15.02.2020, 10:49
Қараулар: 200
ШЕТЕЛДІКТІ ТІРКЕУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРДІ

ШЕТЕЛДІКТІ ТІРКЕУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРДІ

Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап елімізде көші-қон заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңы күшіне енді. Биылдан бастап барлық санаттағы шетелдіктер үшін 30 тәулікке дейін уақытша тіркелу күші жойылды.

Егер де елде уақытша болу 30 тәуліктен астам уақыт болатын болса, шетелдікке  уақытша  тұруға  арналған  рұқсатнама  ресімделеді, бұл жағдайда шетелдік азамат ешқайда жүгінбейді. Барлық жауапкершілік,   шетелдік азаматтардың келуі, болуы және  уақытша  тұруға  арналған рұқсатты алуы  оларды қабылдаушы адамдарға жүктеледі, яғни қабылдаушы тарап үш жұмыс күні ішінде көші-қон қызметіне шетелдіктің келуі туралы хабардар етуге тиіс. Рәсім  толығымен  автоматтандырылған, ол «Бүркіт»  бірыңғай  ақпараттық жүйесінің» визалық-көші-қон  порталы арқылы іске асырылады. Сонымен қатар, бұл қызмет-электрондық үкімет порталы арқылы да рәсімделеді. Екі жағдайда  да қабылдаушы тараптың  электрондық  цифрлық қолтаңбасы болуы тиіс. Күрделі ештеңе жоқ, адам жай ғана ЭЦҚ көмегімен шетелдік азаматтардың деректерін енгізеді. Тағы бір тәсілі: көші-қон полициясына жазбаша өтініш беру. Егер хабарлама үш жұмыс күні  ішінде  келіп түспесе, онда тәртіп бұзушыларға ескерту беріледі, айыппұл салынады.

Шетелдіктер  визамен  келген болса, олар есепке тұрудан босатылады, өйткені  визаның өзі  елде уақытша  болуға  рұқсат  болып табылады. Елімізге 73 ел азаматтарының  визасыз келу мүмкіндігі бар.

Егер шетелдік еліміздегі рұқсат етілген 30 күннен кейін оқуға, жұмысқа, емделуге қалуға ниетті болса, онда ол уақытша тұруға рұқсат ала алады. Мұндай рұқсатпен  елімізде ең көп дегенде бір жылға дейін  бола алады, уақытша тұруға арналған рұқсатты алу үшін оның жергілікті атқарушы органдармен берілген енбек келісім шарты, оқу не медициналық мекемелердің қолдаухаттары болуы тиіс.

Егерде шетелдіктің  ұзақ  мерзімді  еңбек  шарты болмаса, онда елде  болу мерзімі тиісінше шектеледі. Адам елімізде 90 күн бола алады, ол мерзім өткеннен кейін ол Қазақстаннан кетуі керек. Азаматтар Қазақстанда болу мерзімін бұзған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 517 «шетелдіктің немесе азаматтығы  жоқ  адамның  ҚР халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын  бұзуы» бабы бойынша жауапкершілікке  тартылатын болады. Тарқатып айтсақ, шетелдіктің ҚР-нан  3 тәулікке дейін шықпауы —  ескерту, 3-5 тәулікке дейін — айыппұл 10 АЕК мөлшерінде (26510 теңге); 5-10 тәулікке дейін — айыппұл 15 АЕК мөлшерінде (39855 теңге); 10 тәулік  және одан  жоғары — іс сотқа жіберілді. Сотпен  азаматтарға көзделген айыппұл 25 АЕК (66275 теңге), не әкімшілік қамау немесе елден шығару жаза түрлері қарастырылған. Егер қабылдаушы тарап шетелдік азаматтың  келуі  туралы  көші-қон  қызметіне  уақытында   хабарламаса, онда  ол  Қазақстан  Республикасының  Әкімшілік  құқық  бұзушылық туралы кодексінің 518-бабы «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдаған жеке немесе заңды тұлғалардың халықтың көші-қоны саласындағы Қазақстан Республикасының  заңнамасын бұзуы» бойынша жауапкершілікке тартылады.

Жеке тұлғалар  заң бұзушылық  туралы  ескертіледі, ал  заңды  тұлғаларға 10-нан 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынады (26510-дан 53020 теңгеге дейін).

Мақпал БЕКҚАЛИЕВА,

аудандық полиция бөлімінің көші-қон тобының аға инспекторы,

полиция майоры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар