16.01.2020, 15:29
Қараулар: 631
КӘМПИТТЕН ДЕ ЗИЯН БАР

КӘМПИТТЕН ДЕ ЗИЯН БАР

 Үш бала іркес-тіркес дүкенге кірді. Балақайлардың саудасы жеңіл екенін жақсы білетін сатушылар бізді қойып, солардың шаруасын бітіруге асықты.

– Апай, маған 100 грамдай «Вurn» или «Еnergy» беріңізші,- деді.

Апайы да тиын-тебенін алып, балақайдың алақанына 5-6 түйірін сала қойды.

Артынша сыртқа шықсам, әлгі жүгірмектер тарай қоймаған екен.

– Мына кәмпитті жейтіндеріңді аналарың біле ме? бәліш алсын, сусын ішсін деп берген ақшасын осыған жұмсағандарыңды біле ме?-деп сұрадым.

– Конечно білмейді. Берген ақшасының сдачасын сұрамайды. Сұраса сағыз алдым дей саламын-деп еш бүкпесіз жауап берді Ернат деген пысығы.

Ернат сияқты тиынды тиынға қосып, энергетикалық кәмпит сатып алып жүрген балалар көп шығар. сол балалардың арасында сіздің де балаңыз болар. Балам үйден тысқары жерде не сатып алып, нендей кәмпит жеп жүр деп ойланып көрдіңіз бе?

Дүрбелең тудырудан аулақпын. Бірақ, біз көрген whatssap-тағы бейнежазбаны сіз де көрген шығарсыз.

Желтоқсан айының 19 күні атыраулық 10 жасар бала ес-түссіз күйде облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізіледі. Жергілікті дәрігерлер оқушыға «кәмпиттердегі  кофейннен улану» деген диагноз қояды. Ауыр халде ауруханаға түскен жасөспірімнің асқазаны шайылып, қажетті ем- домы жасалады. Баланың айтуынша сабақ бітісімен ол  «Ғlash» энергетикалық кәмпиттің  7-8 данасын сатып алып, бірден жеп қойыпты.  Әлбетте, ол  көңіл көтеріп, бойды сергітемін деп ойласа керек. Аздаған  уақыттан соң өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалады. Дәл осыған ұқсас оқиға  Ресейдің Краснодар қаласында орын алды. Оқушы бала мектептің жанындағы дүкеннен энергетикалық кәмпиттің бірнешеуін сатып алып, үйіне жеткенше тауысады. Біраздан соң оның  денсаулығы  сыр береді. Дәрігерлер  не жегенін анықтап білген соң кәмпиттен уланғанын растайды. Абырой болғанда екі жасөспірім де дін аман.

Біз естіген, оқыған осы жаңалықтарды сіз де оқыған шығарсыз. Күш-жігерді тасытып, бойды сергітеді деген энергетикалық кәмпит-сусындарымыз бала денсаулығы түгілі, ересектердің де ағзасына қауіпті екен.

Бүгінде сауда дүкендерінің сөрелерінде кәмпиттердің сан алуан түрі бар. Нарық әлеміндегі ең өтімді тауарлар санатында десек қателеспепіз.  Алайда, соңғы кездері адамның күшін тасытып, сергектік сыйлайтын «күшке» ие  энергетикалық кәмпиттер де тұтынушыларға кең тарала бастады. «Вurn», «Еnergy»,  «Аdrenaline rush», «Ғlash» деп аталатын тәттілер тек қала орталықтарында ғана емес, ауыл дүкендерінде де еркін саудалануда.

Жоғарыда айтып өткен «Ғlash»-те, «Вurn», «Еnergy»,  «Аdrenaline rush» деп аталатын басқа түрлері ауылдағы дүкендерде сатылымда тұр. Бағасы әр дүкенде әр қилы, 1200-1300 теңгенің айналасында. Жүз грамға шаққанда  5-6 данасын небәрі 30-40 теңгеге алуға болады. Құрамын бақсақ, қант, ароматизатор, тағамдық бояғыштар, лимон қышқылынан тұрады делінсе де нақты арнайы кодымен көрсетілмепті. Былай қарағанда  қауіпсіз қоспалардан жасалған, ағзаға нендей зиян келтіруі мүмкін дерсіз.  Ендеше аудандық аурухананың дәрігері Мөлдір Абатованың пікіріне құлақ түріңіз.

– Энергетикалық кәмпиттер жасөспірімдер арасында сұранысқа ие. Энергетикалық сусындар секілді, пайдасынан зияны басым. Дәрігер ретінде бұл кәмпиттермен шектен тыс әуестену жас ағзаға кері әсерін беретінін айтқым келеді.  «Энергетикалық» деп  бекерден бекер айтылмаған болар. Өнімнің сыртқы қабығында нақты қандай қоспалардан тұратындығы көрсетілмей қала ма деп күдіктенем. Өйткені, кез келген көңіл сергіткіш өнімдердің құрамында кофейн, гуаран сығындысы, басқа да синтетикалық қоспалар болады. Ароматизатор, бояғыштардың да химиялық жолмен дайындалған синтетикалық қоспалары өндірісте көп қолданылады. Бұлар да жас ағзаға, жүкті әйелдерге зиян. Ересек, сау адамдардың өздеріне энергетикалық кәмпиттерді белгілі мөлшерде тұтыну керек.

Қош, сонымен   тағамдық бояғыштарға тоқталып өтелік. Кондитерлік салада  Е110, Е122,  Е102, Е124 дейтін  бояғыштар жиі қолданылады.  Мәселен, Е110 бояғышы табиғи бояғыш емес, зертханалық жағдайда мұнайды қайта өңдеу  нәтижесінде алынатын өнімдердің  химиялық қосындысы. Е110 бояғышы қосылған тәттілер  аспиринге қарсы көрсетілімі бар  және аллергияға бейім адамдарға тұтынуға болмайды. Ал,  Е122 бояғышы (өндірістегі тағы бір атауы  кармуазин) қосылған тәттілер  демікпеге шалдыққандардың ауруын бірден қоздырып жібереді. Еуропаның көптеген елінде  бұл бояғышты қолдануға тыйым салынған.  Е 102 бояғышы (тартразин) бронхальды демікпе, жүрек,  бауыр ауыратын жандарға зияны орасан. Е124 (пунцовый 4R) бояғышы нағыз канцероген болып табылады. Бұл бояғыштардың ең  қауіптісі анафилактикалық шок  тудыруы әбден мүмкін дейді мамандар.

Ароматизаторлар  да  кондитерлік өнімдердің дәмін келтіретін  бірден бір қоспа. Табиғи жолмен алынатын ароматизаторлардың жөні бөлек, өкінішке қарай, қазіргі нарықта синтетикалық ароматизаторлардың химиялық аналогы кумариннің  дәурені жүріп тұр. Адам ағзасына өте көп мөлшерде енген кумарин бауыр церрозына, қан айналымының бұзылуына  әкеп соқтырады. Көпшілік, қауіпсіз деп санайтын лимон қышқылынан да зиян келуі бек мүмкін. Әсіресе, синтетикалық жолмен алынған лимон ұнтағы асқазан ауруымен ауыратын жандарға мүлдем болмайды.  Қантсыз шәй іше алатын жандар кемде кем. Америкалықтар қантты «тәтті уға» балайды. Қант диабетіне шалдығу қаупі өз алдына, көптеген аллергиялық тері аурулары, аяқтағы көктамырдың кеңеюуі, ауыз қуысының иістенуі секілді дерттер қантқа деген құмарлықтан. Синтетикалық кофейн жүйке жасушаларын әлсіреуіне әкеп соғады. Тыныс алу, ас қорыту және қан айналу жүйесін зақымдайды. Ұйқысыздық  тудыруы өз алдына, жүрек қан-тамырларын бітеп, анорексияға ұшыратады

Мінекейіңіз, әдемі жылтыраққа оралған энергетикалық кәмпиттер ағзаға осыншама қауіп тудыруы әбден мүмкін екен. «Сақтансаң, сақтармын» деген емес пе?  Күш-қуатымды арттырып, энерияны тасытамын деп жүріп денсаулығымызды күйретіп алмасақ болғаны…

Айтпақшы, «Вurn», «Еnergy»,  «Аdrenaline rush», «Ғlash» кәмпиттері энергетикалық сусындардың  аналогы болып табылады.  Алайда, энергетикалық сусындар адам ағзасына қауіпті деп танылса да нарықта берік орын алғаны рас.  Калифорния ғалымдары Трэвис әуебазасының әскери қызметкерлеріне  тәжірибе жасау арқылы  энергетикалық сусындарды ең зиянды өнім деп таныды. Зерттеуге қатысқан еріктілерді екі топқа бөліп, біріншісіне тек сусын ішкізіп, екінші топқа құрамында кофейн қосылған сусынды ұсынады. Нәтижесінде, кофейні бар сусынды ішкен топтың жүрек соғысы жиілегенін, арнайы интервал бойынша  он милисекундқа ұзарғанын байқайды. Демек, сусынның құрамындағы кофейндік заттар адам бойындағы бір аптаға жететін қуатты 2-3 сағаттың ішінде жұмылдырып, белсенділігін арттырып жібереді. Салдарынан келесі күні күші түгесіліп, дел-сал күй кешеді. Сондай-ақ, сусындардың құрамында В дәрумені де кездеседі. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қол буындарының әлсіреуіне әкеледі.  Түркия, Норвегия, Исландия, Дания мемлекеттерінде  аталмыш сусындарды сатуға қатаң тыйым салынған.  Еуропаның бірқатар қалаларында мүлдем тыйым салынбаса да 18-ге толмаған жасөспірімдерге сатуға болмайтындығы туралы арнайы заңдары және бар.

Осы орайда аудандық нарколог Айгүл Наурызбаеваның да пікірін келтірелік:  

–  Кез келген кондитерлік өнімде түрлі қоспалардың болуы заңдылық. Соңғы кезде энергетикалық кәмпиттердің зияны туралы көп айтылып жүр. Қолыммен ұстап, дәмін татып көрмегесін «мүлдем жемеңдер», «сатып алмаңыздар» деп шорт кесіп айта алмаймын. Өйткені, олай деп нақты айтуым үшін арнайы зертханаға жіберіп, құрамын, жасырын қоспалардың бар-жоғына тексертуім керек емес пе? Жалпы, фармацевтикалық дәрі-дәрмектердің құрамынан да зиянды қоспалар табылуда. Өткен жылы парацетамолдан уланып қалған сәби туралы ел-жұрт  естіді.  Кәдімгі бас ауырғанда беретін дәріден кішкентай бала зардап шекті. Сондықтан, энергетикалық кәмпиттер тек ағзаны сергітеді, шаршағанды басады екен жеп жөн-жосықсыз қолдана бергеннен ешкімнің ұтпасы анық, — дейді нарколог ханым.

Орайы кеп тұрғанда М-С.Бабажанов мектебінің психологы Азиза Жасталаповаға да қоңырау шалып, пікірін білген болатынбыз.

– Қазіргі таңда оқушылар энергетикалық кәмпиттерді тұтынудың денсаулыққа кері әсері барын жақсы ұғынды деп ойлаймын. Психологтар, сынып жетекшілер де осы кәмпиттерді татып, тұтынған балаларға түсінік жұмыстарын жүргіздік. Ата-аналарына ескерттік. Снюс дейтін зиянды темекілер туралы естідік. Әрине, бұл да жеңіл-желпі қарайтын мәселе емес, -деп қауіптің алдын алудың маңыздылығына тоқталды.

Психолог келтірген снюс құрамында   20 грамнан  250 грамға дейін никотин қоспасы бар түтінсіз шайнамалы темекі түрі. Швецияның «төл өнімі» екен. Бұл өнімді елімізде пайдалануға тыйым салынған арнайы қаулы қабылданды да. Ендгіде жастар ессіз әрекетке елдірмей, сергіткіш дүниелерден бойларын алшақ ұстаса игі.

Ғаламторды шарлап, энергетикалық кәмпит, сусынның құрамымен егжей-тегжейлі таныстырудағы мақсатымыз құр әншейін әңгіме болсын, айта салайын деген ой емес. Ата-аналардың ойына тамызғы болсын, балаларының не жеп, не ішіп, бой сергітіп жүргенін білсін дедік. Сақтықтық ешкімге артықтық етпейді.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ