23.01.2020, 16:26
Қараулар: 357
Аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы, полиция майоры Жангелді Салауатов:   «НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҢ ӨСУІНЕ СЕБЕП»  

Аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы, полиция майоры Жангелді Салауатов:   «НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҢ ӨСУІНЕ СЕБЕП»  

Ауданымыз мал ұрлығы бойынша облыс көлемінде көш бастап тұрса, пәтер ұрлығы, қоғамдық орындардағы ұсақ бұзақылық саны өткен жылғы есеппен салыстырғанда едәуір өскені байқалады. Бұл туралы аудан әкімдігінде өткен жылдық жұмысты қорытындылау жиындарында айтылды.

«Аудандық ішкі істер бөлімінің жұмыс қарқыны қалай, жылға жуық уақыт бойы басшының жоқтығы, полицейлер қатарынын толық еместігі қылмыстың ашылуына кері әсерін тигізіп, өзгенің малын ұрлап, ұпайын түгендеп жүргендердің алшаң басуына жағдай жасап отырған жоқ па?» деген сауалдардың туындары заңдылық.

  Осы орайда аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Жангелді Салауатовпен аз-кем сұқбаттасып, қылмыстық заңнамадағы жаңашылдықтар туралы сұраған едік.

 

 

 

  — Жангелді Ахметкерейұлы, 2019 жылы атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндап, есеп берген жиында сіз аудан көлемінде қылмыстық құқық бұзушылық фактілерінің едәуір артқанын тілге тиек еттіңіз. Сондай-ақ, орын алған  қылмыстардың басым бөлігі толық ашылмағанын білдік. Жалпы, қылмыстық фактілердің түйіні тарқатылмауына не себеп және бұл қандай қылмыстар?

-Аудан басшысы Нұрлан Рахымжановтың  қатысуымен өткен   жиында аудандық ішкі істер бөлімінің жыл бойына атқарған жұмыстарды баяндаған болатынмын. Былтырғы жылы 124 қылмыстық оқиға орын алды, яғни,  2018 жылмен салыстырғанда қылмыстық фактілер он бес пайызға өскенін байқатты. Негізінен аудан көлемінде орын алған қылмыстардың басым бөлігі мал ұрлығына байланысты және толық ашылмай, істің жабылуына түрткі болған да осы фактілер. Мал ұрлығының ізі суып, уақытылы ашылмауына  тұрғындардың немқұрайлығы, ұрлық болғаны жөнінде өте кеш хабарлауы себеп. Өрістен малы келмесе әуелі бірнеше күн өздері іздейді. Шаршып-шалдығып, күдерлерін үзген соң біздің бөлімшеге ат басын бұрады. Малының қашан қолды болғанын да білмей қалатын ағайындар бар. Мысалы, жылқы малы еркін жайылып, тебіндеп, далада жүретін мал. Табын-табын жылқы далада жүреді. Екі аптада бір қарап тұрады. Осылайша, сырттай бақылап жүргенде жылқысының қайсысы, қашан жоғалғанын білмей қалады. Түлігін қараусыз қалдыратын ауылдастарымыз да жоқ емес. Даланы өз алдына, көше бойын шарлап жүретін ірі қараны қолды қылу ұрыларға түк емес. Осылайша, оңай олжа іздеп жүрген біреулерге пайданы өз қолымызбен қолжетімді қылып отырмыз.Бірден ұрланды, жоғалды деп дабыл қағып, бізге келеді. Біз арыз құшақтап келген кез келген азаматты қабылдап, арызын тіркеп алып қалуға міндеттіміз. Жоғалған малдың ізіне түсе алмай, белгілерін анықтай алмасақ та іс ашылады. Бағытқа алар бағдар, дәйек жоқ іс бірден ашыла салмайды. Осылайша, ашылмаған істің қатарын толтырып, «мойнымызда» тұрады. Тұрғындардың осындай салғырттығы ұрлықтың жай-жапсарын анықтауға кедергі келтіретіні рас. Сондықтан ауылдастарымыз сақтық шараларына бей-жай қарамаса дейміз. Ауылдағы басты проблеманың бірі – мал бақташысының болмауы. «Пәлен жылдан қолға үйретілген сиырымыз, өзі келіп, өзі кетеді» деп бой бермейді. Жол бойын тоорып жүреді, не теміржол бойлап, пойызға соқтығысып жатады. Мал ұстап отырған әр ауылдастың жауапкершілігінің зор болғаны маңызды. Мұндай жауапкершілік көп кілтипанның алдын алады.

  -Мал ұрлығымен көш бастауымызға тек малдың бағымсыз болуы ғана себеп пе?

— Ең бірінші себеп – малдың бағымсыз болуы, әрине. Екінші себеп, мәмілеге келу ұрыларға сабақ болмай тұр. Түсіндіріп айтсам, пәлен ауылдан «малым қолды болды» деп арыз түседі. Айлап, тіпті жылдап, ізге түсіпі, ұрыны анықтаймыз. Іс ашылып, кінәлі анықталған кезде ұры мен жәбірленуші тіл табысып үлгереді. Қалай дейсіз ғой. Ұры сиыры жоғалғанға бір бас сиырына бұзау қосып берсе де, шығын орнын толтырып, жәбірленушінің кешірімін алады. Осылайша, тараптардың мәмілеге келуімен іс сотқа жетпей қысқартылады. Айлап ізге түскен тергеушінің еңбегі сарп болып, ұры жазасыз қалады. Ал ол ұры шығын орнын қалай толтырды? Өз малы жоқ болса, көрші ауылдағы дәл сіз сияқты тағы біреудің малын ұрлап сізге берген болар? Оның қылмысы жалғасып жатқан болар? Осыны ойласақ, жауаптыны жазасыз қалдырмай, мал ұрылығының азаюына себепші болар едік. Қаңтарда заңнамаға енгізілген өзгерістер бойынша мал ұрлығы бөлек қарастырылды. Мал ұрлығына  қатысты жазаны күшейту, оған жеке бап тағайындау аталмыш мәселені шешудің  оңтайлы тетігі деп білемін.  Енді аталған өзгерістерге тоқталайын. Мәселен, мал ұрлығы  бірнеше адамнан құралған арнайы топпен  іске асса — ауыр қылмысқа жатқызылады және 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұрынғыдай жәбірленушінің шығынын өтеп, татуластыру институты арқылы жазадан құтылып кете алмайды. Мал ұрлығы жәбірленушінің жеке территориясынан (қорасынан, сарайынан) жасалса және бұл қылмыс бірнеше рет қайталанса қылмыскер 7 жылдан 10 жылға дейін татуласу мүмкіндігісіз түрмеге айдалады. Ұйымдасқан барымташылар 5 миллион теңгеден аса мөлшерде ұрлық жасаса 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондықтан, заңдағы елеулі өзгерістер аталмыш фактілерді түбірімен жоюға ықпалын тигізеді деп сенемін.

-Ауданымызда мал ұрлығымен қоса пәтер ұрлығы да белең алғанын естідік. Аталмыш факті бойынша қылмыскерлер жауапқа тартылды ма?

Биылғы жылдан бастап ауыр қылмыстың санатына енгізілген қылмыс түрі көбейді. Жеке территорияға  қасақана еніп, қоражай, пәтер, көліктің ішіне, т.б.  жасалған ұрлық ауыр қылмыс санатына кіреді. Өйткені, бұлар қоғамдық тыныштыққа  қауіп төндіргендер болып табылады. Саналы түрде қайтадан ұрлыққа барса,  зардап шегуші тарапынан кешірім алып, материалдық және моральдық шығынды өтеумен жазадан оп-оңай жалтарып кете алмайды. Былтыр 5 пәтер тонау дерегі тіркелді. Соның ішінде  әрқайсысы 10-15 мыңның шамасында бағаланған аспалы шам,  манты пісіру жиынтығы,  ұялы телефон, 50 мыңның есігі, перфоратор, дрель секілді жалпы шығыны 112 мыңды құраған құрылыс заттары қолды болды. Мамандарымыз  ізін суытпай ұрлықты әшкерледі. Зардап шегушімен қылмыскерлер  медиаторлар арқылы ымыраға келіп, қолды болған заттар иелеріне кері қайтарылды.

-Жасөспірімдердің араласуымен қандай қылмыстар анықталды?

Былтыр бопсалау фактісі бойында аудандық Бөкей ордасы колледжінің студенті үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын. Бүгінгі таңда  тәртіп бұзған жасөспірім жігіт  үш жылға пробациялық есепке алынды. Сондай-ақ, 4 рет ұялы телефон ұрланғаны жөнінде арыз түсті. Соның біреуі Бисен ауылында тойхананың ішінде орын алған. Алайда, ұрлықшының нақты жас мөлшерін анықтай алмадық. Телефон ұрлықтары көптіктің арасында жиі жасалғасын  күдікті тұлғаларды анықтау оңай жұмыс деп айта алмаймын.

-Тұрмыстық зорлық-зомбылық бүгінгі таңдағы маңызды әлеуметтік проблема екені даусыз. Жанұяның берекетін қашыратын үй бұзақылары ендігіде қандай жазаға тартылмақ? 

— Отбасылық жанжал да біздің қызметтің ажырамас бөлігі. Кейіпкерлеріміз белгілі бір адамдар. Күн демей, түн демей, қоңырау түскен бойда сол үйге барып, әйеліне қол көтеріп, отбасы мүшелеріне дөң-айбат көрсеткен «батырымызды» сабасына түсіріп, тиісті шараларды қолға аламыз. Екінші күнге әрекет жәбір көрушінің өзінен болуы керек. Яғни, сотқа арыз жазуы қажет. Терезесін шағып, үй жиһаздарын қиратып, балаларын үйден қуып, дүрбелең жасап, өзін көк ала қойдай ғып сабап тастаса да, шешім қабылдар кезде азаматшамыз кешірім беріп, жолдасымен жарасып, бір дастархан басында отырады. Араға екі-үш күн салып, отбасылық драма қайталанады. Кешірім беру дұрыс емес дей алмаймын. Отбасын толық сақтағысы келетін шығар, жұбайым күндердің күнінде қолын ала жүгіруін қояр деп үміттенетін шығар. Бірақ отбасылық драма тек екеуімен шектелмейтінін, екеуінен басқа үшінші жақтың барын, балаларды ұмытып кетеміз. Бала жанының жараланып жатқанын ескермейміз.

Енді тұрмыстық зорлық-зомбылық барысында ері әйелін ұрып соқса алдымен ескерту беріледі. Күйеуі тарапынан ұрып-соғу әрекеті екінші рет қайталанса бірден 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Бұған дейін отбасында күш көрсетіп, әлімжітік жасағандарға айыппұл салынатын. Алайда төленетін қаражат отбасының ортақ бюджетінен шығарылатындықтан  қамаққа алу туралы өзгеріс күшіне енді. Былтыр 68 адам қорғау нұсқамасына алынып, бір ай көлемінде бақылауда болды. Осы мерзім ішінде қорғау нұсқамасының  талаптарын бұзған бірнеше тұлғаның ісі әкімшілік сотқа жіберілді.

-Жол ережесін бұзу туралы заңға енгізілген өзгерістерге де тоқталсақ. Жаңа заң талаптарына сәйкес жүгенсіз жүргізушілер ендігіде қатаң жазаға кесілетін болды. ҚР Ішкі істер министрлігінің  мәліметіне сүйенсек, былтыр еліміз бойынша  жоқ сақшылары 26 мыңнан астам мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізушіні ұстаған. Масаң жүргізушілердің кінәсінен 495 жол апаты орын алып, 98 адам тас жолда ажал құшыпты.

-Жол ережесін өрескел бұзған тұлғаларды жазалаудың жаңа бағыттары нәтижелі болады деген сенімдемін. Мас күйінде адамның денсаулығына орташа және ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол апаты 3 жылға дейін жүргізуші құқығынан айырумен қоса  10 жылға бас бостандығынан айыруды көздейді. Мас күйінде көлікке отырып, жол бойында ешқандай көлік апатын тудырмаса  15 тәулікке қамалып, 7 жылға жүргізушілік құқығынан айырылады. Егер адам өліміне әкеп соққан жол апаты орын алса жүргізуші 10 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылады, 7 жылға түрмеге қамалады. Егер апатта 2 және одан да көп адам қаза болса 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Көлік жүргізу құқығынан өмірлікке қоштасады. Заң қатаңдатылылды, көлік иелері де естерін жиып, өзінің де, өзгенің де қауіпсіздігіне салғырт қарамаулары тиіс.12 қаңтар күні  қостанайлық тұрғын жаңа заң негізінде мас күйінде көлік айдағаны үшін 7 жылға көлік жүргізуге тыйым салынды, 15 тәулікке қамаққа отырды. Қамақты айыппұлға ауыстыру немесе басқалай жазаны жұмсарту деген сынды альтернативалар қаралмайды. 2018 жылы  аудан бойынша мас күйінде көлік жүргізген 28 адамды ұстадық.Соның ішінде жүргізуші куәлігінен белгілі мерзімге айырылса да ішімдік ұрттаған күйінде көлікті  басқарған 2 тұрғын жазаға қайта тартылды. Қылмыстық  кодекстің 346-бабымен іс қозғалып, 50 айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар жүргізуші куәлігінен айырылған, алайда, сау күйінде көлік тізгіндеген 7 адамға әкімшілік жаза тағайындалды. Жүргізуші куәлігі мүлдем жоқ 9 тұрғынның көлік айдағанын анықтап, қатаң бақылауға алдық.

-Өткен жылдың ішінде аудандық полиция бөлімінің    басшылығы бірнеше рет ауысып үлгерді. Бұндай тұрақсыздық  қызметтеріңізге кері әсер етпеді ме? 

Басшылықтың жиі ауысуы жұмысымызға кері  ықпалын тигізді деп айта алмаймын. Өйткені, босаңсуға құқымыз жоқ Біз әскери саланың өкіліміз. Қатаң ереже, бұлжымас тәртіпке бағыну – парызымыз. Алдағы уақытта бұл мәселе де оңтайлы шешімін тауып қалар.

-Уақыт бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңізге рақмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тіледік.

Сұқбаттасқан Арайлым МАРАТҚЫЗЫ