8.02.2020, 12:24
Қараулар: 128
ЖАУ ТАМҰҒЫН КӨРГЕН ЖАУЫНГЕР

ЖАУ ТАМҰҒЫН КӨРГЕН ЖАУЫНГЕР

Ұлы Отан соғысының жаңғырығы қашықтаған сайын, оның отты күндерін бастарынан өткерген, тар жол, тайғақ кешкен аға ұрпақ өкілдерінің ерліктері ел есінде сақталуы тиіс. Солардың ішінде жау тұтқынында азап шеккендер мен сол тамұқтан оралғандардың өз еліндегі тауқыметті тағдырлары да жеткілікті ашылған жоқ.  Сондай жау тамұғын көрген сарбаздардың бірі –Мұхаммедғали Камаледдинұлы  Сайфутдинов.

1941 жылы соғыс басталғанда ұрысқа алғашқы кіріскендердің бірі-жерлесіміз марқұм Мұхаммедғали ата болатын.

Мұхаммедғали Сайфутдинов 1913 жылы Орда ауылында дүниеге келген. 1920 жылы сүзек (тиф) ауыруынан көз жұмған әкелерінің орнын жоқтатпай, анасы үш ер баланы ешкімнен кем қылмай өсірген екен.

Мұхаммедғали де жұмысқа ерте араласып, 4 жылдық медресені бітіре салысымен бірнеше жыл көлік жүргізуші қызметімен нәпақасын тауып жүрген.

1941 жылы сәуір айында Қызыл Армия қатарына алынып,  61-атқыштар дивизиясында көлік жүргізуші қызметінде Белоруссияның Могилев облысының қалаларында болып, әскери міндетін атқарған.

Сол жылы сұрапыл соғыс басталды. Бейқам отырған елге жаудың кенет шабуылы олардың тез арада кең байтақ КСРО еліне ентелей кіруіне мүмкіндік берді. Неміс моторизацияланған корпустары кеңестік Батыс майданының негізгі күштерін талқандап, шілде айында Минск қаласын алғаннан кейін, сол жерден Мәскеу бағытында жаңа шабуыл жасауды бастау үшін Батыс Двина және Днепр өзендерінің шебіне жылжи бастаған болатын. Алайда, жау толқынына генерал-майор Ф.А.Бакуниннің басшылығымен Оршадан келген 61-атқыштар дивизиясы  тосқауыл қойды. Осы шайқаста Могилев қорғаушыларының қайсарлығы мен батырлығы ерекше күшпен көзге түсті. Олар  кем дегенде бес есе басымдыққа ие неміс әскеріне  өз позицияларын бермей, көліктерін өртеп, шеңбер жасап (круговая оборона) қорғанды. Шайқас кезінде қатардағы жауынгер Мұхаммедғалидің қолына мина снарядының жарқыншағы тиіп, ауыр жарақат алып, Могилев госпиталіне түседі. 1941 жылы 26 шілдеде жау әскері қаланы жаулап, госпитальдегі қара жұмысқа жарайды деген науқастарды тұтқынға алып, түрлі лагерлерге жіберіп, қалғандарының көздерін жойған.

– Мен 1941 жылы шілде айында тұтқынға түсіп, Чехословакиядағы бір концлагерде төрт жыл қамауда болдым.  «Судьба человека» (1959 ж.) кино туындысын көргендегі бір таңқалғаным – бұл фильмдегі тарихи оқиғалар дәлме-дәл суреттелген екен. Бір-ақ күнде соғыс басталып, заман асты-үстіне түсті, күні кеше ғана жарқырап, құлпырып тұрған тыныш ел қара жамылды. Қойға шапқан аш қасқырдай анталап немістер келгенде, біз әлі мылтық атуға үйрене де алмай жатқанбыз. Тұтқынға түскесін, лагерьдегі өлім мен тірлік арасындағы өміріміз өң мен түстей халде өтіп жатты. Құр сүлде, әруей елесіміз ғана жүр. Ауру-сырқау, коммунист командирлерді атып тастай берді, газ пешіне тірідей өртеді, тұтқындар лек-легімен ажал апанына кетіп жатты. Қыстың қақаған үскірік аязында далада қатып қалғандар қаншама! Немістер соған да қарамастан, бізге тас тасытып, жер қаздырып, одан әрі қинайтын,- деп көзіне жас алғаны әлі есімде — дейді ұлы Ильдус аға сұхбат беру барысында.

Мұхаммедғали ата 1945 жылы ақпан айында бір орыс жігітпен бірге лагерьден қашып шығып, қайтып кеңес әскерінің «трофейлік батальоніне» (трофейлік батальон — қарсы тараптың өзі алып отырған аумағын қалдырғаннан кейін қалған әскери, сондай-ақ әскери емес маңызы бар, техника, қару-жарақ, жарақтар, оқ-дәрілер, азық-түлік, дәрі-дәрмектер, бағалы заттар, материалдық құндылықтар, өнер заттары және т.б. сияқты әр түрлі олжаларын, мыс: жинауды жүзеге асыратын әскери бөлімше) қосылып, осы топ құрамында Берлинге дейін барған. 1945 жылы мамырда көптен күткен жеңісті  Германия астанасында қарсы алған жауынгер, соғыс біткесін              1946 жылы туған  жеріне оралған.

Ардагер жерлесіміз бейбіт заманда ауылдық пошта мекемесінде байланыс орнатушы, 1952 жылы аудан ажырағаннан кейінгі жылдарда бактериологиялық стансада, кейін ауылдық амбулаторияда көлік жүргізуші қызметтерін атқарып, еңбегімен ел құрметіне бөленген.

Ардагер Отан алдындағы қажырлы еңбегі үшін түрлі жылдарда «Ұлы отан соғысы II дәрежелі» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», Ұлы Жеңістің мерейтойлық медальдарымен, қорғаныс министрі Гречконың (1967-1976ж) алғысхаты және т.б наградалармен марапатталған.

Мұхаммедғали атамыз 1947 жылы Ғалия Сабыржанқызымен отау құрып,  бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген.

1989 жылы дүниеден өткен атаның артында елге жайылған ұрпағы қалды. Ұлы Ильдус аға, қызы Фая апа да қазіргі таңда ұлдарын ұяға қондырып,  немере қызықтарына бөленіп  отырған бақытты ата-әже.

Иә, кешегі сұм соғыстың елімізге тигізген ылаңы аз болған жоқ. Демек, оны жеңіспен аяқтап, бүкіл адамзат қауымы үшін бейбітшілікті баянды еткен, бейбіт заманда да еңбегімен елге танылған ардагерлеріміздің ерлігі қандай құрметке болса да лайық екендігі анық.

Жангелді ТӨЛЕШЕВ,

облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени,

 архитектуралық-этнографиялық

музей қорығының қызметкері