26.02.2020, 15:48
Қараулар: 257
ДАУДЫҢ БАСЫ – ДАЙРАБАЙДЫҢ КӨК СИЫРЫ

ДАУДЫҢ БАСЫ – ДАЙРАБАЙДЫҢ КӨК СИЫРЫ

«Шыны солай: Дайрабайдың көк сиыры, ұлы дауға ұласқан көк сиыр дауы кімнің болса да басын қатыратын…» деген әңгіме жанрының майталманы Майлиннің осылай деп басталатын  «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген шығармасы есіңізде болар. Соңғы кезде аудан, ауыл әкімдіктерінде өтіп жатқан жиынның басты тақырыбы – мал. Шекарадан өтіп, Ресейдің шөбінің де дәмін татып келіп жүрген, теміржол жағалап, пойызға басылып, арам қатып жатқан, түн қатып, тас жолда көлікке соқтығысып жатқан да осы мал.

Хан ордасында мал ұрлығының алдын алу, ауыл тұрғындарының мал бағымын ұйымдастыру мәселесін тақырып еткен жиын өтті.

Жыл басынан бері он қылмыстық іс тіркелгенін айтқан ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторы Жеңіс Төлеуов: «Жоғалған малдың бәрі ұрланды, Атырау, Ақтау асып кетті деген сөз емес. Бағымсыз жүрген малдың орға түсіп арам өлуі, не қасқырға жем болуы, немесе ауылдан ұзап, көрші қыстақтардың малына қосылып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан, «малым жоғалды» деп сан соғып қалмау үшін, жауапкершілікпен қарайық, малымызға ен салып, тіркетейік. Малымызға ен-таңбасыз бөтен мал қосылса, суретке түсіріп, маған жолдаңыз. Бірігіп, түсіністікте әрекет етейік,-десе, ауыл әкімі өнертапқыштығымен көпті мойындатып, арнайы демеуқаржыға ие болған жерлесіміз Саян Баетовтің қосымшасын кәдемізге жаратайық деген пікірін айтты.

Өз кезегінде Саян Баетов ветеринариялық дәріхана мен ауыл тұрғындарына ортақ сайт ашуда жұмыстануда екенін айтты.  Малға салынатын сырғалар 500 теңгеден, таңба (табыра), татуировка, чип 1000 теңгеден сатылымда екен. Саян Баетов осы таңба  салынған малдың сайтқа тіркеледі дейді.

Ал аудандық ветеринария станциясының басшысы Алмабек Құрмашев мал ұрлау фактісін тіркеуде малдың сырғаланған-сырғаланбағандығы, тіркеуде бар-жоғы сұралатынын айтты. Малды азаматтар қолдағы мал санын, төлінің болжамды санын айтып, сырғаға тапсырыс беруі керек. Аудан бойынша  7063 бас жылқының 3406-сына ғана чип орнатылған.

Ауыл тұрғыны Маржан Махметова: «малды тіркеп, таңбаласаң да, ұрлықтың алдын ала алмайсың. Осы кезге дейін әр жылдары жиырмаға жуық малым жоғалды. Тіркеуде бары бар, жоғы да бар. Іздестіру жұмыстарының нәтижесі жоқ» деп малға қатысты қылмыстық істердің ашылуы кемшіндігін айтса, округ  әкімі Медет Сисенов «малды көлікке тиеп, әне-міне аттанғалы тұрғанда мал сырғасы жоқтығы еске түсіп,  анықтама алып жататын жайттарға жиі кездесіп жүрміз.  Сырғасы жоқ малға анықтама беру, сол анықтаманы алып беруге жәрдемдесу арқылы мал ұрлығына жол беріп отырғанымызды түсінсек жақсы болар еді» деді.

Жарты  айда төрт бірдей түйесі жоғалған ауыл тұрғыны Асқар Ғабдушев мал таситын көліктердің түн қатып суыт жүру себептерін анықтауды ұсынды. «Әдейілеп, бақылап қарағанымда бір түнде ауылға жылқы тиейтін тоғыз кіөлік кірді.  Түн жамылып жүретін көлікте талай жоғалған малымыз кетіп жатқан болар. Осыған бір тыйым болса,-деген ұсынысын айтты. Майдан Батыров пен Бейбіт Қасымов «мал ұрлайтын адамдардың сырттан келмейтінін айтып, ауылдастың адал асын аузынан жырып жүрген пысақайлар қолға түссе, жазаны еш жеңілдетпеу керек. Аттарын ашық айтып, газетке жариялап, тіпті жер аудару керек. Сонда ғана ұяты бар адам аяғын аңдып басар» деген ұсыныстарын ортаға салды.

Округтің тағы бір азаматы, шаруа қожалық иесі Еркін Жабасов мал тасымалының заңдылығы, мал дәрілерінің сапасы турасында сөз алды.

– Мал дайындаушының да, малды тасымалдаушының да патенті болу керек. Патенті бар адам салық төлейді. Үкімет қазынасына қаржы түседі. Ал, патентсіз мал тасымалымен айналысып жүргендерді ұры деп тануға болады. Ұры алыстан келмейді. Менің де малым жоғалып жатыр. Арнайы барып, тіркеткем жоқ. Бәрібір табылмайды. Сырға, таңбаның болғаны дұрыс. 2017 жылы Елқондыдан он жеті бас саяқ айдап әкелдім. Өзімнің малымнан басқа мал да бар екен. Таңба, белгісін айтып, қожайындары алып кетті. Екі бас саяқ иесіз қалды. Малшылардың болжамымен малды азаматтарға хабар жіберіп едік. Екі күннен соң «Біздікі» деп тиеп әкете барды.  Бір айдан соң Өтеген Әдешов келіп тұр. Жоқ іздеп. Мал белгілері бойынша иесіз қалған екеу соныкі. «Біздікі» деп малды алып кеткендерге барса, «Шымкенттік коммерсанттарға тиетіп жібердік» деп қарап тұр. Бұл іс те сол жабулы күйінде қалды. Тағы бір айтпағым, мал дәрілеріне тапсырыс уақтылы берілмейді. Дәрілердің мерзімі өтіп кеткен. Мал басын ақпараттық бірегей қорға  тіркейтін мамандардың жұмысын ширату керек. Ветеринария мамандарын аттестациядан өткізу керек. Кей мамандарымыз дәрінің атын білмейді. Мал ұрлығының, жалпы тәртіптсіздіктің алдын алуды учаскелік инспектор санын қараудан бастау керек. Үлкен округке бір ғана инспектор. Келімді-кетімді қонағы көп, үлкен ауылға бір инспектордың қадағалауы аздық етеді,-деген пікірін айтты.

Учаскелік инспектор Жеңіс Төлеуов мал ұрлығының алдын алу, заңсыз мал тасымалын болдырмау үшін полиция мен ветеринарияның екіжақты байланыс орнатып, ортақ шаралар қолға алу керектігін, мал тиелген көліктерге тексеру жүргізу үшін полиция қызметкерлерін де чип қарайтын сканермен қамтамасыз етсе деген ұсынысын айтты.

Өз тілшіміз