10.02.2020, 11:27
Қараулар: 123
БАҒЫМСЫЗ МАЛ ШЕКАРА БҰЗУДА

БАҒЫМСЫЗ МАЛ ШЕКАРА БҰЗУДА

Бөкей ордасында бағымсыз мал шекара бұзып тұр. Өткен жылы жиырмаға жуық шекара бұзу фактісі тіркелген. Оның 90%-ға жуығы бағымсыз малға қатысты орын алған.

Бұл туралы аудан әкімдігі жанындағы шекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды.

Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов төрағалық еткен, шекара қызметінің өкілдері мен бірқатар мекеме басшылары қатысқан шарада 2036 әскери бөлімінің командирі Тимур Тайсеңгіров шекара бұзу фактілері, себептері,  шекаралық белдеуге кіруге рұқсаттама алудағы өзгерістер туралы баяндама жасады.

– Ресей жағында төрт бірдей застава жұмыс жасайды. «Дельфин» жүйесі іске қосылып, бейнекамерамен қамтамасыз етілген. Қазақстан шекарасында екі ғана шекара заставасы бар. Сондықтан шекараның бұзылуына көбіне біздің жақ жауапты боп жатады. Шекара заңының сақталмауына тікелей малдың бағымсыз болуы  себеп болуда,-дейді бөлім командирі.

Кеңес отырысының күн тәртібінде «Орда» шекаралық бақылау бөлімшесін, «Шоңай» шекара заставасын газбен, сумен қамтамасыз ету сияқты мәселелер қаралды.

Шекара жайын тілге тиек еткен бөлім командирі шекарашылардың тапшылығын да атап айтты. Бұл тұрғыда сөз алған аудандық тұрғын үй-коммуналдық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин әскери қызметті таңдаған шекаралық аймақтан барған үміткерлерге басымдық қарастырылса деген ұсынысын айтса, аудандық  білім беру бөлімінің бас маманы Әсет Таңатов әскери академия, оқу орындарының үгіт-насихаты кемшіндігін айтты, М-С.Бабажанов атындағы мектеп директоры Нұркен Сабыров шекара қызметіне ынта білдіргендердің ұзаққа созылатын тексеріс, сынақтан  мезі боп, айнып қалатындарын айтып, өз пікірлерін білдірді.

Шараны түйіндеген кеңес төрағасы Біржан Меңешов шекаралық аймақтағы шаруа қожалықтарымен жұмысты ширату, мектеп түлектері мен әскери міндетін өтеп келген ауыл жастарымен насихат жұмыстарын пысықтауды тапсырып, тиісті мамандарға шекара бекеттерінің табиғи отынмен, жарықпен қамтамасыз етілуіне қатысты нақты тапсырмалар берді.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ,

БӨКЕЙ ОРДАСЫ АУДАНЫ