10.01.2020, 11:37
Қараулар: 267
ЖҰҚА МҰЗДА АБАЙЛА!

ЖҰҚА МҰЗДА АБАЙЛА!

Ауа райының салқындауына байланысты өзен-көлдердің, басқа да су айдындарының бетін қабыршақ мұз жаба бастайды. Қатпаған мұз қайғылы жағдайға ұрындыруы мүмкін, сондықтан төмендегі ескертпелерді қатаң сақтаңыздар:

— жұқа, әлі берік қатпаған мұздың үстіне шықпаңыздар;

— мұз үстіне топ болып жиналмаңыздар;

— мұз бетіндегі ойықтарға, жарықтар мен жыраларға жақындамаңыздар;

— тік жарлардан жұқа мұзға шанамен, шаңғымен сырғанамаңыздар;

— мұз үстімен тиым салынған жерлерден өтпеңіздер;

— көру мүмкіншілігі жоқ кезде және қараңғыда мұзға шықпаңыздар;

— өткелден тыс жерлерден мотоцикл, автокөліктермен жүрмеңіздер.

Аудандық төтенше жағдай бөлімінің бас маманы А.Сағитов пен аға инженері М.Елдосов Мұратсай ауылындағы су қоймасын тексеріп, ауыл тұрғындарына осы бір қарапайым ережерді түсіндіріп, профилактикалық жұмыстар жүргізді. Мамандардың айтуынша, мұздың беріктігін аяқпен теуіп тексеруге болмайды. Дұрысы сүймен немесе басқа да темір ұшты құралмен тексерген дұрыс. Қыс кезеңінде мұз қалыңдығы бір адамға 7-8 см., ал бір топ азаматқа кем дегенде 12-14 см. қалындық қауіпсіз болып есептеледі. Мұзда жүргенде кез-келген уақытта жағдай күрт өзгеріп кетуіне дайын болу қажет. Жәй жүрген кезде мұз сирек сынады. Дегенмен мұз сытырлап, сыртқы түрі өзгеріп немесе бетіне су шығып жатса бұл үрейлі белгілер. Аталған белгілермен кездесіп жатсаңыз, келген ізбен кері қайтқан дұрыс.

Егер сіз оқыстан мұздай суға түсіп кетсеңіз, бастысы — үрейге бой бермеңіздер. Басыңызды суға батырмау үшін қолдарыңызды тез екі жаққа кең жайып, су мұздың астына қарай тартпайтын жерге жылжыңыз. Мұздың бетіне шашыраған су, мұз бетін тайғанақ жасап, қолмен жұмыс жасауға кедергі жасайды. Кейбір балықшылар ол үшін бір-екі үлкен шеге алып жүреді. Олардың көмегімен мұзға оңай шығуға болады.

Судан құтқарылған азаматтың киімін тез арада сығып алған жөн. Желден, толқыннан қорғанатын ық жер тауып, жергілікті жерді бағдарға алып, жағдайды бағалап, іс-әрекеттерді ойластырыңдар. Мүмкіндік болса ыстық сусын ішкізіп, тәтті беру керек (қант, шоколад, т.б.). Алкоголь ішімдіктерін мүлдем беруге болмайды. Себебі алкоголь әсерімен қантамырлар кеңейіп, дене қызуы төмендей береді. Жалпы құтқарылған адамды жылытудың ең қолайлы әдісі ол тоңған жанды адамның дене қызыумен жылыту.

 

Бибигүл ХАЙРУЛЛИНА,

аудандық төтенше жағдай бөлімінің аға инженері,

азаматтық қорғау аға лейтенанты