26.12.2019, 16:06
Қараулар: 189
ЖЫЛЖАБАР

ЖЫЛЖАБАР

ЖЫЛ МҰРАСЫ

Облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей қорығы тағы бір кешенмен толықты. Хан Жәңгірдің текті ұрпағының бірі, ақын, аудармашы, қазақтан шыққан алғашқы фотограф, «Қазақстан» газетін шығаруға бастамашы болған Шәңгерей Бөкеевтің үйі ашылды.

Екі бірдей хан құдығы, нақтырақ айтсақ, бірі шеген құдық болса, енді бірі хан бағындағы құдықтар қалпына келтірілді. Бөкей мен Шығай хандардың мөрлерінің музейлік атрибутциялары жасалды. Бұл игі істерге Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Тәттігүл Картаева сияқты ғалымдар бастамашы болды.

 

ЖЫЛДЫҢ ТАРИХИ ЖАҢАЛЫҒЫ

Биылғы жазда теміржол бойындағы №65 Равнинный разъезі маңынан Ұлы Отан соғысында опат болған жауынгерлердің сүйектері табылған еді. Іздестіру жұмыстарын Сергей Лапшин бастаған М.Мәметова атындағы іздестіру отряды жүргізген еді. Өлкетанушы, ұстаз Жұбан Ғұмаровтың айтуынша, бұл 1942 жылы Сталинградқа жолданған 74- теңіз атқыштар бригадасы сарбаздарының сүйектері болуы мүмкін. Қазанның 2-сінде белгісіз жауынгерлер мүрделері Қызыл тулы 196-Гатчинск атқыштар дивизиясының бауырластар зиратына жерленді.

 

 

ЖЫЛ МӘМІЛЕСІ

Биылғы қарашада Ресейдің елбасы В.Путин мен ел президенті Қ.Тоқаев Омбыда бас қосып, ауылшаруашылығы ынтымақтастығы, өндірістік корпорация бойынша мәселелерді қозғап, екіжақты тиімді мәмілеге келген еді.   Осы кездесу нәтижесінде аудан әкімдігінің тиісті тұлғалары көршілес елдің шекара қызметкерлерімен жолығып, «Молодость» жеңілдетілген өткізу пунктін екіжақты өткізу пунктіне айнадыру мәселесіне қатысты шаралар қабылдады. Егер бұл мәміле өз нәтижесін берсе, көршілес елдегі ағайындарға барып-келу кедергісіз боп, екіжақты тиімді сауда қыза түспек.

 

ЖЫЛ ҮМІТІ

rbt

Тұңғыш Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей қолдауымен Үкіметтің күн тәртібіне қойылған мәселенің бірі ­­­– Батыс Қазақстан облысындағы шалғай жатқан оңтүстік аудандарға қатынайтын жолды күрделі жөндеуден өткізу еді. Сайқын – Бисен-Өнеге ауылдарының үстімен өтетін республикалық деңгейдегі жолдың күрделі жөндеу жұмысының алғышарттары біртіндеп қолға алынды.

«GazAvtoJol» ҰҚ» АҚ басқармасы төрағасы Ұлан Әліпов, осы басқарманың облыстық филиалының басшысы Еркебұлан Жұманов бастаған, жолдарды жөндеу жұмысына жауапты «Ақжолқұрылыс», «Атыраужолдары» ЖШС-терінің өкілдері елге келіп, күрделі жұмыстың аужайына қатысты мәселелер талқыға салды. Өндірістік база үшін жер телімі алынып, материал жинау, асфальтобетон зауытын құру қолға алынды. Бұйыртса, жұмыс жанданса, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ауыл азаматтары да жұмысқа тартылады деп күтілуде. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу 22 айға жалғасады деп жоспарланған.

 

ЖЫЛ ҚУАНЫШЫ

 

Аудан орталығында екі пәтерлі 16 үй салынып, көп балалы отбасыларға берілді. Тұрғын үй құрылысына «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 331,073 млн.теңге бөлінген. Әр пәтердің жалпы аумағы ­­­- 133,82 шаршы метр. Қаз қатар тізілген ақ шаңқан үйлерге 32 отбасы қоныстанып, қоныстойын тойлады. Бұл осы жаңа үйдің 98 тұрғынының ғана емес, тұтас аудан халқының қуанышы болды

.

ЖЫЛ ЖОБАСЫ

Жылдың үздік жобасы әрине ­– «Jas Project».  Республика бойынша қолға алынған бұл жоба талай жастың ізгі арманына қолдау болды. Ауданымыз жобаға қатысуға ниет білдірген жастар саны бойынша облыста алғашқы үштікке енсе, жобасы мақұлданып, дүниежүзілік банктің қаржылай қолдауына ие болғандар саны жағынан облыс бойынша көш бастады. Жобаға 58 топ қатысып, 27-сінің жобасы мақұлданды. 81 жас осы жоба бойынша жұмыстанып, өз кәсіптерін бастады.

 

ЖЫЛ ЖЕҢІСІ

Биылғы спорттық байрақты бәсекелердегі ең үлкен жеңіс Хасанқожа Самигуллиннің еншісінде. Ол Мәскеуде өткен классикалық пауэрлифтингтен екінші мәрте әлем чемпионы атанды.

Ханордалық Әдемі Хамит те осы пауэрлифтингтен Семейде өткен республикалық чемпионатта 36 келілік салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Рахим Қожағалиев жаттықтыратын қаршадай ғана нәзік қызымыздың бұл жеңісі көңілге үміт ұялатады.