23.01.2020, 16:15
Қараулар: 103
СОТ ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

СОТ ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Аудандық сотында өткен жылды түйіндеген, заңнамадағы өзгерістерге түсінік берген шара өтті. Аудандық сот төрағасы Гүлжиһан Сағитова жыл қорытындысы бойынша хабарлама жасады.

Сот төрелігінің сапасы қағидатын басшылыққа алған аудандық сот 2019 жылы 39 қылмыстық, 111 азаматтық, 255 әкімшілік іс қараған.

Былтырғы жылмен салыстырғанда іс саны айтарлықтай азайған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылы қаралған қылмыстық іс саны 51 болса, биыл 39 іс қаралған, өткен жылы 126 азаматтық іс қаралса, биылғы көрсеткіш – 111. Отбасылық даудың да саны қысқарған. Өткен жылы 32 іс қаралып, 19 отбасы заңды түрде некелерін бұзса, биыл 19 іс қозғалып, 16-сы қаралған, жетеуі медиаторлар көмегімен мәмілеге келген, тоғызы ажырасып тынған.

Ең көп қаралған іс қарыз өндіру ісі екен. Таратып айтқанда, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, ауылшаруашылығын қолдау қорының дауларды жиі қаралған.

Көбейіп отырған қылмыстың қатарын жала жабу, қадір-қасиетін қорлау және бөтен мүлкін жасырын ұрлау қылмыстары құрайды.

Медиация жолымен келісімге келіп, бітіммен аяқталған іс саны көңіл қуантады. Азаматтық істің 49,1%, қылмыстық істің 56,7%, әкімшілік істің 62%-ы тараптардың татуласуымен шешілген.

Шара барысында сот саласындағы, заңнама енгізілген өзгерістер бойынша түсінік берілді. Доғарыстағы полиция полковнигі, кәсіпқой емес медиатор Исатай Бекқалиев:

– Жазаның қатайып, жауапкершіліктің артқаны жақсы болды. Арақтан ықылық атып тұрса да, руль отыратындар, біреудің малын ұрлап, екіншісінің малымен орнын толтырып, алшаң басып жүргендерге тұсау болар еді. Енді осы өзгерістерді халыққа түсінікті тілмен жеткізе білуіміз керек. Қауға баста титтей де ми болса, аяқтарын аңдып басар,- деп пікірін білдірді.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ