7.02.2020, 16:53
Қараулар: 109
ӨЛІМ АУЗЫНАН ҚАЛДЫ

ӨЛІМ АУЗЫНАН ҚАЛДЫ

Жуырда Т. Масин ауылдық округіне қарасты «Мырзагерей» қыстағында кәмелеттік жасқа толмаған мектеп оқушысы Арсен Өмірбай  ағасының мотоциклын рұқсатсыз тізгіндеймін деп өлім аузынан аман қалды.

Өрістегі жайылып жүрген қойларды қора-жайға айдап әкелуге бекінген Арсен айдың күні аманында апатқа ұшырап, ота үстелінен бір шықты. Қойды қайырамын деп көліктің тізгініне ие бола алмай, мотоциклдан құлап, басынан ауыр жарақат алды. Абырой болғанда қалта телефонымен бірден әкесіне хабарласып, мотоциклді игере алмағанын,басының ауруы күшейіп, мазасызданып тұрғанын айтып үлгереді. Әкесі сол қыстақтағы інісі,мотоциклдің иесіне кері байланысып, ұлының жағдайын жеткізеді.  Жергілікті медициналық қызметкерлер науқасты қала орталығына шұғыл жеткізді. Құдай оңдап, ота сәтті аяқталып,есін жиды. Бірден әкесі Арманға қоңырау шалып, ұлының хал-жағдайын сұрадық. «Ұлымның саулығы көңіл көншітерліктей деді дәрігерлер. Әзірге жанында анасы бар. Бұндай жағдайға ұшыраймыз деп ойламадық қой. Бұрын-соңды рұқсатсыз көлік айдап көрмеген. Қыстақта ағасына қолғабыс қылсын деп жібергенбіз. Балалықпен жасады» дейді әкесі.

Т.Масин ауылдық округтің инспекторы Біржан Еркеғалиевке хабарласқанымызда қазіргі таңда аудандық ішкі істер бөлімінде іс көтерілгенін, оқиға бойынша тиісті шаралар қолға алынғанын қаперге берді.

Апат айтып келмейді дейміз. Қай нәрсе де сақтық шаралары сақталмаса, оқыс оқиғаға тап болуымыз ықтимал. Ал, темір тұлпарды еш тәжірибесіз тізгіндеудің арты жақсылыққа ұрындырмайтыны рас. Өздеріңізге де мәлім, былтыр ғана көрші Жаңақала ауданында мектеп бітірулеріне санаулы күн қалған бір топ оқушылар көлікпен серуен құрамыз деп қайғылы жағдайға тап болып еді. Бір үйдің үміт еткен тұңғышы тас жолда ажал құшты.  Осы жылдың қаңтар айында шығысқазақстандық жасөспірімдер машинаға үрмелі баллонды тіркейміз деп қарсы беттегі көліктің астында қалғанын әлі ұмыта қоймаған шығарсыз?  Айта берсек, дәйегімен сан түрлі ақпарды келтіруге болады. Әттең, оқушы бола тұра ұлдарының  көлік жүргізгенін кей ата-аналар абырой көретіндей. Әйтпесе,  ел қатарлы тиісті автомектептен дәріс алып, жол ережесін меңгерген соң ғана көліктің кілтін сеніп тапсырамын деуші еді. Т. Масинде тіркелген оқыс жағдай екінің басынан өтуі әсте мүмкін. Біреудің қателігінен сабақ алу ­- саналының ісі.

Арайлым МАРАТҚЫЗЫ