17.02.2020, 9:58
Қараулар: 281
НЕМІС ЖҰРТЫН ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРҒАН ГАЛИНА

НЕМІС ЖҰРТЫН ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРҒАН ГАЛИНА

Газетіміздің соңғы беті жаңа айдармен толыққанын көзіқарақты оқырмандарымызға қуанышпен жеткізгіміз келіп отыр. Бұл айдардың «Сегізінші қыр» деп аталуы тегін емес. Өн бойында сан қырлы талант бүгіп жатса да тұрмыстағы атқарған қызметі мүлдем бөлек жандарды көріп те, естіп те жүрміз ғой. Мамандығы әр басқа болса да, бес саусағынан бал тамған ісмер, не әншілік қабілеті басым, музыкалық аспаптарда ойнайтын виртуоз, теңбіл доптың шебері танылған азаматтар туралы сіз де білетін боларсыз. «Сегізінші қыр» айдары осындай сегіз қырлы тұлғалардың өнерін жалпақ жұртқа жариялауды мақсат етеді. Кәсібімен таныс, талантымен бейтаныс жерлестерімізді білсеңіз, хат жолдаңыз. Бөлісуге даярмыз.


Алғашқы кейіпкеріміз Галина Дүйсенованың кең диапазонды, бұлбұл үнді әнші екенін аға буын жақсы біледі. Саналы ғұмырын медицина саласымен етене байланыстырса да әншіліктен қол үзбей, әсем әуенімен талайды тамсандырған жан.
Әнші әжеміз Орда ауылының тумасы. Тұлымшағы желбіреген бала кезінен ән айта бастапты. Әйтсе де, анасы қызының өнер жолына түсуіне ықтиярлық таныта қоймапты.
– Анам өнер жолы қыз баласына ауырпалық әкеледі деген ойда болатын. Алайда, өзі де әнді тым тәуір шырқайтын. Жалпы айтқанда нағашы жұртым өнерден қаражаяу адамдар емес-тұғын. Нағашы атам да саусағынан күй төгілген шебер домбырашы еді. Бес жасымда әкемнен айырылдым, анам тұрмыстың тауқіметін бір өзі көтеріп, адам қатарына қосты. Перзенттік парызымнан аттап, өзге қалаға қоныс аударуға батылым бармады. Оған еш өкінбеймін де,- деп балалық дәуреніне ойша сапарлаған кейіпкерміз.
1968 жылы кейіпкеріміз Алматы қаласындағы эстрада студиясына оқуға шақырту алады. Десе де бұл мүмкіндіктен де бас тартуға тура келіпті.
1969 жылы медициналық училищені тәмамдаған Галинамыз аудандық ауруханада қызметке кіріседі. Кейін әр жылдары аудандық туберкулез диспансерінде, санипедимиологиялық мекемеде, мектеп, балабақшада жұмыс жасаған кездері болды. Әйтсе әншілікті кәсіби меңгеру бұйырмаған ақ халатты Галинаның тұла бойындағы буырқанған таланты оны жарқыраған сахна төріне бір емес, талай мәрте шығарған еді.
Галина әжеміз вокалдық білімін шыңдап, кәсіби ілім жинамаса да аудандық концерттерде жарқ етіп, тәжірибе жинады, шыңдалды. Уақыт өте келе облыстық, республикалық деңгейдегі жиын-шараларға жиі қатыса бастады. 1982 жылы Мәскеудегі ҚАЗССР-нің он күндігі декадасы аясында екі айлық гастрольдік сапарға аттанады. Бұл кезде апамыз тұрмыста, үш баланың анасы еді.
–Құдай қосқан қосағым менің шығармашылығыма кең қолдау көрсетті. Ауданның мәдени әлеуетіне үлкен үлес қосып жүрсің деп жылы сөздерімен демейтін. Бәлкім, бірнеше айлық ән сапарларына аттануым жан жарымның да арқасы деп ойлаймын. ҚазССР-нің мәдени күндері аясында екі ай үйімнен жырақта жүруіме тура келді. Бір ай Орал қаласында репетиция өткіздік. Шамғон Қажығалиевтің өзі арнайы келді. Ол кісіден көп нәрсені үйрендім, тәлім алдым десем өтірік емес. Кейін Алматы қаласында Құрманғазы оркестрінің ұжымымен дайындалдық. Уәделі күні Мәскеудің қақ төрінде қазақ елінің атынан ауқымды концертімізді ұсындық.
Оралдық өнерпаздармен қатар Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Ермек Серкебаев сыңды қазақ өнерінің майталмандарымен теңдей сахнаға көтерілген жерлесіміз де қазақтың әндерін әуелетіп, көптің жүрегін елжіретіп еді.
– Өмір жолыңда кездескен әр адамнан үйренеріміз көп. Мәселен есімі аңызға айналған Бибігүл Төлегенованың қарапайымдылығына тәнті болдым. Осыншама атағы жер жарса да байсалды қалпымен, көркем мінезімен сүйкімді жан еді. Сол сапарымызда Бибігүл апамен дүкен аралап, жиеніне ішік таңдасқанмын. Ішкі жан дүниесінің сұлулығы сыртқы мәдениетімен қандай үндес еді. Әр сапарларым осындай керемет естеліктерге толы, — дейді.

Араға үш жыл салып Галина апамыз Германияға барды. Бұл елдегі Батыс Қазақстан облысы көркемөнерпаздарының концерті де аншлагпен өтеді. Галина әжеміз «Ақ шағала» әнін орындағанда неміс халқы дуылдата қол соғып, ұзақ құрмет көрсеткен екен.
Айтпақшы, жерлесіміздің дауысы «Алтын қорда» сақталып тұр. 1987 жылы Алматы қаласына ат терлетіп, қазіргі «Ұлттық арнаның» телестудиясындағы бағдарламаға қатысады.
Галина Дүйсенова зейнеткерлік жасқа шықса да ән әлемінен алыстамады. 2008 жылы «Ахмет көктемі» халықаралық конкурсында бөкейлік ұлт-аспаптар оркестрімен бірге үшінші орынды қанжығаларына байлағаны және бар.
Медбике Һәм әнші. Иә, кейіпкеріміз шипалы қолымен талай науқасқа ем көрсетіп, қатарға тұруына сеп болса, ғажайып даусымен өнерді құдыретке балаған талайдың жанын керемет сезімге бөлегені анық.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ