23.01.2020, 15:44
Қараулар: 159
ЕЛДІККЕ ҮНДЕЙТІН ШАРА

ЕЛДІККЕ ҮНДЕЙТІН ШАРА

Аудан әкімдігі ғимаратында ұйымдастырылған диалог алаңы облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының  этномәдени бірлестіктерінің жұмысы мен  қол жеткізген нәтижелерін тілге тиек етті.

Диалог алаңының модераторы, аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов:

– 2020 жылы ел үшін елеулі даталарға толы болғалы тұр. Мұндай ел тарихындағы айтулы оқиғаларды тойлау – елдікті танытатын, бірлікке шақырып, топтастыратын, ұлттың ұпайын түгелдейтін шаралар. Құрылғанына ширек ғасыр толған ассамблеяның «Тұңғыш Президент жолымен» деп экспедиция бастауы да заңдылық. Өйткені, ассамблея мен Тұңғыш Елбасы егіз ұғым,-деп  эстафета маңызына тоқталса, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгеруші Ғайса Қапақов әр диалог алаңының маңызын тарқатып айтып, түсіндіріп берді.

– Біздің бүгінгі таңдағы басты мақсатымыз – елдегі тұрақтылықты сақтау. Кез келген бүліктің елдегі берекені кетіріп, құтты қашыратыны белгілі.  Тап қазір бәзбіреулер көпбалалы аналарды саясаттың қолжаулығына айналдырып отыр. Отыз жыл бұрын қандай едік, көгілдір отын, таза су, жеке шаруа қожалығын құру дегендерді тіпті қиялдауға батпайтын едік. Қазір аудан орталығы, ауылдық округтерді былай қойып, елді мекендерге дейін табиғи отын тартылып, таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Ұмтылған адам ұтыссыз қалып жатқан жоқ. Мемлекетіміздің қолдау бағдарламаларының арқасында шаруа қожалықтарын құрып, шалғайда қыстақта отырса да күн батареяларының пайдасын көріп, қора-қопсысын төрт түлік малға толтырып отыр.  Еліміздің қол жеткізген жетістіктері ТМД-ның Армения сияқты елдері үшін арман. Барымызды бағалап білуіміз керек. Солай еткенде ғана бұйырған бақытымыз баянды болады. Бүгінгі шаралардың бәрі осы мақсатты көздейді. Қарапайым халық әлеуметтік желілердегі еркін сөз деп еріккеннің пәтуасыз сөзіне емес, елдікті мақсат еткен осындай жиындарда айтылған сауатты әңгіме, жөн сөзді бағдарға алу керек,-деді Ғайса Хамидоллаұлы.