11.02.2020, 9:21
Қараулар: 428
ЕСЕПТЕН КЕЙІНГІ ЕСЕП

ЕСЕПТЕН КЕЙІНГІ ЕСЕП

Соңғы жылдары барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беруі үрдіске айналды. Қызмет барысымен есеп беру науқанның бел ортасында жүреміз.

Биылда сол дәстүрмен ауданға қарасты алты округте өткен есептік кездесулерге қатысып қайттық. Есеп берген әкімдердің ішінде есеп беруден бірталай тәжірибе жинақтап қалған тісқаққаны да, бірінші мәрте есеп беріп, сыннан өткені де бар.

Есептік баяндамада ауылдық округ тірлігіне қатысты  сан мың аспекті қамтылды.  Мектептегі оқушы, оқытушы санынан бастап, педагогикалық ұжымның білік-білімі, шәкірттердің білім жетістігі,  мектепте өткен «Алтын күзден» бастап, мәдениет үйі өткізген көпшілік шараның бәрі-бәрі бірі қалмастан айтылды. Мұндай шаралардың өткені жөн. Бірақ, соның бәрін әкімнің тізіп айтқаны артықтау ма деп қалдым.

Әр жыл сайын есептік кездесулердегі халықтың талап-тілек, шағымдары әр басқа. Бұрын жеке бастың мұң-мұқтажын айтсақ, қазір тұтас ауылдың, қала берді ауданның жоғын түгендейтін болдық.

Бұл жолғы есептік кездесулердегі тұрғындар көтерген мәселелерді салмағына қарай сараптасақ, мәдениет үйі, мектептердің күрделі жөндеу қажет ететіні, интернаттардың төсек орын жабдықтары мен мектеп жиһаздарының тозығы жеткені, аң-құс, қасқыр мәселесі, газ учаскесі шеберлерінің жоқтығы мен пошта қызметінің шабандығы – барлық ауылда айтылған ортақ мәселе. Ауыл азаматтары көтерген мәселенің ірісі – Мұратсай су тоғаны мен полигон аумағын қысқартуды талап ету. Бұл, әрине, құптарлық. Десе де, кей адамдардың көзқарасы қынжылтады.

Ауылдық округтердің бірінде қорасына мал толып, қалтасын пұлға қалыңдатқан бір ағам ыңырана сөйлеп, ауыл әкімінің есебіне көңілі толмайтынын айтты.

– Мына айтып отырғанының бәрі: мал саны, мал азығы әкімге қандай соққан? Мал басы өссе, өсіріп отырған шаруа қожалықтары, мал азығы дайындалса, дайындап отырған сол малдың иелері, -дейді.

Иә, ауыл әкімінің қай қайсысы да ауылдағы мал санын, мал азығының қысқы қоры туралы есеп берді. Өткен қыстың қытымырлығы есімізден шыға қоймаған болар. Қозы көш жерге бара алмай, омбы қарға малтығып, қыс ұзап, малдың азығы түгелсіп, жылқы біткен зорығуға айналған шақта жауапкер кім болғанын неге ұмытамыз? Малдың қожайыны шаруа иелері болғанымен, малдың санын, азық қорын есепке алатын әкімдік екені белгілі. Беріліп отырған субсидия, демеуқаржының барлығы осы ауылдық жердегі әкімдік есептерін негізге ала отырып жоспарланатыны мектеп көрген бала білетін арифметика.

Бисен ауылдық округінде өткен есептік кездесу жарыссөзде сөз алғандардың көптігімен ерекшеленді. Мұндағы халық талап-тілектерін айту үшін аудан әкімінің жолын қарап, күтіп жүргендей көрінді. Олай деуімізге себеп бар. Ауыл тұрғындары қозғаған көп мәселенің үштен екі ауыл әкімі Кенжебек Құрмашевтың иығы көтеріп, пәрмені жүзеге асыра алатын шаруалар десе болады. Нашу Сариева, Талғат Айтасовтар су сапасының сын көтермейтінін айтты. Су құрамындағы темірдің көптігі соншалық, апталап шелекте тұрып қалған су ыдыстың түбін түсіріп тынады екен. «Өздеріміз үй жанынан бассейнге су құйдырып алып, ішіп отырмыз ғой. Балабақша мен интернат балаларына обал. Соларға бір бассейн қазып берілсе» деді.  Интернат жанындағы моншаның отыны, балалар алаңының күтімі, мал өлексесіне толған  бөгеттерді тазалау сияқты мәселелер ауыл азаматтарының күшімен, ауылдық кеңестің қолдауымен шешімін табатын шаруалар емес пе?

Ауыл азаматтарының күшімен демекші, Бөкей ордасы малды ауыл. Мың миллионның субсидиясын алып, шаруасын өрге сүйреген шаруа қожалық санымен көш бастаймыз. Бұл жақсы, әрине. Ал, осы малдысы, байы көп ауданның қайырымдылық шаралар көрсеткіші бойынша көш соңына шаң қауып қалатынымыз қалай?

Қаратөбелік Хасановтар мұражай салуды қолға алғанын оқып, көңіл сүйсінді. Қаратөбенің қазына кеуде қариясы, жидашысы болған Қайыржан Хасановтың артында көрегенді ұл қалғанын көрсетті. Көп алысқа бармай, көршілес Қазталов ауданын алайық. Мал саны жүзден аспаса да, жасаған жақсылығы мол Самат Хасановтай ағамыз бар. Ақпәтерде дәрігерлік амбулатория ашып, ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге еш пұл алмастан  аудан орталығындағы ғимаратын жұмыс жасауларына беріп қойған. Ағайынды Сралиевтер де Әженге дәрігерлік пункт салып берген. Ал Нұрлыбай Жолдыбаев тұрғын үйден басқа, Сарықұдыққа мәдениет үйін салып берген. Бәрі де осы азаматтардың өз қалтасындағы қаржыға салынған. Ал, бізде?…

Біздегі қайырымдылықтың басым бөлігін мектеп түлектерінен жиналған қаржыға салынған спорт алаңдары мен «Менің жүрегім пәлен-түген» деген композиция ғана. Ауыл, елді мекендерде қаңқасы бар, жөндетерге қаржысы жоқ дәрігерлік амбулатория, медициналық пунктер жеткілікті. Бәрі де бюджет қаржысын күтіп тұр. Су жаңа ғимарат салынбаса да, жөндеу жұмыстарын жүргізіп берсе, жарар еді-ау.

«Пәленше деген жеке кәсіпкер түгеншенің отбасына қайырымдылық жасамақшы. Газетке беріңдерші, өзгелерге үлгі болсын» деген хабар ала салсымен, фотоаппаратымызды асынып, бара саламыз. Бергені екі келі макарон, бес келі қант, екі литр күнбағыс майы мен он келілік астық. Ақшасын санасаң, жеті мыңға жетеғайбыл. Пұлын көрсетпей, жақсылығын асырып, жариялауға тырысамыз. «Қайырымдылықтың ерте-кеші, ірі-ұсағы болмайды ғой. Бермесе қайтеміз» деп өзімізді өзіміз жұбатып мәзбіз.

Сөзімнің басында «кей адамдардың көзқарасы өзгергені қынжылтады» дедім. Кімді кінәлап, кімнің сойылын соғып отыр екен деген ой туған шығар. Айтайын. Жарыссөз басталсымен, екпіндетіп, ашуларын жалаулатып, ортаға ұмтылғандар болды. Микрофонға жеткенше, айтар сөздері ауыздарынан ақтарылып, бас жоқ, көз жоқ, «уәдеңде тұрмадың», «түк те істемедіңіз» деп төпелетіп бастағандар да, «өйткен заңыңның аузын ұрайын» деген керітартпалар да болды. Керітартпалық мал басын ақпараттық бірегей базаға тіркету, жылқы малына чип тағуды талап етуден туындады. Сырға, чип тағудың қажеттілігін әлі күнге түсіне алмай жатырмыз. Түсінгіміз де келмейді. «Малымның есебін өзім білсем болды емес пе? Үкімет есебін біліп, тіркеп алып, алдарына жем салып бермекші ме?» деп өзіне сауал қойғыш.

Есептік кездесулердің бірінде Нәбиолла Имамеденовтің сөзі ұнады. «Әлемдегі үлкен апаттар ғаламдық мәселелер жекелеген адамдардың немқұрайлығынан, жауапсыздығынан туындаған. Ауылымыздың тазалығына, суымыздың ысырып болмауына әр қайсымыз жауапты болайықшы» деген.   Иә, әр қайсымыз өз ісімізге есеп беріп көрейікші. Сонда ауыл тазалығы, мал өлексесі, сынған баннер, қаңғыбас ит тағысын тағы кішігерім мәселелер мәселе мәртебесінен айырылары анық.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ