23.01.2020, 15:48
Қараулар: 254
АНАЛАР КЕҢЕСІНЕ  ПСИХОЛОГТАР ҚАЖЕТ-АҚ

АНАЛАР КЕҢЕСІНЕ  ПСИХОЛОГТАР ҚАЖЕТ-АҚ

Аталмыш шаралар легі аудандық білім беру бөлімінің мәжіліс залында  да өрбіді. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында және «Рухани жаңғыру» бағдарламасында белгіленген міндеттерді шешуге арналған үшінші диалогтық алаңда  аналар кеңесінің атқарылған жұмыстары мен өзекті мәселелері  талқыланды.  

Бұл шараға облыс әкімі аппаратының инспекторы Гүлжайна Бисенғалиева, аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Бисекенова, Жаңақала аудандық «Ажар» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Раушан Тұманова, кітапхана директоры Дина Мұқашева, т.б. қатысып, аталмыш тақырып төңірегінде ой бөлісіп, пікір алмасты. Мәселен, облыс әкімі аппаратының инспекторы Гүлжайна Қаздукқызы аналар кеңесінің құрамына психолог мамандарды қосудың маңыздылығын тілге тиек етті

– Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған аналар кеңесінің мұрындық болуымен күні бүгінге дейін маңызды шаралар жүзеге асырылып, бірқатар ауқымды бастамалар қолға алынды. Отбасы құндылығын насихаттау, ажырасу, тұрмыстық кикілжіңдерді болдырмау секілді өзекті мәселелерді шешуде аналар кеңесінің атқарып жүрген істері еселі дер едім. Алайда, осы тұрғыда атқарылатын шараларды әлі де ширату керек, санынан сапасына мән берейік, жаңа жобаларды іске қосайық. Мәселен, кеңес мүшелігіне психологтарды қосуымыз керек. Әйелдердің психологиялық ахуалы түрліше екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер, осындайда жантанушы мамандардың қызметіне жүгінгеніміз абзал. Сондай-ақ, әлеуметтік желіні де оңтайлы пайдаланайық. Қыз-келіншектердің онлайн сырласу клубын неге ашып көрмеске? Бәлкім, жан баласына үн қата алмай, іштей тынған әйелдер желідегі мамандарға жазып, шерін тарқатса бұл да кеңестің өз мақсатына жеткені деп білемін,- деді.

Өз кезегінде  аудан әкімінің орынбасары  Лариса Тельманқызы аудан көлемінде атқарылған  әлеуметтік мәдени, саяси, т.б. шараларға, ауылдың тыныс-тіршілігіне белсене атсалысып жүргендердің  дені әйелдер екенін атап өтіп,  аналар кеңесінің мән-маңызын жан-жақты саралап өтті. Жаңақалалық делегация өкілдері де аналар кеңесінің нәтижелі  істеріне тоқталып, арнайы дайындаған бейнетүсірілімді көрсетті. Алаңға қатысушылар да үн қосып, ұсыныстарын көпшілікке жеткізді. Білім беру бөлімінің маманы Нейля Нарболова аналар кеңесі мүшелерінің байланыс нөмірлері көпшілікке қолжетімді болудың артықшылықтарын алға тартса,  Сайқын ауылдық округінің әкімі Нұргүл Омарова кеңес құрамына  әлеуметтік педагогтарды  шақырудың тиімділігін айтты.