10.01.2020, 11:30
Қараулар: 254
Ит ұстаудың да жауапкершілігі бар

Ит ұстаудың да жауапкершілігі бар

Көшедегі бұралқы иттерден ғана емес, иесі бар иттерден де қауіп бар. Олай деуімізге олардың соңғы кездері тек малға ғана емес, адамдарға, соның ішінде оқушыларға да  жиі шабуыл жасауы себеп. Күні бүгінге дейін Сайқын ауылдық округі әкімшілігіне тұрғындар тарапынан бірнеше шағым түсті. Аталған шағымдар негізінде тиісті мекеме өкілдеріне хабар берілді.

Батыс Қазақстан облысы мәслихатының 2019 жылғы 28 тамыздағы №28-3 шешіміне сәйкес  «Батыс Қазақстан облысы аумағында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету» қағидасы бойынша иттерді тіркеу және күтіп ұстауға қатысты нақты ережелері бар. Мәселен, үй хайуанын  асырап алған соң оны ауылдық ветеринариялық станцияға тіркетіп, арнайы дерекқорға енгізу қаншалықты міндет болса,  уақтылы вакцинациялар жасату, көршілерінің тыныштығын сақтау, қоғамдық тамақтану, сауда және өндірістік орындарға, дүкендерге, әлеуметтік нысандарға, денсаулық сақтау, білім мекемелеріне ит-мысықтарды әкелмеу де қатаң қадағалануы тиіс. Ит асыраушы азаматтар үйдің кіреберісіндегі қақпаға аулада ит бары жөнінде ескерту тақтайшасын ілуі тиіс. Атап өтелік, арнайы тіркеуде тұрған ит иесінің меншігі болып табылады және ҚР заңнамасымен қорғалады. Тағы бір айтарымыз, ит пен мысықты серуендеткен кезде (сағат 23.00-ден 6.00-ге дейін)  адамдар көп шоғырланған аумақта емес, мейлінше далалық жерді таңдаған жөн. Ал, адамдар көп жиналатын орындарға бара қалсаңыз итке тұмылдырық кигізіп, қысқа тізгінді таққан дұрыс және айналадағы адамдардың демалысы мен тыныштығына кедергі туғызбай, тыныштықты сақтау шараларын қаперге алуыңыз шарт.   Осы көрсетілген қағидаларды бұзғаны үшін жеке тұлғаларға  Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 408-бабы негізінде жауапқа тартылады.  Яғни:

  1. Иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын бұзған жағдайда, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары бұзылған жағдайда  ескерту жасалады немесе үш айлық (2525*3=7575) есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
  2. Жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкiне залал келтiрілсе он айлық (2525*10=25250) есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Жалпы айтқанда,  ауыл бойынша қаңғыбас иттердің саны артуы  алаңдатарлықтай мәселеге айналды. Қазіргі таңда «БҚО елді мекендерінің аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларының» талаптарына сай, Сайқын ауылдық округі әкімшілігі мен «Бөкей ордасы аудандық ветеринариялық станциясы» МКК  арасында жасалынған  мемлекеттік сатып алу туралы шарты негізінде ауыл ішінде  қаңғыбас иттерді жою жұмыстары жүріп жатыр.

Бисен ҚАДЫРОВ,

Сайқын ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы