26.12.2019, 9:40
Қараулар: 110
ЖАУАПТЫ ҚЫЗМЕТТЕГІЛЕРГЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖЕТІСПЕЙДІ

ЖАУАПТЫ ҚЫЗМЕТТЕГІЛЕРГЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖЕТІСПЕЙДІ

Биыл Бөкей ордасы ауданында шамамен 86 мың мал қыстатылуда. Жазғы жауын  шөптің шығымдылығына оң әсер етті. Тиісінше малға қажетті 135300 тонна қысқы азық жинаулы. Оның сыртында тағы да 8000 тоннадай мал азығының қоры жасақталған. Бұл жайында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның отырысында аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайроллин хабарлады.

Комиссия мүшелерімен бірге мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысқан бұл отырыста Сүйінбек Жексенбайұлы шөп қорымен қатар ауылдық округтерге саттықа жем жеткізу мәселесі де ұйымдастырылғанын тілге тиек етті. Ауданымыздағы 3696 түтіннің тек 756-сы ғана мал ұстамайтынын ескерсек, малының қамын жейтін қалған 2940 түтін үшін бұл өте маңызды жайт. Мал қыстатып отырған 508 қыстақ та осы санатта. Жалпы хабарламашының баяндауынша, қыстың алғашқы айы артта қалғанымен мал әлі де шөпке тұрған жоқ, жоспарлы азығы да даяр тұр. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ, бірақ та әзірлікті бәсеңдетпеу маңызды.

Мінберге шыққан алты ауылдық округ әкімдері де өз тарапынан төтенше жағдайлардың алдын алу үшін атқарылған шараларынан хабардар етіп, азды-көпті олқылықтарды ортаға салды.

Аудандағы коммуналдық шаруашылық пен білім, мәдениет, денсаулық сақтау нысандарының қысқа қамданысы мен өту барысы хақында сөз алған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин ауылдық округтерде жүргізілген кезекшілік жауапты қызметтегі кей азаматтарымыздың жауапкершілігі кемшіндігіне тоқталды. Аудандық аурухананың басшысы Анарбек Белисанов өз қарамағындағы нысандарда атқарылған шараларды айтып, шағын медициналық пункттерде көгілдір отынды жағу міндеті тазалықшыларға жүктелгенін жеткізді.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ