26.12.2019, 15:24
Қараулар: 233
ПИРОТЕХНИКАНЫҢ ПӘЛЕСІН БІЛІҢІЗ

ПИРОТЕХНИКАНЫҢ ПӘЛЕСІН БІЛІҢІЗ

Жаңа жыл ­- қазақ еліне Кеңес Одағынан қалған мұраның бірі. Қазіргі күні Жаңа жылды күтіп, Аяз атаны Қызыр атадан бетер ерекше дайындықпен күтетініміз рас. Тіпті жаңа жыл мейрамының атрибуттары қалыптасқан, жаңа жыл десек,  ойымызға шырша, «оливье», «подшуба» салаттары, мандарин, шампан сусыны мен бенгал отшашулары, мерекелік фейерверк оралары анық.

Соңғысына тоқтала кетсек, жыл бойына ең масштабты фейерверк және жалпы пиротехника қолдану тап осы Жаңа жыл мейрамында ерекше қарқынға ие. Фейерверк алғаш рет Қытай елінде б.з.д XII ғасырда пайда болса, Италия арқылы Еуропа елдеріне жеткен екен.

Фейерверк те, пиротехника да сақтық шараларын аса қажет етеді. Көз үйренді ғой деп, баланың қолына бере салатын дүние емес.

Бір сәттік мерекелік эмоция сыйлайтын осы бір отшашулардың адам денсаулығына, қоршаған орта тазалығына тигізер салдары айтарлықтай.

Түнгі аспанды әдемі ғып айшықтайтын түрлі түсті отшашу эффектіне жету үшін пиротехника өндірісіне химиялық уытты элементтер қосылады.

Сол қоспаны ішіндегі алюминий дерматит ауруына себеп болса,  күшәла қоспалары өкпенің қатерлі ісігіне алып келуі мүмкін, мыс қоспаларының да адам ағзасында обыр ауруын тудыратын зияны бар. Нитрат қостотығы және қорғасын хлориді  балалардың дамуына теріс ықпал етеді, тіпті өсімдік және жануарларға да зияны мол.

Америкалық арнайы мамандардың мәліметіне сүйенсек,  АҚШ еліндегі фейерверк салдарынан 50.000 тонна көмірқышқыл газ атмосфераға ұшады екен. Көмірқышқыл газының бұл көрсеткіші 1093 гектар орманның өртенгенімен тең. Тағы да осы ғалымдардың зерттеуінше тіпті бенгал отының кұрамына кіретін барий зиянды металл болып табылады екен. Барий өкпеде, көкбауырда жиналып, жүрек бұлшықеті, қантамырлар жұмысына айтарлықтай кесірін тигізеді.

Пиротехникалық жарылыстың дыбыс көлемі 150-170 децибелді құрайды. Ал адам баласына 85 децибелден жоғары дыбыстар есту қабілетіне зиян. Сонымен қатар, 120-140 децибел құрайтын дыбыстар адамның ауырсыну шегінің мөлшері деп саналады.

Мерекелік отшашулар құрамының  аса зиян екенін екінің бірі білмеуі де мүмкін. Химиялық құрамы ғана зиянды емес, қолдану тәртібінің сақталмауы екі есе зардап шектіреді. Тұтынушының сауатсыздығынан немесе қолдану ережесімен жете таныспау салдары талайға опық жегізгені анық.

Облыстық басылымда жарияланған мәлімет бойынша 2018 жаңа жылдың басында облыс орталығында төрт бала пиротехника кесірінен аурухана көмегіне жүгінген екен. Ал Алматы қаласында зардап шеккендердің саны 21 адам болса, соның 15-і жасөспірім деген ақпарат бар. Ал Белорус елінің Минск қаласында дәл осы отшашулардан денелеріне зақым алғандар саны 60 жуық екен. Бұл сол жылғы рекордтық көрсеткіш. Сол ғаламтор мәліметтеріне қарасақ, жыл сайын пиротехникадан зардап шеккендердің саны азайып келе жатыр.

Тағы бір айта кетерлігі, контрабандалық жолмен жеткізілген пиротехникалар көпшілік үшін қолжетімді. Арзанның сорпасы татымасы анық. Дүниежүзінде пиротехника өндірісімен мақтанатын ел саны жеткілікті болса да, қазақ жеріне пиротехниканың басым бөлігі көршілес Ресей және Қытайдан жеткізіледі. Аталған, заңсыз пиротехниканы елімізге жеткізу статистикасы бойынша Қытай елі алға шығып ішкі нарықтың 60-70%-ын құрайды екен.

Заңсыз пиротехника айналымымен күресу жолдарына тоқталсақ, жыл сайын еліміздің полиция және төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері бірігіп «пиротехника» іс-шарасын жүзеге асыруда. Тек Алматы қаласында аталған іс-шара бойынша 2017-18 жылғы жаңа жыл мейрам кезінде 2 тонна 538 келі, ал 2018-19 жылдары 2 тонна 360 келі заңсыз пиротехника тауарлары тәркіленген.

Аталған «пиротехника» іс-шарасы біздің аудан көлемі бойынша да тұрақты түрде өткізілуде.

Ағымдағы жылдың 19 желтоқсанынан бастап, аудандық ішкі істер және төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері орталықта орналасқан дүкен иелеріне және сатушыларына арнайы ескертпемен таныстырып өтті. Ескертпемен қатар  жеке кәсіпкердің арнайы лицензиясыз пиротехникалық бұйымдарды сатуына, сақтауына және тасымалдауына  ҚР Заңымен тыйым салынатынын айтып өтті. Аталған ескерте бойынша және заң талаптарына бағынбаған жағдайда  жеке кәсіпкер ҚР ӘҚБК-нің 438-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны қатаң ескертілді.

Сонымен қатар  ішкі істер қызметкерлері дүкен иелеріне кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерге пиротехника бұйымдарын сатқаны үшін жазаға тартылатыны туралы ескертті. Рейдттің алғашқы күнінде полицейлер саудагерлерге ескерту жасаумен шектелді.

­­- Әзірге заңсыз пиротехника базар сөрелеріне қойылмаған. Дегенмен  бірер күнде отты ойыншықтарының күрт көбеюі мүмкін. Жаңа жыл мерекесі таяған кезде отшашуға сұраныс та артатыны белгілі,- деді ішкі істер бөлімінің азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының инспекторы, полиция майоры Светлана Халелова.

Біріккен қызметкерлердің түсініктеме жұмыстары дүкенмен шектелмей, мектеп қабырғасында жалғасын тапты.

Бастауыш және жоғары сынып оқушыларына сапасыз пиротехника бұйымдарымен қолданудың салдарын айтып, кәмелет жасқа толмағандарға жалпы пиротехниканы ата-ананың тікелей қадағалауымен қолдану  керектігі түсіндірілді. Түсініктеме жұмыстарымен қатар, аудандық төтенше жағдай бөлімінің бас маманы Ақылбек Сағитов пиротехника бұйымдарын қолдану ережелерімен таныстырып өтті.

— Пиротехника бұйымдарын алғаннан кейін міндетті түрде оның нұсқамасын, қағазын алып, дұрыстап толықтай танысу керек. Ғимараттың ішінде оны қолдануға болмайды. Негізі сыртта, тұрғын үйден 20 метр қашықтықта, жарылыс қауіпі бар обьектілерден 50 метр қашықтықты сақтай отырып қолдану керек. Сонымен қатар петарда түрін банка немесе басқа да жабық түрлі қораптың ішіне салуға болмайды. Ал фейерверк, ракета немесе салют түрлерін, терек астында және адамға қаратып қолдануға тыйым салынады. Жерге орнатылып аспанға бағытталатын пиротехника бұйымдарының үстінен қарап тексеруге болмайды. Мұндай жағдайда бетіңіз күйіп немесе көзіңізге зақым тиуі мүмкін.

Бенгал отының қауіптілігін де естен шығармаған жөн. Жалпы бенгал отын синтепон, мақта, дәке өнімдерінің қасында қолданбаған жөн. Аталып өткен өнімдерден көптеген жаңа жылдық әшекей немесе түрлі карнавал костюмдерін тігуде қолданылатыны анық. Мұндай өнімдерге шоқ түссе қалса, лаулаған өртке ұласатынын ескерген дұрыс, -деді бас маман.

Жалпы бенгал отымен байланысты қайғылы оқиға біздің ауданда да орын алған еді. Мақтаға түскен шоқ қызғалдақ қыздың ғұмырына нүкте қойды.

  • Қолдан тігіліп, мақтамен көмкерілген жағасы бар киім киген қыз баланың киіміне шоқ түседі. Мақта лау ете түседі. Мұғалімдері бар, басқасы бар, өртті сөндірмекке ұмтылғанда жанталасқан қыз жүгіріп ұстатпай қойды. Өрт өрши түсті. Осы оқиға салдарынан қыз еш оңалмастан көз жұмды,-дейді көзкөргендер.

Пиротехникалық құралдардан зардап шеккен жандардың бірі алматылық  Римма Асқарова есімді бойжеткен. Көпшілік «зиянсыз» санайтын отшашудың ұшқыны оның ғұмырын бір-ақ күнде тас-талқанын шығарғандай еді. Қайғылы оқиға 2008 жылы орын алады. Жаңа жылдың басталуына небәрі жарты сағат қалғанда  Римма балконға шығып, сатып алған отшашуды жағып көрмекке бел буады. Алайда, әлгіден тараған ұшқындар Римманың  бір көзін жалмайды. Қатты қорыққан ол сол жерде есінен танып құлап қалыпты. Жедел-жәрдем бірден ауруханаға жеткізеді. Алайда бәрі кеш еді.  Сол жақ көзінің беткі қабаты күйіп кетіпті. Содан бері ол 11 отадан өтеді. Алайда, өзі күткендей еш нәтиже көре алмайды. Биыл Испанияда тағы бір ота жасалды.  Римманың БАҚ өкілдеріне берген сұқбатына сүйенсек, испаниялық мамандар  оның көз жанарын қалыпқа келетінін айтып сендіріпті. Сенімі алдамасын деп тілейік.

Әдемі келбетін отшашу зақымдаған осы Риммамыз «отшашуға қарсымын!» деген бастама көтеріп, акция ұйымдастырған еді. жиырмадан енді асқан шағында он бір рет пышаққа түсіп үлгерген Римманың бастама көтеруі әбден орынды-ақ.

  • Адамдар бір күндік мереке, бір сәттік эмоция үшін өмір бойына опық жемесе екен,-дейді ол.

Ойға түйерлік оқиға. Мың адамның біреуі осындай оқиғаға тап болуы мүмкін. Екінің бірі екі күннің бірінде, қарапайым туған күнде атқылап жатқан отшашуы емес пе деп, салғырт қарамаңыз. Опынып қалмаңыз!

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ