14.01.2020, 17:28
Қараулар: 233
ЖАҢА ФОРМАТ ТҮСІНДІРІЛДІ

ЖАҢА ФОРМАТ ТҮСІНДІРІЛДІ

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Ысқақова ауданымызға жұмыс сапарымен келіп, ауылдық округ әкімдерімен, мекеме басшылары және мамандармен кездесті.

Бибігүл Тишанқызы жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің өзгешелігін түсіндіріп, табысы кедейшілік шегінен төмен отбасыларға көмектесе отырып, өз тарапынан бағытын табуларына жәрдемдесуіміз керек деді. Сонымен қатар АӘК-тің жаңа форматы учаскелік комиссияға зор міндет жүктейтінін жеткізіп, олар мұқтаждық пен масылдықты ажырата білуі шарт екенін баса айтты.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Салауатқызы жаңа формат бойынша АӘК-ті тағайындауда бейімдеу шараларына, әлеуметтік шартқа мән беруді тапсырды. Әрі ол заң талабы негізінде бұрын әйел адам баласы  7 жасқа дейін жұмысқа тартылмаса, енді бала күтімінде сәби 3 жасқа толғанша бола алатынын, заңды некеде болмаса да, бір шатырдың астында тұратын серігінің де табысы ортақ болып есептелетінін айтты.

Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, толымды жауаптар алды.

Кейін облыс орталығынан келген меймандар бөкейлік көпбалалы аналармен кездесіп, атаулы әлеуметтік көмекке қатысты олардың уәждерін тыңдады.

Жуырда ғана жаңа үйге қоныстанған көпбалалы Армангүл Шохаева АӘК-ке құжатты тапсыруына жаңа мекенжайы жүйелік базада анықталмағандығы кедергі болып отыр десе, Жұлдыз Әбдірешева тігін ісіне мемлекеттен берілген грант бүгінде табыс әкелмей отыр деп көмекке мұқтаждығын алға тартты. Баршагүл Есенғалиева «Берілген көмекқаржыға міндетті түрде мал алуымыз қажет пе?» десе, Айгүл Ғұбашева «өз  тұрғын үйінде  тіркеуде тұрғанымен, отбасымен жалдамалы пәтерді мекендеп  жүрген ұлына бұл көмек тиесілі ме?» деп сұрады.

Бибігүл Қонысбаева:

-Атаулы әлеуметтік көмекті үзбей төленетін төлем деп қарастыру қате ұғым. Ол еңбекақы емес, ол мемлекеттің отбасыға кедейліктен арылуға берілген қаржы. Үкіметімізден берілген гранттар мен шағын несиелер де солай. Бұл қаржылар азаматтарымыздың қолын жая беруге емес, бойын тіккеуіне берілген көмек. Соны алған әр азамат кәдеге асырып, пайда көзін табуы тиіс,-деді сөзін түйіндеп.

Раушан БАҚЫТОВА