12.12.2019, 18:32
Қараулар: 388
ХАСАНҚОЖА ЧЕМПИОН! 

ХАСАНҚОЖА ЧЕМПИОН! 

Жерлесіміз Хасанқожа Самигуллин қоржынына тағы да бір алтынды салып, екінші мәрте әлем чемпионы болды.

Пауэрлифтингтен Қазақстанның абсолютті чемпионы, үш дүркін Қазақстан чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы, 2017 жылы Мәскеу қаласында өткен әлем чемпионатында да бас жүлдеге ие болып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын жеңіп алған жерлесіміз Хасанқожа биыл да сол Мәскеу төрінде өткен классикалық пауэрлифтингтен жасөспірімдер және ерлер арасында V әлем чемпионатында мықты екенін қайыра дәлелдеді. Жүзден жүйрік анықталған бұл дүбірлі бәсекеде 64 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз Хасанкожа Самигуллин классикалық жатып сығымдап көтеруден 160 келі зілтемірді енсеріп, І орын алып, 2 дүркін әлем чемпионы атанды. Айта кетелік, Хасанқожа 2017 жылы 59 келі салмақпен 150 келілік зілтемірді көтеріп, қазыларды таң тамаша қалдырып,  37 елден 3500 жуық спортшы қатысқан бұл доданың да жеңімпазы болды.

Анасы Жанна Сұлтанованың айтуынша, бұл бәсекеге қатыспас бұрын Хасанқожа Алматыда өтетін Қазақстан чемпионатында бағын сынауы керек еді. Алайда, дайындық кезінде алған жарақатына байланысты одан бас тартуға мәжбүр болған.

-Одан соң дайындалуға да болмайтын еді. Шұғыл түрде денсаулықты қалпына келтіруі қажет болды. Десе де, ұлым әлем бәсекесінде жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл оның тынымсыз дайындығының, қатаң тәртіптің,өзіне деген сенімнің жемісі,-дейді Жанна Әлімқызы.

Ал Хасанқожаның өзі: «Ештеңеге қарамастан әлем чемпионы атануым маған сенген ата-анамның, жұбайым мен қызғалдақтай қызымның, қолдау білдірген демеушілер мен танитын-танымайтын жанашырларымның арқасы. Ең бастысы бапкерім Денис Чайковскийдің еңбегі»,-дейді зор ризашылықпен.

Жеңіс құтты болсын, сәттілік серігің болсын!

Раушан БАҚЫТОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар