16.01.2020, 15:53
Қараулар: 274
МЕРГЕН МУСИННІҢ МАРАПАТЫ ұрпағына мерей

МЕРГЕН МУСИННІҢ МАРАПАТЫ ұрпағына мерей

 

Сталинград шайқасы Ұлы Отан соғысы барысында түбегейлі бетбұрыс жасап, дүниежүзілік тарихи оқиғаға айналғаны тарихтан мәлім. Сталинград шайқасы кезінде Батыс Қазақстан майданның ең таяу тылы болды. Ордалықтар майданда ғана емес, тылда да қуатты, қажыр-қайратты елдік пен ерлік үлгісін көрсетті. Ордалықтардың денінің майдан жолы осы Сталинград шайқасынан басталады. Олардың қатарында 1942 жылдың жазында  аттанған  атамыз Шарипқали Мусин де бар. Майдан даласында станокты пулемет атқышының көмекшісі бола жүріп, атудың түрлі тәсілін меңгеріп, мергендігімен танылады.

Сталинградтан басталған жорық жолы Днепр өзеніне дейін жалғасады. Днепр өзенінен өту кезіндегі шабуылда ол станокты пулеметімен оқ жаудырып әскери бөлімнің алға жылжуына жол ашып, 21 немісті жер жастандырады. Осы шабуылда пулеметшілер ұясына бомба түсіп, қасындағы пулеметші жолдастары қаза тауып, өзі екі аяғынан бірдей ауыр жарақаттанады. Әскери  госпитальда емделіп, оң аяғын тізесінен жоғары кестіртеді. Соғыстан босатылып,  ел қорғаудағы ерлігі үшін III дәрежелі «Данқ» орденімен марапатталып, елге оралады. Отбасымен қауышып, жарақатынан әл жинаған атамыз атқа мініп, қолына мылтық ұстап  аңшылықты кәсіп етіп  отбасының нәпақасын табады. Бейбіт өмірде ұлы ер жетіп, қыздары бой жетіп өмірден өз орындарын тауып, немерелерінің  өскенін көреді.

Немересі Қанат:

– Мен ес білгенімде атам Шарипқалидың бір аяғы тізеден жоғары жоқ, балдақтың көмегімен жүреді. Мешітқұмда тұрдық. Атамнан екі елі ажырамай соңында жүріп, жетегінде өстім. Бойым кішкене болғандықтан атамның жанында тұрғанда оның кесілген оң аяғының астына сыйып тұратыным да еміс-еміс есімде. Атамның өңіріндегі орден, медальдарға балалықпен мән бермеппін. Кішкентай кезімізде кеудемізге кезек-кезек тағып жүретінбіз. Бертін келе олар да көрінбей кетті. Ер жете бастағанда байқағаным әскери киімдегі суретінде «Даңк» орденін тағылып тұрғаны анық байқалады. Оны не үшін алғанын да сұрамаппыз. Бірақ та балалық ішкі түйсігімде «атам ерлік істеді-ау» деген балғын мақтаныш жүретін.  Оны сұрайтындай шаққа жеткенше атамыз да дүниеден өтіп кетті. 1974 жылы сол соғыс салған аяғындағы  жарақаты меңдеп, 76 жасында көз жұмды. Ордені мен ордендік кітапшасы да жоғалып қалған. Атамыздың фотосуреті мен ордендік кітапшаға қоса берілетін мүгедектігіне байланысты бір рет берілетін жеңілдіктерді пайдалану кітапшасы мен мерекелік медальдарының куәліктерін тиісті орында сақталып, ұрпаққа ұран болсын деп Бөкей ордасы тарихи музейіне  тапсырдық, -дейді.

Өлкетанушы, тарихшы Айболат Құрымбаев атамыз Шарипқали Мусинді III дәрежелі «Данқ» орденімен марапаттау парағын ОБД «Мемориал» сайтынан тауып, сарғыш тартқан парақ көшірмесін бізге табыстады. Атамыздың бұл марапат қағазы Жеңіс мерекесі қарсаңында тосын сый болды. Марапат қағазында:

1.КРАТКОЕ КОНКРЕТНОЕ ИЗЛОЖЕНИЕ БОЕВОГО ПОДВИГА ИЛИ БОЕВЫХ ЗАСЛУГ

  Тов: МУСИН участвовал в боевых действиях в составе 1389 стрелк. полка на Сталинградском фронте в должности красноармейца. На фронте находился с 20 июня 1942 г. По 20 ноября 1942г.,т.е. 5 м-цев. Неоднократно участвуя в боях, имеет на своем счету 21 убитого немца. В боях переправе через Днепр из пулемета поддерживал наступление наших частей. По ранению ампутирована правая нога/Инвалид ІІ группы/. До службы работал в колхозе. Имеет положительные отзывы от местных и партийных и советских организаций. Пользуется уважением и авторитетом среди населений.

  За боевые отличия на фронте Отечественной войны, тов.Мусин достойн Правительственной награды-ОРДЕНА СЛАВЫ ІІІ СТЕПЕНИ.

                                                  Зап Каз Облвоенком

                                            Полковник    /Нижегородов/

                                             «15» ноября 1944 г.

— деп жазылып, әскери комиссар, полковник Нижегородовтың қолы қойылып, мөрі соғылған. Ұрпақтарын қуантқан сарғайған қағазды тауып берген өлкетанушы Айболат Шамұратұлына алғысымыз шексіз. Атамыздың өзін көрмесе де оның атын алып жүрген немере, шөберелеріне, кейінгі ұрпақтарға бейбіт өмір сыйлаған атаның ерлігі үлкен өнеге.

Бақыт ХАЛИОЛЛАҚЫЗЫ,  

облыстық  Хан ордасы         тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының бас қор сақтаушысы,

майдангердің немере келіні