10.01.2020, 11:11
Қараулар: 633
Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Исатай Оз: «ЖАҢА ФОРМАТТЫҢ ЖАТЫПІШЕРЛІКТІ ТЕЖЕРІ АНЫҚ»

Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Исатай Оз: «ЖАҢА ФОРМАТТЫҢ ЖАТЫПІШЕРЛІКТІ ТЕЖЕРІ АНЫҚ»

 

Атаулы әлеуметтік көмек. Өткен жылдың еншісінде қалған «хит» тақырыптың бірі де бірегейі. Үкімет ұсынған қолдау қаржыны мақсатты пайдаланып, алдарына мал салып, қам жасағандар да бар, малсыз, жұмыссыздарға аспаннан жауған ақша екен деп, барын жоқ қылып, жасырып, қармап қалуға тырысқандар да болды. 2020 жылдан бастап, осы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың тәртібі өзгеріп, жаңа форматы тағайындалды. АӘК-тің жаңартылған мазмұны тұрғысында аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Исатай Озды сөзге тартқан едік.

— Исатай Алиұлы, сонымен жаңа форматтың жаңашылдығы неде?

-Жаңашылдығы жетерлік, ең алдымен бұл көмек енді үш бағытта көрсетіледі.

-Әрқайсысына тоқталып өтсеңіз…

-Бірінші бағыты бойыша көпбалалы отбасылар жеке санатқа енгізіледі де, оларға кепілді көмек беріледі. Аталған мемлекеттік көмектің отбасының табысына еш қатысы жоқ. Алайда, АӘК-ті тағайындағанда бұл жәрдемақы табыс көзіне есептеледі. Ол кәмелет жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыға төленеді. Егерде отбасында 18 жастан асқан балалар күндізгі бөлімде оқитын болса, онда оқу орнынан оқиды деген анықтама қоса жалғаулары қажет. Бұл анықтама бала 23 жасқа толғанша ғана жарамды. Айтқанымдай, бұл көмектің көлемі бала санына байланысты. Төрт балалы отбасыға 42496 теңге (16,03 АЕК), бес балалы отбасыға 53127 теңге (20,04 АЕК), алты балалы отбасыға 63757 теңге (24,05 АЕК), жеті балалы және одан да көп балалы отбасыға 74388 теңге (24,08 АЕК) төленеді. Оны жәрдемақы мәселесімен айналысатын орган рәсімдеп, тағайындайды.

Атаулы көмектің екінші бағыты табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін жас ерекшелігіне қарай кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізілді. Айта кету керек, бұл жинақтар мақсаты баланың күндізгі тамақтану рационын қамтамасыз ету емес, жас ағзадағы витаминдердің жетіспеушілігін өтеу болып табылады.

-Сонда нақты қандай көмек ұсынылады?

-Мәселен, 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларға арналған пакетке 2,5%-ды 1,95 л ультрапастерленген сүт, 180 гр.балалар печеньесі (5 айдан бастап балаларға арналған), өлшеп оралған 700 гр.ұнтақ жармасы, балаларға арналған гипоаллергенді 320 гр. ботқалар ассортименті (5 айдан бастап балаларға арналған), 1150 гр.балалар пюресінің гипоаллергенді ассортименті, 400 гр. жүгері жармасы, буып-түйілген 800 гр. сұлы үлпектері кіреді.

Ал, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға үшін бұл пакет сүт, сұлы үлпектері, печеньеден басқа баланың жас ерекшелігіне қарай макарон, қарақұмық жармасы, табиғи балмен толықтырылған. Бұдан басқа балаларға арналған тұрмыстық химия тауарларының жиынтығының құрамын да анықтады. Оған балалар кремі, крем-сабын, кір сабын, тіс пастасы, балалар сусабыны, тіс щеткасы, кір жуатын ұнтақ сынды жеке гигиена заттары кірді. Табысы аз отбасылардан шыққан балалар мұндай жиынтықпен АӘК тағайындау кезеңінде тоқсанына бір рет қамтамасыз етіледі.

Жоғарыда 6 жасқа дейінгілерге берілетін көмек болса, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілді пакет төрт бөліктен тұрады. Яғни, баланың оқу орны бойынша бір реттік мектептегі тамақтануы, мектеп формасымен және мектеп жабдықтарымен қамтамасыз етілуі, қалалықтар үшін көлікте жол жүрудің 50% — ын өтеуі.

Мектеп формасымен, мектепке керек-жарақтарының жиынтықтарымен балалар оқу жылы алдында жылына бір рет қамтамасыз етіледі. Онда да тізімі нақтыланған. Ұлдарға арналған мектеп формасының жиынтығында пиджак, жилет, шалбар, мерекелік көйлек, күнделікті көйлек, қысқы уақытта трикотаж кеудеше қарастырылған. Қыздарды пиджак, жилет, юбка, классикалық жейде, қысқы уақытта трикотаж кеудеше мен сарафанмен қамту көзделген. Бастауыш, орта және жоғары сынып балаларына арналған мектеп керек-жарақтарының жиынтығы өз құрамы бойынша ерекшеленетін болады деп болжануда. Бастауыш мектеп оқушыларына арналған жиынтықта рюкзак, күнделік, 20 дана жұқа дәптер, қаламсауыт, сурет альбомы, шарикті қалам – 5 дана, жай қарындаш – 10 дана, мұқаба – 15 дана, пластиллин, акварельді бояулар, сызғыш және өшіргіш кіреді.

Орта және жоғары мектеп оқушыларының жиынтығы ұқсас келеді. Ал, жоғарыдағысынан дәптер саны артып, сурет өнеріне қатысты құрал-жабдықтар шегертілген.

Мектепте күнделікті тамақтану оқу орнында белгіленген нормалар негізінде жүзеге асады.

Жаңа форматта мектеп оқушыларының жолақысына дейін қарастырылған. Ауданымызда қоғамдық көлік жүрмейтіндіктен, бұл жеңілдік бізде қарастырылмаған.

Айталық, 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек тегін. Ал, медициналық көмек кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетіледі.

АӘК-тің үшінші бағыты аз қамтылғандар санатындағы азаматтарға қолдау көрсету, оларды еңбекке тарту. Нақ осы мәселемен біздің орган айналысады. Бұрындары АӘК аз қамтылған отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға да тағайындалды. Осы уақытқа дейін атаулы әлеуметтік көмек әр балаға, соның ішінде 23 жасқа дейінгі студенттерге (оқу орнын аяқтаған уақытқа дейін) 20789 теңгеден төленді, ал отбасының кәмелетке толған әрбір мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек мөлшері әр өңірге белгіленген кедейшілік шегіне байланысты жан басына шаққандағы орташа табыс пен мұқтаждық белгісі арасындағы айырма түрінде есептелінді. Осы талаппен өткен жылы өтініші білдірген 857 отбасының 612-сіне 287 миллион 594 мың теңгенің көмегі көрсетілген.

Биылдан бастап АӘК-тің көлемі балаларға да, ересектеріне де ортақ болмақ. Яғни, енді оның көлемі жан басына шаққандағы табыс пен күнкөріс деңгейінің 70%-ы арасындағы айырмашылықты құрайды. Демек, әр балаға төленетіп кепілді 20789 теңге алынып тасталды.

  • ­Сөзіңіз аузыңызда, еліміздегі әлеуметтанушы мамандар атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа форматы елдегі масылдықты азайтуға негізделген. Жетілдірілген деген пікір айтуда. Осы тұсына тоқтала кетсеңіз.
  • Иә, бұрынғы формат бойынша АӘК алатын отбасы мүшелері «жұмыс жасамаймыз, бірден балаларға ғана тағайындаңыз, айырмашылықты есептемей-ақ қойыңыз» деп бірден ашық айтатын. Жұмыс жасамай-ақ, балаларға тағайындалған атаулы көмекті мақсатсыз жұмсап, қомақты қаржыны оңай олжа санағандары жасырын емес. Жаңа форматтағы АӘК-тің ең басты шарттарының бірі-отбасының еңбекке жарамды мүшелерінің жұмыс істеуі әрі отбасы үшін жауапкершілікті мойнына алуы. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда атаулы әлеуметтік көмек төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылатын болады.

Ретімен айтайық, енді АӘК-ке өтініш беру үшін тек адамның жеке куәлігі болса болғаны. Ауылдық округ тұрғындары өтінішті ауылдық әкімшілікке түсірсе, сайқындықтар өтінішті не Сайқын ауылдық әкімшілікке, не біздің орталыққа тапсыруға құқылы. Егер көмектен үмітті азамат өз табысы жөнінде анықтамаларды қоса алып келсе, онда мамандарымыз оны тіркеп алады, бірақ талап етпейді. Өтініш бір ай көлемінде түбегейлі зерттеледі, азаматтардың табыс көздері тиісті органдардан және е-халық электрондық базадан анықталады. Табыс көзін анықтау барысында банкте депозиті барлар, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» салым салып жүргендер де, салық басқармасына тіркелмесе де, басқалай табыс тауып жүргендері қаралады. Ескертетін жайт, өтініш бергенде отбасылық табыс көзін жасырған азаматтар өтінішті қарайтын учаскелік комиссияның шешімімен көмектен қағылуы ықтимал.

Тиісті анықтамалар алынған соң учаскелік комиссия отбасының материалдық жағдайын барлайды. Өтініш берушінің меншігіндегі жылжымалы және жылжымайтын мүліктің табыс әкелуі сараланады. Мәселен, арнайы кестеге сай бір сиыр 51071 теңгеге бағаланса, дәл осылай барлық үй жануарларына өзіндік баға белгіленген. Ауласындағы көлігінің де табыс әкелетіні не әкелмейтіні де назарға алынады. Учаскелік комиссияның шешімімен көмек тиесілі деп танылған жағдайда, өтініш түскен айдан бастап есептеледі. Мәселен, өтініш қаңтардың 25 күні түссе де, АӘК қаңтар айына түгел тағайындалады.

-Үй-жайы келісті, сыйлыққа тарту етілген көлігі бар, алайда құжаттары негізінде көмекке мұқтаж саналатын жандардың жайы не болмақ?

— Біздің тараптан барлық құжаттар жинақталады. Ал, учаскелік комиссия олардың осы көмекке мұқтаждығын анықтайды. Мұндағы басты мақсат жатыпішерлікке жол бермеу, нақты мұқтаж адамға, отбасыға көмек беру. Ал, сіз баяндаған жағдайда, отбасының үй-жайы ескеріліп, сыйланған көліктің шыққан жылына байланысты нарықтық бағасы белгіленіп, оны да табыс көзіне қосады. Қайта жүргізілген есеп нәтижесі дәл осы отбасыға АӘК-нің қажеттілігін белгілейді.

-Мемлекетіміз тұрғындарын кедейшілік шегінен шығару үшін біраз қаржы жұмсаған. Осы көмекті бастама санап, болашағына  жұмсағандар бар ма?

— Иә. Көмек берілген 612 отбасының 406-сы малданып, оны өсіруді қолға алған. Қазірдің өзінде олардың меншігінде 219 ірі қара, 237 қой-ешкі сынды ұсақ мал және төрт құс бар. Ебін табамын дегенге бұл да бастама ғой.

— Неліктен АӘК алғандардың кейбірі белгілі бір соманы қайтаруы тиісті?

— Иә, бүгінгі таңда 45 отбасы мемлекет қоржынына алты миллионнан астам қаржы қайтаруы қажет. Оның себебі өткен жылы атаулы көмек бірден бір жылға тағайындалды. Осы мерзімде кейбірінің жұмысқа тартылуы себепті табыстары кедейшілік шегінен асып, нәтижесінде тағайындылған көмектің бір бөлігін қайтаруы тиісті болды. Шыны керек, бұл заң талаптарына түсіністік танытқандары да, құлаққа ілгісі келмегендері де бар. Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда он отбасы өз қайтарымдарын түгелдей қайтарса, тағы да сегіз жанұя жартылай қайтарды. Қорытындысында өткен жылы қазына 1 миллион 421 мың 893 теңгемен толықты. Қайтармай жүргендер арасында бір отбасы сот ұйғарымымен қаражатты қайтаруы тиісті болды. Заң барлығына ортақ.

-Бүгінгі таңда қанша адам АӘК-ке өтініш білдірді?

-Қазір аудан бойынша үш отбасы ниет білдірді. Оларға жаңа форматтың жаңашылдығы түсіндірілді.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбатты құрған Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ