15.02.2020, 15:57
Қараулар: 3337
ҰЯЛЫЛЫҚ ӘКЕЛЕР ФОРУМЫ

ҰЯЛЫЛЫҚ ӘКЕЛЕР ФОРУМЫ

Ш.Жексенбаев мектеп-бөбекжай кешенінде «Қамқор әке-бақытты жанұя» атты мектепшілік әкелер  форумы өтті.

Форумның бірінші бөлімінде қонақтар ер балалардың қолымен жасалған бұйымдар көрмесін, «Робототехника» үйірмесінің жұмысын, ғылыми- тәжірибелерді, оқушылардың «Тәтті тағамдар» жәрмеңкесін тамашалады. Екінші бөлімін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шынар Сабырова мен мектеп мұғалімі, «Парасатты отбасы» байқауының жүлдегері Жақсылық Базарбаев жүргізіп отырды.

Төрт топқа бөлінген әкелер алдымен «Әке деген кім?» бейнеролигін тамашалап, осы сұрақ төңірегінде өз ойларын ортаға салды.  Соңынан Жақсылық Базарбаев «EQ әкелер-заманауи бала тәрбиесінде жетістікке жету кілті»  тақырыбында коучинг өткізді. Бірінші  топ «EQ әкелер-заманауи баланы қалай тәрбиелеу керек?» деген сұрақ төңірегінде ой өрбітсе, екінші топ  қазіргі әкелер мен кеңес заманындағы әкелердің ұқсастығы мен айырмашылығы бойынша Венн диаграммасын құрса, үшінші топ фотосуреттерді талдап, төртінші топ бақытты жанұя макетін құрды. Шынар Қайроллақызы «Әке мен бала неге сырласпайды?» деген сауалмен форум жұмысын одан әрмен қыздырды. Оқушылардан анонимді түрде алынған  «Әкемнің ұнайтын жағы», «Әкемнің ұнамайтын жағы», «Болашақта әке болғанда қандай боламын?» деген сұрақтарға жазған ойларынан үзінділер оқылды.

Форум барысында  мектеп басшысы Мәншүк Мұхамжарова «Мектепке жол» акциясына белсене қатысып, үнемі аз қамтылған отбасы балаларына көмек қолын созып жүрген азаматтарды, бала тәрбиесіне жақсы ат салысып, мектеппен үнемі байланыс жасап жүрген әкелерді марапаттады.

Жиын басында мектептің әлеуметтік педагогы  Ақылай Салменова үйден оқып отырған, ерекше білім беруді қажет ететін жеткіншек Айбын Өтебайдың емделуіне көмектесулерін сұрап, ортаға қайырымдылық жәшігін қойған болатын. Қамқоршылық кеңес мүшелері жиын соңында қайырымдылықтан түскен ақшаны Айбынның әкесі Асылбек Өтебаевқа табыстады. Қайырымдылықтан 9-сынып оқушылары да қалыс қалмай, тәттілерді сатудан түскен ақшаларын Айбынға өз қолдарымен  апарып берді. Шара өте мазмұнды өтті.

Аманбек ӨТЕШОВ,

ата-аналар комитетінің төрағасы, қамқоршылық кеңес мүшесі

 

Ауыл жаңалығы

Басқа да мақалалар