23.01.2020, 16:09
Қараулар: 122
ТӨТЕНШЕЛІКТЕРДІҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

ТӨТЕНШЕЛІКТЕРДІҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

Аудан әкімдігінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжанов және аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың төрағалығымен аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен № 17, 26 өрт сөндіру бекеттерінің 2019 жылда атқарған жұмыстарын қорытындылаған жиын өтті.

Жиын барысында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Тұрарбек Апақаев, № 17 өрт сөндіру бекетінің бастығы Сабыржан Ибрашев, № 26 өрт сөндіру бекетінің бастығы Қуанышбек Еркіналиев өткен жылда атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасады.

2019 жылдың 12 айында 7 өрт оқиғасы тіркелген. Таратып айтсақ,  6 өрт оқиғасы  тұрғын үй секторында,  1 өрт оқиғасы  автокөлікке қатысты орын алған. Оған қоса 11 даладағы жану оқиғасы тіркелген.
Бір өрт оқиғасы бойынша өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2018 жылмен салыстырсақ, 53,3%-ға азайған. 2018 жылы 15 өрт оқиғасы тіркеліп еді. Өрт қауіпсіздігін сақтау, төтенше жағдайдың алдын алу ережелерін сақталмаған сегіз мекеменің ісі сотқа жолданған.  ҚР ӘҚБК-нің 462-3 бабымен айыппұл салынып, 850.100 теңге өндіріліп алынды.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Тұрарбек Апақаев қажетті шаралар мен бақылау-қадағалау жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілуі үшін қызметтік көлік қажеттігін айтып, өтініш білдірді.

Еркебұлан РАХМЕТОЛЛА