26.12.2019, 15:33
Қараулар: 210
Нумеролог Салтанат ОТАРБАЕВА: «2020 ЖЫЛ — ТҰРАҚТЫЛЫҚ, МОЛШЫЛЫҚ  ЖЫЛЫ »  

Нумеролог Салтанат ОТАРБАЕВА: «2020 ЖЫЛ — ТҰРАҚТЫЛЫҚ, МОЛШЫЛЫҚ  ЖЫЛЫ »  

 

Нумерология ғылым ба, сәуегейлік пе? Сірә, бұл сауалға бас қатырмаған жан кемде кем… Десе де елімізде соңғы-екі үш жылда сандарды «сөйлетуші» мамандардың қызметіне жүгінушілер қатары артып келеді. Біз де жаңа 2020 жылдың қандай боларын білмек ниетте оралдың тумасы, бүгінде Ақтөбе қаласының келіні  нумеролог Салтанат Отарбаеваға (инстаграмдағы парақшасы saltanat_utarbayeva) хабарласып, аз-кем сұқбаттастық. Бақсақ, биылғы жылға тиесілі  жағымды жаңалықтар аз болмайтын секілді.

 

– Салтанат, келер 2020 жыл еліміз үшін несімен ерекшеленбек?

–  2020 деген цифрдағы қос екілікті математикалық амалмен қоссақ, «4» саны шығады. Ал, төрт саны нумерология ілімі бойынша тұрақтылық, молшылық жылы. Демек, келер жыл қазақстандықтар үшін жанға жайлы, көңілге қонымды жыл болады деп күтілуде. 2020 жылда шаңырақ көтерген жастардың некесі берік келеді. Денсаулық сақтау саласында біраз өзгерістер орын алуы бек мүмкін. Жаңа емханалар, ауруханалар сыңды емдеу орталықтары көптеп ашылады. Жалпы, жаңа жылда қоныстойын тойлайтын адам қатары артып, қуанышты сәттер еселенеді. Жылжымайтын мүлік, жер сатып алу, құрылыс жұмыстарын ширату секілді тірліктерге де батыл түрде кірісіңіз. Бұл жылда таудай талаптарыңыз шағылмай, әр ісіңіздің жемісін көресіз. Әр жұлдызнама белгісіндегілерге бұл жылдың дайындаған керемет тосын сыйлары жоқ емес.

– Нумерологтардың  қызметіне көбінесе кімдер жүгінеді және қандай мәселемен келеді?

– Әлбетте, әйел адамдар жиі келеді. Көбінесе жаңадан кәсіп бастағысы келетін, тұрмысқа шығуға бекінген қыз-келіншектеріміз өздері үшін қолайлы мерзімді, уақытты  анықтамақ  ниетте менің көмегіме жүгінеді.  Сондай-ақ, қай оқу орнына, мамандыққа түсуді білмей, қиналған оқушылардың аналары да кеңестерімді сұрайды.

– Нумерология ілімін  сәуегейлікке балайтындар бар. Сіздің бұл турасында нақты көзқарасыңызды білгіміз келеді.

– Әрине, нумерологтарды бақсы, балгерге теңейтіндер бар ғой. Дегенмен, бұл сандарды сөйлету арқылы  алдағы уақытта болуы мүмкін оқиғаларды, жағдайларды болжап, бағыт-бағдар беретін ғылым түрі. Маңызды мәселе бойынша оңтайлысын анықтау, дұрыс шешім қабылдау секілді жәйттерді санға есептеп, ақыл-кеңесімді бере аламын. Нумерология әлемдік практикада бар нәтиже. Қазақ танымында да сан тергеу деген ұғым бар. Өзім нумерологияны  игерсем де таңның атысы күннің батысы әр іс әрекетімді санмен есептеп, тағдырымды нумерологияға байлап қоймаймын.

 

«Жақсы сөз жарым ырыс» деген. Жаңа жылда жақсылықтар молайсын деген тілек ғана бізде. Хош, сонымен  2020 жылы Сізді не күтіп тұр екен?

Тоқтылар белгісінде туылған жандар жаңа жылда алдына қойған мақсатына жетуге ұмтылады. Әрекеттері берекелі болып, карьера мен бизнесте жолдары болады. Кәсіби шеберлігін шыңдап, айналасына да өздерін мойындата бастайды. Жылдың басында алдағы уақытқа нақты жоспар құрып, мақсаттарыңызды айқындап алғандарыңыз дұрыс болады.

Торпақтар үшін жаңа жыл өзін өзі тануға, жетілдіре түсуге, білім алып, дүниетанымын кеңейтуге өте қолайлы жыл болмақ. Айналаңыздағы жандарға бағыт бағдар беріп қана қоймай, рух-жігерін  жанып, сенімділік сыйлайтындай қасиеттеріңіз бағаланады. Сәтті сапар,  нәтижелі іскерлік кездесулер күтіп тұр

Егіздер белгісіндегілер 2020 жыл сауда-саттық, келісімшарт жасасу секілді қаржылық бағыттағы істерді өте сәтті жүзеге асырады. Күтпеген мұрагерлікке қол жеткізуіңіз де ғажап емес. Тиімді серіктестіктің де жемісін көресіз. Бірақ толқыныс, ұзақ мерзімді күту, қобалжу секілді эмоцияларды да бастан өткереді. Сондай-ақ, баспаналы болуды арман еткендер жаңа жылда өз қонысына қол жеткізудің жақсы мүмкіндіктері туады

Шаяндар үшін шиеленіскен қарым-қатынастарды қалыпқа келтіріп, қазіргі байланыстарды нығайтатын уақыт. Яғни, ажырасқан ерлі-зайыптылар тіл табысып, қайта қауышса, жалғызбастылары өмірлік серігін кезіктіріп, отбасылық өмірге қадам басады. Бұрынғы  көзқарастарыңыз, таным- түсінігіңіз  өзгеріп,  өмірге басқаша көзбен қарай бастайды

Арыстандар үшін мына үш сөз алдағы жылдың ұраны болады: парыз, жауапкершілік, адал қызмет. Қызметтегі жетістіктер еселеніп, лауазым жоғарылап, немесе табыс көзі мол жұмысқа ауысулары бек мүмкін. Басшылық тарапынан зор сенімге ие болып, әріптестердің алдында беделіңіз артады. Егер денсаулығыңызда қандай ма проблемалар орын алса, уайымдамаңыз, бәрі де оңынан шешіледі.

Бикештердің   махаббат әлеміндегі жолдары сәтімен өріледі. Отбасылы бикештердің қарым-қатынастары одан сайын нығайып, қуанышты сәттерге кенеледі, дүниеге сәби келеді. Романтикаға, сүйіспеншілікке толы сәттерден кенде болмайсыз. Ұстаз, тәрбиешілер үшін жемісті жыл болмақ, өйткені, балалармен атқарған ісіңіз еленіп, идеяларыңыз, жобаларыңыз бағаланады. Жалпы, бикеш белгісіндегі шығармашылық адамдардың екінші тынысы ашылып, еңбектері назарсыз қалмай, арнайы марапаттауларға ие болады.

Жылжымайтын мүлік, баспана, жер сатып алуды жоспарлаған таразылар болса жаңа жыл сіз үшін сәтті болмақ. Үйдің құрылысын бастау, бөлме санын көбейту, жөндеу жұмыстарын жүргізу, баспананы сату секілді істерге батыл түрде кіріскеніңіз абзал. Тіпті, тұрғылықты мекеніңізді ауыстырып, басқа қалаға немесе өзге елге көшуіңіз де әбден мүмкін. Ауылшаруашылық, құрылыс, жылжымайтын мүлікке инвестиция құйсаңыз,  мол табысқа кенелесіз. Отбасыңыз жаңа мүшелермен толығуы мүмкін.

Жаңа таныстықтар, жағымды кездесулер, ұзақ жолсапарлар Сарышаян белгісінде туғандар үшін келер жылдың басты оқиғасы болып саналады. Көптен ойлап жүрген жоспарыңызды іске асыруды қолға аласыз. Сондай-ақ, мансап жолыңызда  біліктілігіңізді арттырып, жаңа бағытта білім алуға құлшынысыңыз оянады.

Мергендер   келер жылы   қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізесіз. Сәтті мүмкіндіктерді, тиімді ұсыныстарды мүлт жібермеу арқылы кіріс мөлшері көбейеді.  Ұтымды идеяларыңыз бен ақшаны сауатты жұмсай білуіңіз сіздің табысыңызды арттырады. Айналаңыздағы адамдардың сеніміне ие боласыз, материалдық тұрғыдан қолдау көрсететін жандар да кездеседі.

2020 жыл  Тауешкілерді барлық салада сәттіліктер күтіп тұр. Материалдық тұрғыдағы жетістіктері өз алдына, тұлғалық бағытта да оң өзгерістер  сенімділікті күшейтіп, алға жылжуына күш береді. Өң бойыңыздағы жағымды өзгерістеріңізбен жаныңыздағы адамдарға мотивация сыйлай білесіз. Бұған дейін тұралап қалған жұмыстарыңыз алға басып, нәтиже бермей жүрген әрекеттеріңіздің дәмін татасыз.

Суқұйғыштар алдағы жылды рухани даму мен өзін-өзі тануға жұмсайды. Сіздің жан дүниеңіздің жаңарып, көзқарасыңыз өзгеруіне септігін тигізер рухани ұстаз, жетекшіңізді кезіктіруіңіз де әбден мүмкін. Жалпы айтқанда, келер жыл сіз үшін барынша тұрақты жыл.  Жұлдызыңыздың жанып, бағыңыздың еселенер жылы  2021 жыл деп біліңіз.

Келер жылда балық белгісіндегі адамдардың абырой беделі биіктейді. Сенімді серіктестер, адал достар табасыз. Қоғамдық өмірге белсене араласып, қандай ма іс-шаралардың өтуіне мұрындық боласыз. Осындай жұмыстарыңыздың арқасында ұйымдастырушылық қабілеттеріңіз көзге түседі. Аңсаған арманыңыз бен көздеген мақсат-мұратыңыздың іске асар жылы екенін ұмытпағайсыз.

Нумерологпен сұқбаттасқан Арайлым Есмағұл