12.12.2019, 17:43
Қараулар: 328
ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ, ТОҢДЫРДЫ МЕНІ…

ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ, ТОҢДЫРДЫ МЕНІ…

Гүлнәр Хасенова:

  Желтоқсан көтерілісі тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жастарының, рухы мықты, ұлтын, елін шексіз сүйген қазақтың нар ұлдары мен қайсар қыздарының  өр мінезін әлемге паш еткен  аса маңызды оқиға еді. Желтоқсан айы жақындаған сайын бойымды өздігінен үрей билеп, беймаза күй кешемін. Өйткені, сол күні қанға бөккен алаңда мен де болдым. Көтеріліс басталмастан бір күн бұрын белсенді еріктілер тобы біз тұрған жатақхананың бөлме-бөлмесін  аралап, үгіт  жұмыстарын жүргізді.  «Қазақ болсаңдар, ұлтжанды болсаңдар  ертең ортаңғы алаңға келіңдер. Егемендігімізді ешкім де, ешнәрсе де тартып ала алмайды» деп  ұранды сөздерімен жігерімізді қайрап, алаңға шығуға шақырды. Ол кезде мен  Халық шаруашылығы институтының  экономика бөлімінің үшінші курс студенті едім. Уәделі күні қасымдағы құрбыларыммен алаңға бардым. Жиылған  жастар  «билік басына қазақ ұлтының азаматы келсін» деп үндеу тастады. Бірақ сол күні алаңда ұзақ бөгелмедік, кері қайтуымызға тура келді. Екінші күні де алаңнан табылдық. Студенттердің жиыны ғана, шамалы уақыттан соң үй-үйге қайтамыз деп жорамалдадым. Сол күнгі ереуілдің осыншама ауқымды сипатқа ие болып қана қоймай, қайғылы аяқталуы мүмкін дегенді еш ойламаппын. Өйткені, түрлі факультеттің, тіпті өзге де оқу орнының студенттері көп жиналыпты.  Бір бірінің қолдарынан қапсыра ұстап, қаз қатар боп тігілген жастардың алдыңғы легіне өте алмадық Соңғы қатардан табылып, жан-жағымды шолумен болдым. Қолдарына дубинка ұстаған милиция өкілдерінің түрлері де өте сұсты. Бір кезде алдыңғы қатардағы қыз-жігіттерді соққыға жыға бастағанын анық байқадық. Қолдарына ұстап алған жуан ағаш сойылдарымен  аяусыз ұрып, жансыз затты тепкілегендей таяқтың астына алып жатты. Қазақ жастарына әмірлерін жүргізе алмасына көздері жеткен соң еш аяусыз  қысым көрсетуге  көшті. Әп-сәтте аппақ қармен жабылған жердің беті қып-қызыл қанға боялып шыға келді. Өте сұмдық көрініс еді. Бір кезде күтпеген жерден аға-жеңгем келіп қалмасы бар ма?! Сөйтсем, олар да көтерілістің белең алғанын естіп, бірден жатақханаға келіпті.  Бөлмемде жоқ екеніме көз жеткізген соң жан ұшыра артымнан алаңға жеткен екен. Мені үйге алып кетті. Кейін сол оқиғаның дүбірі  басылған бойда жатақханаға оралдым. Жатақхана студенттерімен тегістей таныс болмасақ та  сырттай біліспіз. Біразы бірнеше күн  тергеу изоляторына қамалып, азаптаудың  небір тұрқысын бастан кешіріпті. Алдыңғы лекте қасқайып тұрғандардың аражігін ажырату үшін өрт сөндіру көлігімен  үстеріне  салқын су шашыпты. Сол күннің ызғары адам төзгістей еді.  Бірақ оған да  мойымай, қасқайып тұра беріпті. Ауыр соққыдан есеңгіреп, талықсыған қыз-жігіттерді тау жаққа қоқыс секілді лақтырып кетіпті дегенді естіп жағамызды ұстадық. Мен желтоқсан оқиғасының куәгері ғанамын, ереуілдің соңына дейін қатысып, тәуелсіздікке қол жеткізген Қайрат, Ляззат, Сәбира, басқа да ержүрек замандастарым секілді  қаһармандық іс қылдым деуге аузым бармайды. Өйткені,  тайсалмай, қорықпай, батыл түрде өктем билікке қарсы бой көтерген қазақ жастарының біразы ажал құшты. Біразы қудаланды, оқудан шығарылды, жұмыссыз сандалып, теперішті аз көрмеді. Өз алдымызға бөлек отау тігіп, дербес ел атанғанымыз солардың арқасы ғана. Әлбетте, осы оқиғадан соң орыс ұлтының оқытушылары  қазақ студенттеріне қырың қарай бастады. Әсіресе емтихан барысында  сұрақтың астына алып, аяқтан шалуға тырысып бағатын. Жақсы оқысам да көрсеткішімді төмендетуге аз талпынған жоқ. Оған бола көңіл-күйімді түсірмедім де. Содан бері 33 жыл өте шығыпты.  Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың біразы бүгінде отбасылы, үйлі-баранды, түрлі қызметте. Алайда, сол күннің ызғары жүрегімізде, көңіл түкпірінде мәңгіге қалып қойғандай. Ұмытылмайды екен…