10.01.2020, 10:18
Қараулар: 91
ЖАҢАЖЫЛДЫҚ ТОСЫНСЫЙ

ЖАҢАЖЫЛДЫҚ ТОСЫНСЫЙ

Жаңа жыл қарсаңында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен аудандық педагогикалық-психологиялық түзеу кабинеті ұжымдары бірлесіп, ерекше күтімді қажет ететін балаларға шырша тойын сыйлады.

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева аудандық мәдениет үйіне арнайы шақырылған 20 балақайды мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

Шара барысында қысқы ертегі әлеміне саяхат жасаған балалар өз өнерлерін ортаға салды. Бірқатары Аяз ата мен Ақшақарға тақпақтарын айтса, Ақмарал Ахметжанова «Жаңа  жыл» әнін орындады. Шыршаны айналып, би билеп, көңілдерін көтерген барлық балақайға кәсіпкер Анаргүл Дәулетованың демеушілігімен мерекелік сый-сыяпат тарту етілді.

Осы күні Бөкей ордасы ауданының жұмыспен қамту орталығы ұжымы сайқындық Нұрлан Оразғалиев пен Думан Сәрсенәлиевтің үйіне арнайы барып, балаларына жаңажылдық сыйлықтарын табыстады.

«Нарын жастары» қоғамдық бірлестік мүшелері мен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық жастары Аяз ата мен Ақшақар кейпінде ауыл ардагерлерінің үйлеріне бас сұғып,  мерекелік көңіл-күй сыйлап, жаңа жылдарымен құттықтап, тәттілерін үйлестірді. Айта кетелік, жастарымыз жалғызілікті қарияларымызға үй тірлігінде көмек қолын созудан да тартынбады.

РАУШАН ЖАНАТҚЫЗЫ