Саралжын ауылында тұрады. Құзыр ағамыздың баласы Амангелдінің бізге берген сұхбатында: «Әкеміз көп сөйлемейтін, момын адам болды. Соғыстан елге келген соң «Теректі жыра» деген жерде бақша еккен. Майдан жолдары туралы көп айтпайтын. Ерлік жасағанын, сол үшін марапатталғанын да білмедік. 2006 жылдың күзінде әкеміздің соғыста алған медалі артынан іздеп келгені адам нанғысыз хабар болды. Қуандық, мұны әкеміздің көрмей кеткеніне өкіндік. Медаль алғанын, оны жоғалқанын неге білмедік деген сансыз сұрақ көкейімізді өксітті. Анамыз: «1951 жылы маған жүкті кезінде далалық өрт болып, сонда үй-жайымыз өртеніп кетті. Қолымызға ештеңе ала алмадық. Сол жылы сен дүниеге келдің. Өрттен аман қалдық деп, есіміңді Амангелді қойдық» дейтін. Сол кезде әкемнің «Қызыл әскер куәлігі» және екі-үш қағазы селолық кеңестің кеңсесінде болып, өрттен аман қалған. Қолдарында қалған бірден-бір құжат осылар болады», — деді.

Майдангердің қолында қалған оның сонау отты күндердегі жорық жолында өзімен бірге жүрген «Қызыл әскер» куәлігінде 1939 жылдың 22 қыркүйегінде әскерге алынып, инженерлік батальонының 175-бөлімшесінде сапёр, 1941 жылы ІІІ екпінді әскердің сапёрлар батальонының  92-бөлімшесінде, осы әскердің  33-дивизиясы барлаушылар батальонының 63-бөлімшесінде барлаушы сапёр сержант болғаны, 1943 жылы ауыр жараланып, госпитальда ұзақ емделген соң, елге демалысқа жіберілгені, 1944 жылдың желтоқсанында қайта әскерге шақыртылып Чкалов қаласындағы 61-запастағы полкпен ІІ Гвардиялық әскердің 32-дивизиясы 7-зениттік пулемет ротасы сапында  жүргенде 1945 жылдың 11 ақпанында қайта жараланып, ІІ  Гвардиялық әскердің 5489 далалық госпиталына жіберіліп, кейін осы госпитальдың шаруашылық бөлімінде 1945 жылдың сәуірдің соңғы күндері әскер қатарынан босатылғанша қызмет атқарғаны баян етіледі.

Иесін іздеген 67601 номерлі «Ерлігі үшін» медаль Г.Губашевтің ұрпақтары қолына 2006 жылдың тамызында табысталады. Медальмен бірге, РФ Қорғаныс Министрлігінің Орталық архивінен алынған ефрейтор Г.Губашевті осы медальмен марапаттау №0495 (23.07.1942ж) бұйрығы, оның Отан қорғаудағы ерлік шежіресі жазылған «Наградной лист» көшірмесі және осы медаль иесін анықтауда белсенділік танытқан Н.Рыжковтың сыйлығы:  «Десять лет великих потрясений» кітабы мен Прохоровск музей-кітапханасының «60 лет Великой Победы» бейнежазбасы қоса табысталады. Әрине, Г.Губашевтің ұрпақтары да жауапсыз қалмай, әкелерінің ерлік марапатының табылып, табысталғанына, сыйлыққа алғыстарын білдіріп, Н.Рыжковтың атына хат жолдады.

Марапат қағазда («Наградной лист») «Тов.Губашев Г. находится в разведроте  с октября м-ца 1941 года и по настоящее время. За этот период т.Губашев показал себя хорошим разведчиком. В обороне на озере Селигер тов. Губашев ходил неоднократно в глубокий тыл противника с задачей минирования дорог, т.е. пути следования подвод грузов к линии фронта. Тов. Губашев с поставленными задачами по минированию справлялся хорошо. В ноябре м-це 1941 года на поставленных минах взорвалось 23 подвод и несколько фрицев.

Во время наступления от озера Селигер тов. Губашев принимал активное участие в уничтожении немцев в дерев. Шапково, Чихачево и других. В г. Холм не один раз ходил минировать и взрывать дома где находился противник. Последние 3 операции в засаде на большаке Локня – Холми тов. Губашев проявил себя хорошо и особенно в третьей операции 9/VІІ 42 года по разгрому обоза противника тов.Губашев убил лошадь и одного немца.

За проявленное мужество и геройство по уничтожению немецких захватчиков тов. Губашев удостоен правительственной награде медаль «За Отвагу» деп 63- барлаушылар ротасының бөлімше командирі аға лейтенант Авронесовтың және осы бөлімшенің военкомы Сычевтың ұсынысына 33-атқыштар дивизиясының командирі полковник Юдинцев  1942 жылдың 15 шілдесінде қол қойған.

Г.Губашевтің «Қызыл әскер» кітапшасында марапаты жазылмауына қарағанда, ол өзінің №67601 номерлі «За отвагу»  медалінің иесі екенін білмеген шығар. Мүмкін осындай марапаттарды тапсыруға алып келе жатқан жан жолда қаза болып, марапат иесіне табысталмай қалған шығар. Оқ пен оттың арасында бәрі болуы  ықтимал ғой.  Қандай жағдай болған да, Г.Губашевтің қанды көйлек командирлері оның ерлігін құптағаны, хаттағаны мұрағат қорында сақталғаны үлкен олжа болды. Бауырынан үзілген (кеудеге тағатын жері жоқ), металдың беті айқұш-ұйқыш сызықтар мен шекіме нүктелер басқан  медальдің беткі, сыртқы жақтарының жазулары анық сақталған.

Сержант Губашев Гузер майданда үш қайтара жараланып, қайта сапқа тұрған жауынгер. Ол Кеңес Армиясының Отан қорғау ғана емес, жауды өз ұясында талқандау мақсатындағы Батыс Еуропаның көптеген мемлекетін фашизмнен құтқару, азат ету ұрыстары жүрген елдің бірі Шығыс Пруссияны азат ету шайқастарына қатысқан. Немістердің Шығыс Пруссиядағы қорғаныс тірек пункті болған  Даркеман қаласын алудағы (23.01.1945ж) және Балтық теңізіндегі жаудың әскери-теңіз базасы орналасқан ірі портты қамал-қала Пиллауды алудағы шабуылдаушы әскер қатарында озық ұрыс әрекеттері мен жаужүректігі үшін 1945 жылдың сәуірінде Басқолбасшының атынан  екі мәрте марапатталған. Сондай-ақ, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған және І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені иегері (1985ж.)

Майдангер өмірден кетсе де, оның отты жылдардағы ерлігін паш еткен, № 67601 номерлі  «Ерлігі үшін»  медалі жауынгердің елін, туған жерін тауып жеткені Құзырғали ұрпақтарына абырой, атақ. Иесін тапқан медаль олардың отбасылық шежіресінің үлкен бір тарауы болып, мұраға қалды.

Гүлжиян САПАРҒАЛИЕВА,

 облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени,

архитектуралық-этнографиялық

музей-қорығының бөлім басшысы