26.02.2020, 17:45
Қараулар: 279
ТЕМІРЖОЛШЫ ДЕГЕН ҚАУЫМ БАР РЕСЕЙДІҢ РУБЛІНЕ ҚАЗАҚТЫҢ НАНЫН АЛҒАН

ТЕМІРЖОЛШЫ ДЕГЕН ҚАУЫМ БАР РЕСЕЙДІҢ РУБЛІНЕ ҚАЗАҚТЫҢ НАНЫН АЛҒАН

 

Бір кезде үлкенді-кішілі жолаушылардан қыз-қыз қайнап жататын Сайқындағы теміржол стансасы бұл күнде  қалың ұйқыға кеткендей. Әрлі-берлі қатынаған пойыздар дыбыс шығарып, белгі беріп өткені болмаса, мініп-түсіп жатқан жолаушы жоқ. Кейінгі буынымыз пойызға мініп көрмесе де, суреттен емес, шынайы өмірден көргендеріне мәз. Ауыл ақсақалдары теміржол басшыларына, облыс басшыларына қысқа маршрутты болса да бір жолаушылар пойызды іске қосуды өтініш-тілектерін жеткізгенімен теміржол бекетіміз сол күйі тек тауар тасу бекеті болып қалуда. Өңір басшысы осы айтулы  жайды анау бір алқалы жиында көтергенде енді бір сең қозғалар деген үміт жалт еткен еді. Әттең, ойлағанымыз болмады. Бүгінгі айтпағымыз, қайырын көрмесек те, ұсқыны көріп жүрген пойыздың мәселесі емес. Сол теміржолдан нәпақасын тауып жүрген ауыл азаматтары турасында болмақ.

Тарихы тереңге тартқан Приволжск магистралінің бұл бекеті де өз қызметін атқаруда. Оның еш кедергісіз, тура сағаттың тіліндей қалыпты істеуіне біздің жерлестер маңдай терлерін төгуде. Оларды  Қазақстанда тұрып, Ресейдің нанын жеп отырғандар деуге де болады. Құжаты былай тұрсын, ішкі дүниесі қай елдің азаматы деп елжірейді екен? Кімнің жоғын жоқтап, кімнің мүддесін қолдайды? Жалпы олардың әлеуметтік жағдайы қалай? Міне, осы сауалдармен  Сайқын теміржол стансасының бастығы Ерлан Дүйсековке жолыққан едік.

– Ерлан Ерсайынұлы, сіздің мекеме қызметкерлері елде тұрып, өзге мемлекеттің тапсырмасын орындайды.  Туған жеріңізде жүріп, елге емес, көрші мемлекетке қызмет жасап жатырсыз. Ауылдың қу тілділері теміржолшыларды қазақтың нанын Ресейдің ақшасына сатыпалатындар деп әзілдеп жатады. Бұл тұрғыда не дейсіз?

— «Екі кеменің басын ұстап жүргендей» сезінбейсің бе дейсің  ғой иә? Негізі бұл пікірді жерлестерімнен көп естимін. Бірақ олай демес едім. Бірден айтайын біз тәуелсіз Қазақстанның азаматымыз. Құжат негізінде де, іс жүзінде де.  Ата-анам қазақ, кіндік қаным тамған жер  қазақтікі. Сондықтан өзгеше болу мүмкін емес тіпті. Балаларымыз да осы жерде оқиды. Ал, Ресейдегі әріптестерден түскен тапсырмаларды орындайтынымыз рас. Өйткені ол біздің жұмысымыз. Бізге тапсырылған қызметті орындаймыз деп міндеттеме алған соң оны орындау әр адамның парызы. Ал, парыз ұлтқа, мемлекетке бөлінбейді. Жалпы айтқанда біз өз еліміздегі гастарбайтерлерміз. Өзге гастарбайтерлерден ерекшелігіміз сол қызметімізді өз баспанамыздан көп алыстамай-ақ атқара береміз.

– Бекетіңіз тыныштықтың мекеніне айналыпты. Бұрындары жолаушылар пойызы толастамайтын. Енді қандай қызмет атқарасыз?

–  Жолаушылар пойызы әлі де жүріп жатыр, тек біздің бекетке аялдамайтыны болмаса. Тауар тасымалын жүзеге асыратын пойыздар да өз тәртібімен жүруде. Ал, біздің ұжымның мақсаты сол пойыздардың нақ біздің учаскеден еш қиындықсыз өтуін қамту болып табылады. Сайқын стансасы мен Равнийный бекеті аралығындағы 31 шақырым шойын жолды қалыпты ұстау – басты міндет. Қызметкерлер жазда шойын жолды шөптен тазартса, қыста қардан аршиды. Жол болттарының қатайтылуы, рельстердің жайы да да біздің жұмыс. Онымен жолшылар айналысады. Ал механиктер диспечерлік пункттегі механиканың жұмысын қамтиды. Диспечерлер болса 22 адамнан тұратын ұжымның жұмыс нәтижесін дер уақытында басқармаға хабарлап, пойыздардың  жүру жолдарын алдындағы схема негізінде бақылап әрі бағыттап отырады. Осылай қызмет етудеміз. Бізде  ешқандай олқылыққа жол берілмейді. Түнде қонақта болып, жұмысқа келмесең – боссың, жұмыс кезінде ішімдік ішсең тағы да боссың. Өз тәртібінің кемшіндігінен қызметтен  босап қалған азаматтар «орыстар бізге құлша қарайды, ұнамасақ шығара салады» деген уәждерін айтып келеді. Жұмыс қара күшті талап етеді, ал сен біреу той тойлап жүргенде оның орнына маңдай теріңді сыпыра қызмет ету керексің. Шойын жұмысы жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргендердің жұмысы емес.   Сондықтан біреудің арқасында тиын тауып жүргендерді бірден шығарғаны дұрыс та сияқты.

– Табыстарың жақсы ма? Жұмыс кестесі қалай?

– Табысымызға шағымымыз жоқ. Жұмыстастар да сол ойда деймін. Оның үстіне ай сайын сыйақы бар дегендей. Жұмыс кестесі сақталады ғой. Бірақ қай уақытта шақыртса, сол кезде дайын тұрамыз. Өйткені қыста боран болып шойын жолдарды жауып жатса, жолшылардың жұмыс уақыты бітті екен деп пойыз тоқтай салмайды. Ондайда күн-түн демей барлығымыз жұмыста боламыз. Тиісінше үстеме ақы да төленеді. Сондықтан біздің құқығымыз шектеліп жатқан жоқ.

– Жалақыны Ресей рублімен аласыз. Екі ортада айырбастау деген бар. Ұтылмайсыз ба?

– Қазір валюта айтарлықтай өзгеріске ұшырап жатқан жоқ. Сондықтан бізде де қорқыныш жоқ. Бірақ ондай күндерді бастан кешірдік қой.Төрт жыл әлде одан көп турасында Ресей валютасының бағамы 3 теңгеге бағалағанда, тентіремегенмен сол күйге жеткендей едік. Жігіттер «үйдегілерге жалақы алдым деп айтуға ұяламын. Себебі, менің табысым әйелімдікінен де мардымсыз» деп налып жүрді. «Айла алтау, ақыл жетеу – айлаға ақыл қосылса, алдырмайтын екеу» демекші, сол кезден жалақы алуға барғанда үйге қажеттінің барлығын, мейлі азық-түлік, мейлі басқа да заттарды өзіміз Ресейден таситын болдық. Бұрындағы тапқан ақшаңды әкеліп бере салу қалды. Сөйтіп ол өткінші кезеңнен де ретін тауып өттік.

– Қазақстан жеріндегі теміржолды күтіп ұстау үшін күнде Ресейден жұмысшыларды әкеліп-әкету көп қаражатты талап ететіні айтпаса да белгілі. Сондықтан сұрақты төтесінен қоялық. «Ресей теміржолдары» ААҚ  ұсынған әлеуметтік жеңілдіктер екі елдің жұмысшыларына бірдей ме?

– Жерлестеріміздің және ресейлік әріптестер арасындағы келісімшартта ешқандай өзгешелік жоқ. Яғни, жылма жыл екеуара келісіліп, қол қойылатын келісімшартта әр жұмысшының өзіндік лауазымдық қызметтері өзге болғанымен, әлеуметтік пакет барлығына бірдей қарастырылған. Біле білсеңіз табыс салығын, зейнетақы аударымдарын қай елге төлесек те өз құқығымызда.

– Сөзіңіз аузыңызда, қызметкерлер аударымдарды қай елге төлеп жүргенін айта аласыз ба?

– Әрине, әріптестерімнің дені патриоттық танытып, Қазақстанның қазынасын толтыруда.

– Жалпақ жұрт «жолшы» атап кеткен жол монтерлері еңбек еткен жылдарына байланысты зейнетке 55 жастан шығатын еді. Осы жеңілдік сақталған ба?

– Мұндай жеңілдік бір кездері болғаны рас. Жолшылардың  және тағы да бірнеше қызмет иелерінің ашық аспан астында, күннің ыстық-суығына, жауын-шашынына қарамай тер төккенін ескеріп, зейнетке ертерек шыққандар болды. Бірақ ол жеңілдікке тек Ресей азаматтығын алғандар ғана ие еді. Осыны ескеріп, Ресейде ағайын-туыстары бар әріптестеріміз сонда тіркеліп, енді зейнеткер атанып отыр. Меніңше, оларға еш ренжуге болмайды. Өйткені тіркеуде ресейлік туыстарына тұрғанымен көпшілігі тұрғылықты жерін ауыстырған  жоқ. Ал, өзгелер көрген игілікті біздікілер де көргісі келетіні заңдылық. Былтырдан бері Ресейде ер азаматтар зейнетке біртіндеп 65 жаста шығады деп өзгеріс енді. Содан бері оған да қызығушылық сап тыйылды. Өйткені, біздің елде екі жыл бұрын шығуға мүмкіндік барда басқа елді қайтеміз.

–  Әлеуметтік пакет тек осымен шектеле ме?

– Ол сол Ресейдің заңнамасына сай атқарылатын жұмыстар. Ал, біз жалдамалы жұмыскерміз. Біздің  «әлеуметтік пакетке» тегін медициналық қызмет, қажет болса жеңілдікпен қатты отын, жылдың әр мезгіліне арналған арнайы киім, жылына бір рет тегін билет қарастырылған.

–  Басылымдарға жазылу жайы қалай сізде? Аудандық, облыстық, республикалық үнпарақтарды оқисыңдар ма? Теміржолда жұмыс жасайтын бір таныстарымыз Арыс пен Иркутскдегі төтенше жағдайда ақша алып жүрген жағына бұра тартып, Арысқа көмектен қалыс қалып жатты. Бұл тұрғысында не айтасыз?

– Теміржол бекетіне «Железнодорожник Приволжья» газеті тегін жеткізіледі. Ал, басқалай кімнің қай газет оқитыны өз еркі ғой. Мәселен, мен «Приуралье» басылымын жиі оқимын, ауданның жаңалығын әлеуметтік желіден біліп отырамын. Айта кетейін, елдегі төтенше жайлар туралы теледидардан не осы әлеуметтік желілерден хабардар боламыз. Ал, Ресейдегі қай оқиға жөнінде бізге жедел хабарлама келеді. Өзіңіз де түсініп отырған шығарсыз, көбіне зардап шеккендерге қолдау көрсетуге ұсыныс тастап жатады. Айтқанымыздай ол ұсыныс қана. Демек, өз қаражатыңның бір бөлігін беру-бермеуді шешетін өзің. Ондайда  өз басым үн қосқанды жөн санаймын. Себебі, оның басына түскен жағдай ертең-ақ менің басыма тумасына ешкім кепіл бола алмайды. Қазақстандағы оқыс жайттарға да үлес қосып жүрмін. Қай ұлт бол, қай ұлыс бол адамгершіліктен аттамағаның абзал.

– Қызметіңізде қиындықтар кездесе ме?

– Қиындық жоқ, бізде бәрі керемет десем, жалған сөйлеген болар едім. Ойлап қарасаң, бәрі де ретке келтірілген, схемасы жасақталған жұмыс болғанымен оның да өз қиындықтары болып жатады. Ең бастасы – тұрғындардың ұрлығы және бағымсыз мал. Міне, осылардың кесірінен жиі ескерту алып, сыйақыдан қағылып жатамыз. Тек өткен жылы 135 мал пойызға қағылды. Бұл деген біз үшін үлкен кемшілік. Осы ретте жерлестер біздің жұмысқа түсіністік танатып, малын қадағаласа игі.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбатты құрған Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ