26.12.2019, 9:53
Қараулар: 195
АУЫЗ СУҒА АЛАҢ БОЛМАЙМЫЗ

АУЫЗ СУҒА АЛАҢ БОЛМАЙМЫЗ

Тілеген Арыстанбековтың төрағалығымен өткен қоғамдық кеңесте көпшілік назарына ұсынылған баяндама алдағы уақытта аудан бойынша ауыз су мәселесі оң шешімін табатынын көрсетті.

Күн тәртібі бойынша, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Раушан Абдуллина «2019-2021 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы және «2020-2022 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» айтып өтсе, өз кезегінде аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Радик Ғұмаров бюджеттік кіріс бөлігінің орындалу барысы туралы баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, 2019 жылдың 11 айында мемлекеттік бюджеттің жоспары 111,8%-ға орындалды, яғни жоспардың көрсеткіші 502 млн. 892 мың теңге боп белгіленіп, қазына қазанына 562 млн. 501 мың теңге түсті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өсу қарқыны 164,0% құрады немесе 219 млн. 694 мың теңгеге артық екен.

Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» бойынша ауыз суымен қамтамасыз етудің жағдайы туралы есеп берді.

–  Ауданымыздағы 22 ауылдың 14-і таза ауыз суымен қамтылған (63,6%). Биылғы жылдың аяғына дейін екі елді мекенде (Тайғара және Үштерек) су құбыры құрылысының жұмыстары аяқталады. Сонда су құбыры тартылған ауылдардың саны 16 бірлікке жетеді, немесе 80% көрсеткішіне тең.  Сонымен қатар, аудандық мәслихат  шешімімен Бескөл және Макар елді мекендерін тарату жөнінде шешім қабылданып, қазіргі таңда облыстық мәслихатқа облыс әкімдігімен бірлескен шешім қабылдануы үшін тиісті құжаттар жолданған еді. Ал Орда және Сейтәлі ауылдарының тұрғындары ауыз суды құдық немесе ұңғымалар арқылы пайдаланып отырған себептен, су құбырын тартудың қажеттілігі жоқ деп санаймыз. Ал қалған Тереңқұдық елді мекені облыстың 2020-2024 жылдарда қаржыландыруды талап ететін нысандардың тізбесіне ұсынылды. Жоспар бойынша Тереңқұдық елді мекенінде ауыз су тарту  жұмыстары 2022 жылына дейін жүзеге асырылады деген ой бар. Аталған ақпаратты ескере отыра, 2022 жылы аудан көлемі толықтай (100%) ауыз суымен қамтылады деп күтілуде. Ал Мұратсай ауылындағы су құбырын реконструкциялауға 2019 жылы конкурс жарияланып, мердігер «Жиенбай» ЖШС болып анықталды. Биылғы жылға қаржы қарастырылмағанына байланысты, жұмыс жүргізу кезеңі келесі жылға қалдырылды, -деді Біржан Нұрланұлы.

Кеңес отырысы соңында Орда ауылдық округінің әкімі Медет Сисенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған жұмыстарымен таныстырып өтті.

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ