5.03.2020, 11:57
Қараулар: 181
ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫН ТІККЕН

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫН ТІККЕН

Табыс табу сананы билеген нарық заманында өз мамандығына адалдық танып, аядай ғана туған ауылын алпауыт қалалардан артық көретін жандар барына риза болады екенсің. Жұмысы жайлы әңгімелегенде арқалана түсетін аудандық аурухананың дәрігері Серік Нүркенов сондай жан. Оның алғашқы отасы (операциясы) күні бүгінгідей көз алдында.

Оқуын енді тәмамдап, туған ауылына келген тұсы болатын. Жұмысқа кіріскеніне бір ай да болған жоқ. Жастық жалыны жанартау атып тұрған елгезек Серік қай қиындықты да еңсеруге әзір еді. Сол күні әріптесі әрі өзімен бірге келген жас гинеколог-дәрігер Александ Семаков ауруханаға көп балалы ананың ауыр халде түскенін айтып, шұғыл түрде ота жасау қажеттігін жеткізді.  Әзілдесіп жүретін досының түрі түнеріп кеткен, шамасы адам өміріне деген жауапкершілік бойын билеген болар. Оның үстіне науқастың да халі ауыр.Тоғызыншы перзентін көтеріп жүрген ананың жатыры жарылыпты. Ол кезде дәрігер тапшы, бірақ адам өмірін сақтау қажет қой. Әр секунды алтынға бағаланған сол отаны ойға алса, әлі күнге жүрегі алқымға тығылады. Сөйтіп, Ақтөбедегі медициналық институтты енді бітірген екі жас маман бірінші отасын сәтті аяқтады. Серік ағайдың өзі айтқандай, «лучше мать без матки, чем мертвая мать»деп жатырын алып тастап, ананың өмірін сақтап қалған. Арада аз уақыт өткенде трактордан құлап, қуығы жарылған бөрлілік Байқуат деген (тегі есінде қалмапты) азаматты алып келген. Кіші дәреті бойына тараған азамат енді өмірімен қоштасуға әзір еді. Оның үстіне ота жасайтын дәрігер скальпельге бойын жаңа үйреткен жас дәрігер еді. тәжірибелі дәрігерді күтетін уақыт жоқ. Бұл Серік Нәсиұлының өзі жүргізген отасы болатын.

– Қобалжу бар, адам өміріне деген жауапкершілік тағы бар. Егер мен отаны дұрыс жасамасам,  пациенттің  өліп кететіні айдан анық». Осы сынды ойлар маза бермейді. Дегенмен ота үстеліне келгенде оташының әр қимылы роботтікіндей есептеулі болуы шарт. Өйткені сен тірі адамды тілесің ғой. Қолың сәл қисық кетсе, науқастың тағы бір тұсын жарақаттауың әбден мүмкін. Сондықтан сенімсіздікке жол бермеу керек. Тек жақсы болатынына, өз біліміңе сену керек,-дейді хирургымыз.  Сөйтіп Байқұтты ағаның құлаған жағына қарама-қарсы тұсын кесіп, қуықтағы тесігін тігіп, жерлесін қатарға қосты. Осындай үлкенді-кішілі алуан түрлі операциялар легі Серік Нәсиұлының тәжірибесінде көп-ақ.

Тәжірибелі хирург  «Ауру –түннің балалары» дейді. Соқыршек те, басқасы да түнде асқынатыны белгілі. Ауру түсті ме, дәл сол кезде ота жасайтындар да шақыртылады. Бірде көлік жіберілсе, кейде жаяулатып келетін кез боп жатады екен. Ауруханаға келгенше хирург өзін дайындап барады. Науқастың жарақатына байланысты әр ісін, әр қимылын ойластырады екен, тіпті қандай ма бір әрекет жасау үшін қандай құрал қажеттігін де жоспарлайды. Отаны міндетті түрде екі дәрігер және операциялық медбике жасайды. Кейіпкеріміз еңбек жолын бастағанда дәрігер тапшы-тұғын. Анестезиолог деген жоқ, бүгінгідей оташылар да сан салаға бөлінбейді.  Алдыңа ауру түсті ме, мейлі ол жарақат алсын, мейлі гинекология жағынан болсын, мейлі операциялық түрде босандыру қажет пе, науқасты жас шамасына да бөлмей ота жасау, қалай болғанда да өмірін сақтау міндетің еді. Серік ағай да осы талаптан шығуға барын салды. Қызмет еткен отыз жылдан астам уақытта 7500-дай ота істеген тәжірибелі хирург: «Операциялық үстелімде бірде-бір науқасымды жоғалтқан емеспін»,-деп мақтанышпен айтады.

Ең қиын отаны Серік ағамыз ұлты орыс бір бейтаныс жігітке жасаған екен.

– Таң сәріде бірнеше жерден пышақталған  жанында 5500 рубль салынған шамаданы бар 18 жасар жас жігітті әкелді. Сырт киімі балшыққа былғанғанымен, басқа киімдері тап-таза,-деп еске алды өткенге ойша шомып. — Әкелгенде өлі дене деген болатын. Ауылдағы теміржол бекеті жағында кезінде түрлі көкөніс, жеміс-жидек сататын шағын сауда орны бар еді. Әлгі науқасты ауылдастар сол жерден тауып алыпты. Қасында бір көлік алуға жететін қаржысы бар шамадан мен қанға малынған пышақ жатқан екен. Милициялар бірнеше жерінен пышақталған әлгіні «өлдіге» санаған. Сол күні кезекші дәрігер болған Замзәгүл Садыққызы пульсін тексеріп, шала жансар жатқанын анықтайды. Сөйтіп оны құтқару жұмысы басталып кетті. Көп қан жоғалтқан жігіт Волгоград қаласының Старополтаво ауданынан екен. Ішектерін тігу сынды жұмыстарды айтпағанда жүректе ұйып қалған қанды, сыртындағы қабықшаны кесіп алу қажет болады. Сәтін салып жүрегі де, ішектері де тиісті дәрігерлік көмектен соң жазылып кетті. Баласының жайын естіген анасы да алып ұшып келіп, оны аман алып қалған ақ халаттыларға аналық ризашылығын жаудырып жатты. Арада уақыт өткенде жаңа жылдық сыйлығын да жолдапты.

Өмір бумеранг сынды, біреуге жақсылық жасасаң, түбінде айналып қайтады деген рас екен. Оған Серік аға уақыт өте куә болыпты. Науқас жазылып, еліне оралды. Ал бұл жайт күйбің тірліктің тізбегімен ұмытылып қалған еді.  Мәскеуге аурулы жеңгесін алып барған әріптесі, балалар дәрігері  Наурыз Бисенғалиев дерті асқынған жеңгесін ауылға жеткізу үшін елмен хабарласу қажет болады.  Ол кезде бүгінгідей әлемнің әр нүктесіне қоңырау шалатындай мүмкіндік жоқ еді. Ауылмен байланысу үшін телекомға барып, сөйлесу пунктінде өз кезегіңді күтіп, байланыс болып жатса ғана сөйлесе алатын едің. Наурыз ағамыз бірнеше рет сөйлесу пунктінде кезегі келіп, ұзақ тосса да, байланысудың мүмкіндігі болмады.  Не де болса барайық, қалғанын көре жатармыз деп енді үмітін үзгенде, оқшаулау тұрған сөйлесу пунктінен тағы хабарласып көруге бел буады. «Орал облысы. Сайқын ауылы» деп тапсырыс бергені сол еді, тапсырыс алушы орыс қызы «Вы сказали Сайхин? А вы Серика Насиевича знаете?» деп сұрамасы бар ма?! Сөйтсек, ол әлгі жас жігіттің әпкесі екен. Бірден байланыс орнатқан орыс қызы осылайша бір жақсылық жасаған еді. Елге келгенде әріптесі «Серік-ау, сені сонау Мәскеуде де таниды екен. Сәлем жолдап жатыр»деп өткенін баяндағаны бар-ды.

Хирург темірдей мықты жүйкені талап ететін мамандық. Ота түн ішінде болса да ешқандай ұйқыға бой алдырмауың керек. Ондайда Серік ағаға темекі көмекші болады екен. «Сендер ол зиян ғой дерсің. Оның рас. Бірақ дәрігерлер де адам. Бізге де аяушылық, қорқыныш деген адами қасиеттер жат емес. Сондайда алқынған жүрегіңді тыныштандырып, өзіңді тура есеппен қимылдауға дайындауда, бойдағы жүктен арылуда темекінің көп көмегі тиеді»,-деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

Серік аға бұл мамандыққа бір кездері санитар боп қызмет еткен анасының «Менің балам өскенде доғдыр болады» деген бір ауыз сөзіне иланып келген. Бірақ С.Нүркеновтың өз перзенттері оның жолын жалғамады. Оған кейіпкеріміз еш ренжімейді де.

– Балаларым жолымды жалғастырмады. Өйткені, көз ашқандарынан бұл қызметтің қым-қуыт қиын екенін түсінді. Осы тынымсыз дәрігерлік қызмет ата-ана ретінде біздің уақытымызды ұрлады, шектеді ғой,-дейді.

Иә, Серік Нәсиұлының бар өмірі сол ақ халатпен, күн-түн дамыл таппайтын  жедел жәрдем көлігімен бірге жасасады десек қателеспейміз. Бүгінде жетпісінші белеске иек артқан Серік ағамыз   әлі күнге қызметтен қол үзе қойған жоқ. Бүгінде жоғары санатты хирург, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау үздігі», ауданның құрметті азаматы аудандық ауруханада оториноларинголог қызметін атқарып келеді. Зейнеттегі жұбайы Нәсіп Қанатқызы да дәрігер эндокринолог қызметінде. Айта кетелік, Серік Нәсиұлының еңбек жолы ресми түрде 1979 жылдан  басталғанымен, емдеу ісін әскер қатарында жүргенде-ақ медбрат болып бастап кеткен екен. Серік ағаның еңбегінің елеусіз қалмады. Алған марапатының өзі бір мақалаға жүк боларлық. Солардың арасынан майордың өмірін құтқарғаны үшін берілген Капустин Яр әскери қалашығына келген  алғыс пен медициналық институтты тәмамдағанына 40 жылдығына орай берілген «Міндет. Абырой. Ерлік» орденін ерекше көреді. Десе де кейіпкеріміз «Қалай болғанда да, қай дәрігердің ең басты жетістігі жазылған жанның ризашылығы» деуден шаршамады. Ал, ондай алғыстар С.Нәсиұлының өмірінде көп болды. Республиканың денсаулық саласының алтын қоры енген «Во имя жизни» атты кітапқа шалғайдағы ауданның дәрігері енуінің өзі соның айғағындай.

Раушан БАҚЫТОВА