10.01.2020, 10:00
Қараулар: 160
ТАЙҒАРАДА ТАЗА СУ

ТАЙҒАРАДА ТАЗА СУ

Жаңа жыл қарсаңында Мұратсай ауылдық округіне қарасты Тайғара елді мекенінде су құбыры нысанының ашылу салтанаты өтті.

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов ауыл тұрғындарын осы игілікті істің жүзеге асуымен құттықтады. Ауыл ақсақалы Қабылхан Биарыстанов тайғаралық ағайын атынан аудан басшылығына және тапсырысты орындаған мердігер «Real Stroy Invest» ЖШС-іне ризашылығын білдірді.

Мұратсай ауылдық округінің әкімі Жалғас Ташуовтың айтуынша, әр көшеге жеткізілген су желісінен Тайғарадағы 27 түтінге  тарту шамамен 15-20 мың теңгеге түскен. Оны тұрғындар өз қалталарынан төледі. Аумағы қоршалған, дүңгіршекте орнатылған фильтры, екі скважинасы мен екі резервуары бар, арнайы электр трансформаторы қойылып, аумағы жарықтандырылған жаңа нысанды салу үшін аудан бюджетінен 91 миллион 368 мың теңге жұмсалған. «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасымен қолға алынған бұл нысанда лас суды төгетін арнайы орын да қарастырылған.

Фильтр 40 минутта екі тонна суды тазартады. Таза ауыз су 50 кубтық (м3) қос резервуарға жинақталады. Сондықтан тайғаралықтарда сумен қамтамасыз етуде еш кедергі болмайды,-дейді су құбырының операторы Абай Биарыстанов.

Раушан БАҚЫТОВА