23.01.2020, 16:19
Қараулар: 317
ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУ: БАҒА БЕРІЛІП, ҰСЫНЫСТАР ТЫҢДАЛДЫ

ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУ: БАҒА БЕРІЛІП, ҰСЫНЫСТАР ТЫҢДАЛДЫ

Бөкей ордасыауданында ауылдық округ әкімдерінің тұрғындармен есептік кездесулері қорытындылануда. Дәстүрге айналған бұл есеп беру жиыны шалғайдағы Ұялы ауылынан бастау алды.

Бөкей ордасы ауданы басшысы Нұрлан Рахымжанов есептік кездесудің мән-маңызына тоқталып, кез келген түйткілді мәселенің түйіні осындай басқосуларда тарқатылып, күрделі шаруаның күрмеуі шешілетінін айтып, ауыл тұрғындарының белсенді болуға, сергек қарап, ауыл мәселелерін ортаға салуға шақырды.

Ауылдық округ әкімі Бақытжан Оразғұлов, учаскелік инспектор Жеңіс Әмірұлы өткен жылы атқарған істері бойынша ауыл тұрғындары алдында есеп берді.

1194 тұрғыны бар округте 70 жұмыссыз тіркеліп, 455-і өзін өзі қамтамасыз етіп отыр екен. Тек өткен жылдың өзінде бір тойхана, бір фотосалон, бір дүкен ашылып, үш шаруа қожалығы 74 млн. теңге несие алып, жеке кәсіптерін дөңгелетіп отыр екен. Бұлардан басқа алты адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен үш миллионнан астам теңгенің, бес адам 14 миллион жарым теңгенің несиесін алып, өз кәсіптері мен мал шаруашылығын дамытуға жұмыстануда. Алпыс төрт адамға атаулы әлеуметтік көмек берілген, шартты түрі тағайындалған отбасылар малды болып, аяққа тұрған.

Бақытжан Оразғұлов әлеуметтік мекемелердің қысқы жылыту мерзіміне дайындығы, есепті мерзім ішінде жиналған салықтық түсімдерді таратып айтып өтті. Есепті кезеңде екі миллионнан астам салықтық түсімдер түскен екен. Бұл қаржы көшелерді жарықтандыруға, көгалдандыруға, қоқыс контейнерлерін орнатуға, жол белгілерін орнатып, қаңғыбас иттерді атуға жұмсалған екен.

Бұдан кейін аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов сөз алып, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен даму жоспарын ортаға салды.

Жарыссөзде сөз алған ауыл тұрғындары ауыл әкімінің жұмысына баға берумен қатар, бірқатар мәселені де көтерді.

Ш.Жексенбаев атындағы орта мектептің директоры Мәншүк Мұхамжарова көгілдір газбен жылытылып, суы, жылдамдығы жоғары интернеті де қосылып, бар жағдайы жасалып тұрған мектептің нәтижесіз жұмыс жасамауы мүмкін емес дей келіп, балабақша жиһаздары мен төсенішін, мектептегі қыз балалар мен ұл балаларға арналған технология кабинеттерін заманауи құрал-жабдықтармен жасақталса деген тілегін де білдірді.

Орайы келгенде айта кету керек, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектеп білім көрсеткіші бойынша аудан мектептері арасында көш бастап тұрған білім ордаларының бірі. Өткен жылы мектеп түлектерінің бәрі бірдей грант иегері атанса, мектеп директоры Мәншүк Жүсіпқалиқызы мемлекет басшысының қолынан марапат алған ұлағатты ұстаздардың бірі.

Ал ауылдағы мәдениет үйінің директоры Сайлаубек Мұхтаров аудан әкімінің де, ауылдық округ әкімінің де жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, мәдениет үйіне домбыра, баян, микрофон сияқты саз аспаптары мен арнайы құрылғылар, компьютер қажеттігін жеткізді.

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов ауыл азаматтарының талап-тілегіне жауап берді. Мектеп-балабақша қажетті құрал-жабдық, жиһаздарды нақтылап тапсырыс беруді міндеттеп, Ұялының мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалу үстінде екенін айтты.

Зейнеткер Оразай Сәрсенғалиев:

-«Қазпошта» қызметкері отыратын орын ауылдың жас-кәрісі бірдей баратын жер. Ал, сол жердің қызмет орны деген аты ғана. Салқын, аңғал-саңғал. Айына бір барып, ақшамызды алып кететін бізге емес, пошташыға обал ғой. Соның бір ретін шығарсаңыздар. Электр тогының көрсеткішін сыртқа орнату керек екен. «Сымын ал, қорабын ал» деді. Оны сатып алдық, енді келіп, «қызметімізге 4 000 теңге төлейсің» дейді. Осын бәрінің бірдей қалтасы көтере ме? «Газ келді» деп қуандық. Рақмет. Енді сол газдан иіс шығып тұр. Осы іске жауапты деген мамандарға хабарлассақ, бір-біріне сілтейді. Біреуі «рұқсатым» жоқ дейді. Слесарь жоқ деп, газ жарылып, өлеміз бе?-деп көптің көкейінде жүрген бірқатар сауалын жолдады.

Бұған да аудан басшысы толыққанды жауап берді. «Қазпоштаға» дербес ғимарат беру үшін, тұтынушы саны 2000 адамнан кем болмауы керек. Апатты жағдайда қызмет көрсетіп келе жатқан пошташымызға енді ауыл әкімдігінен орын беріліп отыр деп түсіндіріп айтты.

Ауыл пошташысы Тоғжан Жүсіпқалиева 0,5 жүктемемен жұмыс жасап жүргенін айтты. Тоғжанымыз 0,5 жүктемемен жүрсе де, зейнетақы, жәрдемақы берілетін күндері уақытпен санаспай, таңнан кешке дейін жұмыс жасай береді екен.

Есенгелді Жолдығалиев газ тарту жұмысы қаншаға шығатынын сұраса, аудандық мәслихат депутаты Серік Садықов жылдамдығы жоғары интернет болмаған жағдайда онлайн кассаны қалай іске қосамыз деп сұрады. Депутат жолдаған мәселесінің бірі – ауылдағы фельдшерлік-амбулаториялық пункттің жөнделу жайы болды.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин интернет жылдамдығын арттыру үшін бар болғаны «Қазақтелеқомға» барып, жылдамдықты арттыру туралы арыз жазу керектігін, амбулаториялық пунктты күрделі жөндеуден өткізу туралы мәселенің  облыстық денсаулық сақтау басқармасының күн тәртібіне қойылғанын айтты.

Түстен кейін дәл осындай есептік кездесу Саралжын ауылдық округінде жалғасты.

Әдеттегідей аудан әкімі есептік кездесудің халық пен билік арасындағы тиімді диалог екенін айтып, кез келген мәселені тыңдауға дайын екендіктерін жеткізді.

Саралжын ауылдық округінің әкімі Ерлан Ермекқалиевтің баяндауынша, бүгінгі есеп бойынша  ауылдық округте 281 отбасында 1026 адам есепте тұрады.  Оның 371-і мектеп жасындағы балалар, 111-і зейнет жасындағылар екен.

Ауылдың негізгі кәсіп көзі мал шаруашылығы екені белгілі. Округ бойынша 23 шаруа қожалығы тіркелген. Мал басы өткен жылға қарағанда едәуір кеміген. Таратып айтсақ, өткен жылдың жыл басындағы  10505 бас қой-ешкі, соның ішінде аналық саулық қой – 5866 бас болса, 2020 жылдың 1 қаңтарына қой — ешкі — 7698 бас болып, 2807 басқа, соның ішінде саулық мал – 466 басқа кеміп отыр. Өткен жылдың басында түйе –  2 бас болса, 1 басқа кеміп, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарында 1 бас түйеге жетті.

2019 жылы асылдандыру бағытында ауылдық округтегі 14 шаруа қожалығы бұқа сатып алса, 1885 аналық ірі қара малына және «Нариман» 1100 бас қойға, «Әдемі» шаруа қожалығы 1000 бас қой малына Үкіметтен берілетін субцидия алды.

Өткен жылы «Медет», «Шерхан», «Ата мұра» шаруа қожалықтары лизингке жаңадан «МТЗ-80» трактор, шөп буатын руллон агрегатын сатып алды.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында үш адам тегін оқып, даярлаудан өтіп, тұрақты жұмыспен қамтылды. Арғынбек Қангереев «Нарын несиеден» несие алып, халықтан мүйізді ірі қара малдарын сатып алып, үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Адамдарды бюджеттік мекемелерге, шаруа қожалықтарына жұмысқа алу, олардың отбасы мүшелерін ақылы қоғамдық жұмыспен қамту арқылы еңбекке тарту қолға алынып келеді. Мәселен,  өткен жылы, ауылдағы бюджеттік мекемелерге – 15 адам,  шаруа қожалықтарына 4 адам жұмысқа орналасса, алты тұрмысы төмен жанұя мүшелері маусымдық, 36 адам қоғамдық ақылы жұмысқа қосылды.

Ауылда сауда жасау, тойхана, дөңгелек жамау, шаштараз, киім тігу кәсіптері бойынша жеті адам айналысады. Олар бес адамды қосымша жұмысқа алып отыр. Ауылдық округ бойынша «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 11 адам кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеру мақсатында білім алса, соның 5-еуіне өз кәсібін ашу үшін қаржылай қаражат берілді. Күні бүгін Саралжын ауылдық округінде 78 адам жұмыс іздеуші ретінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде тіркеуде тұр.

Саралжындық  31 отбасы немесе 158 адамға атаулы әлеуметтік көмек тиесілі болды. Осы демеу қаржының арқасында 25 азамат бес бас мүйізді ірі қара,  78 бас қой-тоқты, екі бас бие малдарын және осы малдарға қысқа қажетті мал азығын сатып алып, бүгінгі күні төрт түлік малдарын өсіріп отыр.

Ауыл әкімінің баяндамасы бойынша Саралжынның әл-ауқаты осындай.

Әкім Ерлан Ермекқалиевтің баяндамасы тек мұнымен шектелмеді. Мектеп тынысы, жетістігі дейсіз бе, мұғалімдердің санат-білігі, мектепте өткен түрлі шараларды түгел қамтыпты. Бұған мәдениет үйінде өткізілген мәдени-көпшілік шараларды қосыңыз. Кең масштабта тойланатын айтулы күн, атаулы даталардың айтылуы дұрыс болар. Бірақ, «Кеш жарық», «Алтын күз» шаралары өтті деген хабарламаны әкім есебі деуге келмесі анық.

Ауылдық округтің полиция инспекторы Қуандық Сұлтанияров өз жұмысы бойынша есеп берді.

Ауыл әкімінің жұмысына баға беріп, сөз алғандардың бірі мектеп директоры Зинаида Сұлтаниярова балабақшаға жөндеу керектігін, Рауан Қуанышев мәдениет үйіне жөндеу жүргізіліп, интернет жүргізілсе деп, Ербол Хамитов дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізіп, реті шықса жаңа ғимарат салынса деген мәселе көтерді.

Ал, Есбол Хамитов әкім жұмысына мүлдем көңілі толмайтынын айтты. Оның айтуынша, әкім көгілдір отын мен су кіргізу жұмыстарына қатысты туындаған шиеленіскен жағдайды шешуге еш қауқарсыз болған. Жеке шаруа Есбол Хамитовтың тек көңіл толмаушылығын айтып қана қоймады. Киіктерге қатысты мәселе көтерді.

-Киіктер өріп жүр. Мал өрісін жаулап алған. Қазір не мал бағарымызды не киік қуарымызды білмей жүрміз. Қуамыз де өлтіріп алсақ, киік үшін соттан бір шығуымыз мүмкін. Осы мәселені қарастырсаңыз, -деді.

-Киіктер өліп те жатады. Мүйізінің қып-қызыл пайда екенін белгілі. Киіктің өлексесінен мүйіз кесіп алсаңыз да қатаң жазаға тартыласыз,-  деп сөз алған аудан соты Марат Шыңғалиев қаңтарда күшіне енген заңдағы өзгерістерден түсінік берді.

Аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов айтылған барлық талап-тілектердің хатталып, тиісті деңгейде қарастырылатынын айтты.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

БӨКЕЙ ОРДАСЫ АУДАНЫ