5.03.2020, 11:04
Қараулар: 330
САРСАҢҒА ТҮСІРГЕН СӘЛЕМДЕМЕ немесе құрт жеймін деп гаупвахтаға отырдым

САРСАҢҒА ТҮСІРГЕН СӘЛЕМДЕМЕ немесе құрт жеймін деп гаупвахтаға отырдым

Адам өмірінде ерекше есте қалатын, тағдырына әсер ететін оқиғалар болады. Сондай оқиғалардың бірі мен 1976-1979 жылдары Солтүстік әскери теңіз флотында әскери борышымды атқарып жүрген кезде басымнан өтті.

1979 жылы ақпанның ортасына таман базадан казармаға демалуға келіп, жеке құраммен кешкі жаңалықтарды тыңдап отырғанда, мезгілсіз дабыл қағылды. Бүкіл жеке құрамды сапқа тұрғызды. Барлық командиріміз түгел келді.

– І топ старшинасы Асқар Ғабдушев саптан шық, -деген бұйрық берілді. Мен ортаға шықтым. Командиріміз маған елден сәлемдеме келгенін, химиялық лабороторияның елден келген сәлемдеме ішіндегі бидай талқанының самогон жасауға дайын ашытқы екенін, ал құрттың тіл астына салғанда адам ағзасына әсер ететінін дәлелдегенін хабарлады. Осыған байланысты әскери шенімнен айырып, жеті тәулік губаға (гауптвахта) отыруға және теңіз әскери дисбатына (тәртіп батальонына) бір жылға жіберуге шешім шығарды.

1979 жылдың 18 ақпаны күні жеті тәулікке кінәмді өтеуге жіберіп,  старшина шенінен айырды. Төрт күн бойы теңізде корабльден жүк түсіру жұмысын жасадым. Бесінші күні жеке командирім С.Ю.Сустредов келіп босатып алып, базаға алып келді. Келсек, ІІ ранг капитаны Ю.А.Голубев күтіп отыр екен. Ол мені қасымыздағы бөлім базасынан іздеп келіпті.

– Сен Габдушевсің бе? — деді. Ол біздің командирімізбен бірге оқыған екен. Өзі Солтүстік Қазақстанда туып-өсіпті.

– Сен кінәсізсің, — деді маған. Берілген бұйрыққа қарсы шығуым керектігін айтты. Сол жерде бала кезінде құрттың қалай жасалатынын, бидайды диірмен арқылы тартып талқан жасайтынын көргенін айтып берді. Ол Бауыржан Момышұлының барлық кітабын оқыған екен.  Маған кінәмді жеке өзім жоққа шығарып дәлелдей алмайтынымды, елге хат жазып, кәсіподақ комсомол ұйымдарынан көмек алуым керектігін ескертті. Ауылға анама хат жазып, болған жағдайдан хабардар еттім. Анам хатты сол кезде Орда совхозы комсомол комитетінің хатшысы Рахымжан Шакиржанов ағамызға көрсетеді. Рақаңның жазған хаты біздің бөлімге, командирге келеді. Онда құрт, талқан, олардың жасалуы туралы толық түсіндіріп жазыпты. Рақымжан ағаның осы хатының арқасында әскери шенімді қайтарып берді, үйге 56 күнге демалысқа жіберді. Басымнан өткен осы жағдайдан аман құтылуыма екі адам себепкер болды. Қазақстанда халқымыздың салт-дәстүрін көріп өскен капитан Ю.А.Голубевтің адамгершілігі, қазақ еліне деген құрметі және Рақымжан Шакиржанов ағамыздың сауаттылығы, біліктілігі, азаматтығы. Осы жандардың алдында мен өмірім, бүгінгі үлкен-кіші жетістігім үшін борыштымын.

Асқар ҒАБДУШЕВ,

запастағы бас старшина