16.01.2020, 16:50
Қараулар: 291
Ұлпан ЖАКИНА, басылым редакторы: «ҚАЗАҚҚА ЕС КІРГЕН КЕЗДЕ АБАЙДЫҢ СӨЗІ ЕСКІРЕДІ»

Ұлпан ЖАКИНА, басылым редакторы: «ҚАЗАҚҚА ЕС КІРГЕН КЕЗДЕ АБАЙДЫҢ СӨЗІ ЕСКІРЕДІ»

Абай Құнанбаевтың да сөзінің ескіретін, құны жойылатын кез болады екен. Сұңғыла Сүлейменов (Асқар) осылай деген екен. Ол үшін Абай атамыздың қазақтың міні деп көрсеткен бар жаман мінезден, жағымсыз істерден арылуымыз керек екен. Бір ғана жиырма үшінші қара сөзін алып қарайықшы. «Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш дегендер бар. Оның қуанышы — елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса, қуанады. Айтады: құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе? — деп. Оған құдай тағала айтып па, пәленшеден тәуір болсаң болады деп? Енді жұбанышы — жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады. Оған құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп.  Осы көп ақымақтың бір ақымаққа несі жұбаныш? Тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді деген жаман күйеу қалыңдығын жеңіп пе? Көңілін сол сөзі разы қылуға жетіп пе? Ендеше, көбіңнен қалма, сен де аузыңды сасыта бер деп пе?!». Тап сол Абай өмір сүрген ғасырдан бері тағы бір жүзжылдықты артқа тастадық. Не өзгерді?

Тағы бір айтайын дегенім, Абайдың өзі қызыл империяның құрбаны болды ғой. Абайдың өмірінен бастап, өлеңдеріне дейін сүзгіден өткізіліп, кеңестің келбетіне сәйкестендіріліп берілді. «Абай жолында» ақын әкесі Құнанбайға қатысты оқиғалар бұрмаланып берілді. Осындай шындықтардың жарыққа шығатын кезі келген сияқты. Ел президентінің өзі назарға алынып отырған ақын тойы құр науқаншылықпен өтпесе екен.