23.01.2020, 15:56
Қараулар: 311
АТА БОЛҒАН ҚАНДАЙ-ДЫ, БАТА БЕРГЕН ҚАНДАЙ-ДЫ…

АТА БОЛҒАН ҚАНДАЙ-ДЫ, БАТА БЕРГЕН ҚАНДАЙ-ДЫ…

«Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы эстафетасы аясындағы  «Ата сөз – бата сөз» диалогтық алаң аудандық мәдениет үйінде жалғасты.

Дөңгелек үстел басына жайғасқан Жаңақала ауданынан келген меймандар мен ауданымыздағы үлкендеріміз жастар тәрбиесі, соның ішінде кейінгі ұрпақты баталы сөзбен тәрбиелеудің мәнісіне тоқталды.

Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» МКК басшысы Медғат Қамбетов Қазақстан халқы Ассамблеясы 25 жылда үлкен тәрбие және татулық институтына айналғандығын айта келе, облыс  орталығынан бастау алған аталмыш эстафетаның маңызын түсіндірді. Жаңақала аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Шапихов жиналғандарды кеңес тынысымен таныстырды.

«Үлкендеріміздің беделінің төмендеуіне ең алдымен сол жасы жеткен жандардың жаман әдеттерге бой алдыруы себеп»,-деген Мақсот Шапихұлы сөзін Бауыржан Момышұлының қарттарды атаудағы ерекшеліктер хақында айтқанымен сабақтады. Әрі ол батаны жасы кіші болса да ер азамат берсін деген пікірін  жеткізді. Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманбай Машотов бата сөзді дәріптеу барысында өткен жылы ардагерлердің ұйымдастыруымен «Баталы ел көгереді» атты концерттік бағдарлама ұсынылса, Бисен ауылында баталар сайысы өткізілді. Онда белсенділер анықталып, жеңімпаздар марапатталды, батаның орны айшықталды деген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы әйел заты батаны ер адамның рұқсатымен берсе, оның еш әбестігі жоқ деген пікірін жеткізді. Бисен ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Сабыров кеңес заманында ұмыт болған бата беру салты қайта жаңғырғанына, бүгінде үлкендеріміз жеке бастың қамын емес, елдік мәселелерге назар аударатынына риза болысты.  Осы ретте Медғат Мұсаұлы халықтың әлеуметтік жағдайы өскенін алға тартып, енді елдің демографиялық ахуалына да көңіл бөлген жөн деген пікірін ортаға салды. Жаңақалалық ардагер Айтуған Шарафутдинов Ассамблея тек өзге ұлттың жайын күйттемей, өз ұлтымызға да оң көзқараспен қараса деген ойымен бөлісті. Әрі ол бірінші наурызға белгіленген алғыс айту күні өзге ұлт өкілдерінің қазақтың кең пейілділігіне көрсететін құрмет күні екенін тілге тиек етіп, «бірлігі үйлесім тапқан елге бірінші мамырға белгіленген халықтар бірлігі күнінің қажеттілігі қанша?» деген сауалын  тастады. Сонымен қатар ақсақал қазіргі жастарымыз туыстық қатынасты ажырата білмейтініне реніш білдіріп, қабылданып жатқан заңдарымыз салт-дәстүрмен үндестік тапса, тиімді болар еді деген пайымын айтты.

Реті келгенде сайқындық Нағира Жұманәлиева әйел заты бата беруі дұрыс емес деген пікірге наразылық білдіріп,  ошақтың қасында жүріп, ұрпақты таратып, оны тәрбиелеп жүрген аналардың ролін аласарту жөнсіз деді.

Диалогтық алаңды жүргізіп отырған ардагеріміз Тілеген Арыстанбеков тойларымыз ұдайы кеш басталатынына уәж білдіріп, батамыз тойдың соңында, қонақтың дені тараған уақытта емес, басында берілсе  деген пікірін айтты. Және батаны орыстың тостымен шатастырудың қажеті жоқ деп шараға нүкте қойды.