10.01.2020, 11:53
Қараулар: 299
ПАУЭРЛИФТИНГ МЫҚТЫЛАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

ПАУЭРЛИФТИНГ МЫҚТЫЛАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

 Хан ордасы ауылында 2003-2008 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында зілтемірді классикалық жатып сығымдап көтеруден ауданаралық ашық турнир өтті.

Аудан төңірегінде алғаш рет ұйымдастырылған бұл спорттық шараға көршілес Қазталов ауданынан және Сайқын, Жиекқұм (Бисен ауылдық округі), Хан Ордасы ауылдарынан жалпы 40-қа жуық спортшы қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнирге Жәнібек және Тасқала аудан спортшылары шақырылған. Өкінішке орай, жақын тұрған Жәнібек ауданы көлік мәселесі шешімін таппай жете алмаса, тасқалалықтар жолдың қашықтығын алға тартыпты.

Қыздарымыз 32 — 44+ келі салмақ аралығындағы төрт категорияда сынға түсті. Қорытындысында білек күшін байқатқан Зият Бисенғали, Әдемі Хамит, Ұлмекен Сағидолла, Дәния Дәулеткереева жеңімпаз атанды. Бір қуаныштысы, жеңіс тұғырына көтерілгендердің барлығы ханордалық қыздар.

Осы ретте біз жеңімпаздарды тәрбиелеген жатықтырушы Рахим Қожағалиевті сөзге тартқан едік:

– Өз басым жалпы ауыр атлетикамен 1997 жылдан бастап шұғылданып келемін.  2003 жылдан бастап, бапкер боп, балғын спортшыларды үлкен спортқа дайындаудамын. Өзімнің жетістіктерім өкінішке орай облыс чемпионатымен шектелді. Ал енді жаттықтырушы және бапкер ретінде ауыз толтырып айтуға болады. Бапкерлік тәжірибемде жеті республика, 25 облыс чемпионын тәрбиеледім. Республикалық деңгейдегі чемпиондарын тарқатып айтсам, гір көтеруден үш ұл бала, пауэрлифтингтен төрт қыз баптадым.  Бұл ауданаралық сайыстарды қоспағанда. Міне, бүгін де қыздарым алдына жан салмады.

Реті келген соң, жасөспірімдердің спорт әлемінде жұлдызын жандыра білетін бапкерге «Болашақ чемпионды қалай танисыз?» деген сауал тастадық.

–  Спорт – қызығушылықты оятып, адами қасиетті ашатын, спортшының таным көкжиегін кеңейтетін дүние. Өйткені сайыста спорттық бәсекемен бірге ел көру, адаммен танысу, орта көру деген болады. Соның бәрі қызығушылық тудырады. Қанша мәрте чемпион атанып жатса да сәбидің аты сәби. Ол білуге құштар келеді. Ал енді спортшы болады деген адамды танудың еш қиындығы жоқ. Спортта ең маңыздысы – ынта. Адам баласы алдына мақсат қойып жұмыстанса, ойлағанын әлбетте іске асырады дегенге сенемін. Енді біреулері бойындағы нағыз спортшыға керек ерік-жігер, табандылықтың барын білмей жүреді. Жуырда бір оқиға болды. Бір үйдің жанынан өтіп бара жатып, қыз баланың қауға шелекпен құдықтан су тартып жатырғанын көріп таңқалдым. Назарымның бәрі сол жасөспірімнің колының күшіне түсті. Кейін ата-анасына жолығып, «бұл болашақ чемпион» деп үйірмеме қатыстыруға көндірдім. Қазір жаттығып жүр. Ойлағанымдай болды, беталысы көңіл қуантады. Болашақта чемпион атанады деген ойдамын. Бапкердің бағыт сілтеуімен ол күн де алыс емес. Пауэрлифтинг күш талап ететін спорт түрі болғанымен, оның да өз әдіс-тәсілдері бар. Осының бәрін жасөспірімге жеткізе білу керек. Шын мәнісінде, чемпион болып ешкім дүниеге келмейді, бәрі еңбектің арқасы.

Спортта баланың дайындығымен қатар оның өсіп-жетілуіне жұмсалатын қаржының да алар орны көрініп тұрады. Спорттағы басқа түрді емес, нақты пауэрлифтинг спорт түріне тоқталсақ, мәселенің бәрі қаражатқа тіреледі. Осы үйірме ашылған уақытта зілтемір де болмады. Темір қабылдайтын жігіттермен келісіп, сендерге алып келіп жатса үстіне ақша қосып алып қалайын деген кездерім болды. Соның өзінде бүгінгі сайысқа қажетті көптеген құралды қазталовтық әріптестерім алып кеп отыр. Сол үшін көршілес ауданға деген алғысым шексіз,-дейді бапкеріміз.

Жоғарыда айтқанымыздай, турнир тек қыздар арасында ғана емес, ұлдар арасында да өтті. 32 — 59+ келі арасында күш сынасқан жасөспірім бозбалалардан қазталовтық Оралхан Қабдолғазизов, Бақытжан Ерғалиев, сайқындық  Ернұр Бижанов, жиекқұмдық Алихан Жұматай, Бейбарыс Оразбайұлы, ханордалық Оралбек Зайнуллин, Оралхан Мұханбетқали, Ернар Байғұтты турнир жеңімпазы атанып, мықтылығын дәлелдеді.

Жалпы командалық есепте ханордалықтар үздік атанса, қазталовтықтар мен жиекқұмдық жас спортшылар ІІ-ІІІ орынды өзара бөлісті.

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ

 

 

Әдемі Хамит, пауэрлифтингтен екі мәрте республика чемпионы:

– Алғашқы бұл спорт туралы сыныптастарымнан естіген едім. Жәй   көріп кетейін деп келіп қалып қойдым деп айтсам болады. Не себептен екенін білмеймін, қызықтым. Сосын сайыстар басталды. Сайыспен қоса қызығушылығым да өсе келді. Сол қызығумен жүргеніме де төрт жыл болды.

Ата-анам да спортқа деген талпынысымды қолдап келеді. Әрине, өзге адамдардан «бұл спорт қыздарға лайық емес, не қажеттілігі бар?» дегенін естіп жүрмін. Болашақта басқа мамандықты таңдап жатсам да, спорттың осы бір түрі менің айнымас серігім боп қала бермек.

 

Оралхан Қабдолғазизов, қазталовтық жас спортшысы:

– Жүздеген спорт түрінен нақты пауэрлифтингті неге таңдағанымды айта алмаймын. Бірақ осы спорт түрімен шұғылданатынымды басынан шешім қабылдағам. Спортқа келгеніме екі жылдай болды. Осы уақыттың ішінде біраз сайысқа барып, Орал қаласындағы спорт интернатында да оқып келдім. Семей қаласында өткен республика чемпионатына қатысып, күміс алқа алып едім. Бірақ осы көрсеткішпен шектелмей, өмірімді спортқа арнап, әлем чемпионы атансам деген арманым бар.