26.02.2020, 18:03
Қараулар: 365
«ТАЛҒАМЫ БИІК, ТАЛДАУЫ БӨЛЕК АЗАМАТ ЕДІ…»

«ТАЛҒАМЫ БИІК, ТАЛДАУЫ БӨЛЕК АЗАМАТ ЕДІ…»

Тоғыз онжылдықты артқа тастаған басылым тарихында редакциямыздан қанат қағып,  еліміздің бас газеті қазіргі «Егемен Қазақстанда», басқа да республикалық іргелі басылымдарда жұмыс жасаған Мифтих Жантикин, Мағзом Мертенов сияқты аталарымыз, әр жылдары басшылық жасаған Хамит Сүлейменов, Балмолда Тоқсанов сияқты майдангер, еңбек ерлерінің ізі бар. Уәлиолла Ғаббасов, Бауыржан Бисенов ағаларымыз жалғаған бұл ұжымда талай шығармашыл тұлғалар қызмет етті. Тасқа басылған тарихта аттары қалды. Басылым мерейтойы қарсаңында осынау тұлғаларларымыз туралы естеліктерді топтастырып «Бізге – 90» арнаулы бетін, сол ағаларымыздың бұрын жазса да, күні бүгінде еш мәнін жоймаған шығармаларын тағы бір су жаңа бетіміз «Алтын қорда»  халық жадында тағы бір мәрте жаңғыртпақпыз.

Басылым тарихына, редакцияда жұмыс жасаған аға-апаларымыз туралы айтпағыңыз болса, қуана қабылдаймыз.

 

Бұл айтыскер ақын Кенжеғали Балабасовтың журналист Болат Наурызғалиев туралы айтқаны еді. «Болат адал, қарапайым, үлкенге де, кішіге де күле сөйлейтін. Адамдық пен адалдық иесі, өзі айтқандай, «түсі қара болғанымен, ниеті ақ», біз үшін дара Болат еді. оның бойындағы журналистік қасиеті, ізденгіштігі, ақындығы өз ортасын толық мойындатқан. Ойы ұшқыр, талғамы жоғары, әсемдікке жаны құштар жан еді» деп еске алған екен.

Болат ағамызбен тізе қағыстырып, қатар жұмыс жасаған Кәримолла Ғайсин ағамыз да «Болат адал жүріп, адал сөйлейтін азамат еді. Әр кез әділін айтамын деп, сөгіс алып, жолы кесіліп жататын. Сонда да алған бетінен қайтпайтын өр мінезі бар еді» деп еске алады.

«Орда жұлдызы» деген атаумен шыға бастаған аудандық газеттің алғашқы санынан бастап, денсаулығы сыр беріп, қызметтен қалғанша редакцияда еңбек еткен, қаламының қарымымен, әділ де турашылдығымен оқырмандар құрметіне бөленген журналист-ақын Болат Наурызғалиев 1942 жылдың 22 желтоқсанында Орда ауылында дүниеге келген. «Іңгәлаппын, сәби жүрек сезді ме, қайта айналып көре алмасын өзіңді» деп Бөкеннің өзі жырлағандай, құндақтаулы ұлын жүрегі езіле өпкен әке – Наурызғали Қайыпқалиев қан майданнан оралмапты.

Болат ағамыз Орда орта мектебінен кейін, Орал ауыл шаруашылық техникумынан механик мамандығын алады. Ішкі әскерлер бөлімінде жауынгерлік борышын өтеп келгеннен кейін трактор руліне отырады. Жұмыс істей жүріп, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысады. Сахнадан өзінің балауса жырларымен танылады. Осылайша, ауызға ілігіп, аудандық (ол кезде Жәнібек) газет редакциясына жұмысқа шақырылады. Қалыптасқан дағдымен корректорлықтан басталған қаламгерлік жол әдеби қызметкер, ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісі сынды сатылармен жалғасын табады. Орда ауданы қайта құрылған шақта редактор Хамит Сүлейменов өзімен бірге Тұрақбай Шәкенов пен Болат Наурызғалиевті Сайқынға ала келеді.

Болат ағамыздың көзін көрмесек те, жүрегі нәзік, болмысы батыл Болат ағамыз туралы Кәримолла Ғайсин ағамыздың әңгімесі арқылы қанықпыз. «Шығармашылықтың адамы ғой. Қоғамдағы келеңсіздіктің бәрін өз жүрегінен өткізетін. Әділетсіздік, көз алдау сияқты қитұрқы әрекеттерді байқап қалса, жаны қас еді. Турасын айтып, төтесінен бір қоятын» дейтін Болат Наурызғалиев туралы.

Кәримолла ағамыз:

– Редакцияның ауыл шаруашылық бөлімі меңгерушісі болған Б.Наурызғалиев газеттің қай жанрында да көсіле қалам тартты. М.Мәметова атындағы совхоздың аға шопаны, Социалистік Еңбек Ері Ескендір Есімов туралы очеркі екінші тыңның майталмандарына арналып «Қайнар» баспасынан шыққан жинаққа енді. Бірқатар мақалалары, өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрді. Ол көптеген жас ақындардың тұңғыш туындыларының баспа беттерінде жариялануына септігін тигізіп, тұсауларын кесті. Бөкеңді алғашқы ұстазы санайтын қаламгерлер көп. Сондай-ақ, оның жетекшілігімен ай сайын жүйелі шығып тұрған «Жебе» сын-сықақ беті, өзі жазған «Сайқында жить можно», тағы басқа фельетондары көнекөз оқырмандардың әлі есінде. «Сын түзелмей, мін түзелмес» дегенмен, кемшілікті айтқанды кім жаратсын. Тілшілерге тікелей тілі батпағандар тасадан талай тас лақтырды ғой. Іргеміздегі әскери сынақ полигонының зардабын, экология мәселесін алғаш көтерген бір ақын әжеміздің «Қаракөл» өлеңін көркемдік дәрежесін келістіріп, газетке бергені үшін  редактордың орынбасары Б.Наурызғалиев аупарткомның бюросына түсіп, есеп карточкасына жазылған сөгіс алған. Сол кездегі билік оған сенімсіздік танытып шетқақпай жасаған. Одақ ыдырап, еліміз нарықтық экономикаға кірген тұста қалам ұстағандардың моральдық та, материалдық та жағдайы мәз болмағаны белгілі. Аудандық баспахана жабылып, редакцияның штаты қысқарды. Ұжымда редактор мен Болат Наурызғалиев қалды. Аптасына үш рет шығып тұрған басылымның мерзімділігі айға екі ретке түсіп, таралымы да құлдырады. Осының бәрі сезімтал ақын жүрегін сыздатып, ауруға шалдықты. Сөйтіп, ол 60 жасқа толуына күн жарым қалғанда 2002 жылдың 20 желтоқсанында көз жұмды. Артында зайыбы Гүлнәр мен үш қыз, бір ұлы қалды,- деп әңгімеледі әріптес өмірі туралы.

Болат ағамыздың үйіндегі Гүлнәр апамыз да редакция үшін бөтен адам емес. Корректор боп қызмет атқарған. Болат ағамыз бен Гүлнәр апамыз осы редакцияда жұмыс жасап жүргенде танысып, тағдыр табыстырған жандар.  Бұл өз алдына бір бөлек әңгіме.

Гүлнәр апамыз бұл күнде Болат ағамыздың қара шаңырағының ғана емес, артында қалған шығармаларының да шырақшысы. Жұбайының суреттерін былай қойғанда қолтаңбасы қалған әр парақты алтыннан қымбатқа бағалап, ардақ тұтады.

Ғұмырының қырық жылын басылым жұмысына арнаған Болат Наурызғалиев ағамыз осындай жан болған.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ