26.12.2019, 18:11
Қараулар: 274
Артур МАҒЗОМОВ, журналист: «ЖАН ЖАДЫРАТАР ЖАҢАЛЫҚТАР КӨП БОЛСЫН!»

Артур МАҒЗОМОВ, журналист: «ЖАН ЖАДЫРАТАР ЖАҢАЛЫҚТАР КӨП БОЛСЫН!»

 

2019 жылы еліміздің саяси-әлеуметтік өмірінде көптеген өзгерістер болды. Мемлекет басшысы ауысты, бірқатар маңызды бағдарламалар іске асырылды.

Қазір әлеуметтік желі арқылы туған өлкедегі барлық жаңалықты естіп, көріп, біліп отырамыз. Ауылдастарымның бірқатары кәсіпкерлік саласы бойынша курстан өтіп, өз істерін ашып жатыр.

Мен журналист ретінде Қазақстанның біраз өңірінде, алыс-жақын шетелде болып жүрмін. Таудың етегінде, өзеннің жағасында, күре жолдың бойында орналасқан ауылдардың да проблемасы шаш етектен. Оның қасында ауданымыз астанадан, облыс орталығынан өте шалғайда жатқанымен, әл-ауқаты көптеген аймақтарға қарағанда тәуір. 2009 жылдың ақпанында  Сайқынға газ келіп салтанатты түрде іске қосылды. Өзім куә болған шара еді. Арада 10 жылға жуық уақыттың ішінде тұтас ауданға көгілдір отын жеткізілді. Тіпті, құмның арасындағы Көктерек, Жиекқұм, Үштерек секілді аудан орталығынан алыстағы шағын елдімекендерге де газ тартылды. Ал қаншама облыстар, ірілі-ұсақты қалалар  мұндай игілікке қол жеткізе алмай отыр.

Көп кешікпей Оралға қатынайтын  күре жолдың құрылысы аяқталмақ. Елбасының тапсырмасы бойынша қолға алынған бастама 2021 жылы мерзімінде салынып бітеді деген сенімім мол. Бұл тарихи жаңалық болар еді. 1801 жылы Бөкей сұлтан бастаған көштің арманы міне, қанша жыл, қанша ғасырдан кейін орындалып жатыр. Бұрын-соңды Орал мен Орданың арасында ешқандай тақтайдай тегіс жол болған жоқ.

«Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» дейді ғой. Кейде әлеуметтік желіде сын-пікір жазатыным рас. Оның бәрі жанашырлықпен айтылған дүние.

Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тоқырау кезінде де іргесі сөгілмеген туған жерімнің қазір қайта түлеп жатқанына қуаныштымын.

Біз шекарада жатқан өңірміз, сондықтан ел іргесі берік болсын. Аспанымыз ашық, ел-жұртымыздың амандығын тілеймін. 2020 жылы да жарқын істер, жан жадыратыр жаңалықтар көп болсын деп тілеймін!