4.12.2019, 14:30
Қараулар: 504
«…БҰЛ БІЗДІҢ БАСЫЛЫМ!»

«…БҰЛ БІЗДІҢ БАСЫЛЫМ!»

Баспасөзге жазылу аудандық газеттен басталуы тиіс. Бұл өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында қалыптасқан қағида еді. Сол кездегі «Союзпечать»  пошта байланысы қызметкерлері де, оқырмандар да оны берік сақтайтын. Соның арқасында сексенінші жылдары «Орда жұлдызының» таралымы жеті мыңға дейін жеткен-ді. Әр сауатты отбасы аудандық, облыстық, республикалық басылымдарды көптеп алатын. Әсіресе, «Жұлдыз», «Жалын», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Ара»  журналдарымен қатар «Балдырған», «Ақ желкен», «Білім және еңбек» балалар мен жасөспірімдер басылымдары біраз үйдің төрінен табылатын.

Сол кезеңнің және бір ерекшелігі ­ тұрғындар газет-журналды оқып қана қоймай, өзара пікір алмасып, талқылайтын. Отар соңында жүрген қойшы да етегінің қонышына қыстыра шыққан «Жұлдыздан» ақын-жазушылардың ұнаған шығармалары туралы келелі ой қозғайтын.  Сөз саптаулары байыпты, талғамдары жоғары еді. Қаймағы бұзылмаған қазақылықтың иісі аңқитын еді.

Тәуелсіздік алғалы бері керісінше, осы қазақылығымыздан ажырап бара жатқандаймыз. Бұрын қаладағы қандастарымыз орыстанып бара жатыр десек, қазір қала тұрмақ, ауылдың өзінде балаларымыз орысша былдырлап жүр.

Тілден айырылу ­– ұлттықты жоғалту. Кеңес кезінде қос тілділік ұраны көтерілгенде ұлт зиялылары «айыр тіл тек жыланда ғана болады» деп өре түрегеліп еді. Қазір қос тілділікті қойып, үш тұғыр деп үш тілділікке көштік. Қайырын берсін дейміз ғой.

Тіл мәселесін, бала тәрбиесін, адам өміріндегі, аудан тірлігіндегі басқа да түйткілді тақырыптарды аудандық басылым тұрақты түрде қозғауда. Бірақ, үн қатып, ой қосып жатқандар кем де кем. Жауырды жаба тоқып, көз алдаумен күн өткізудеміз, әйтеуір.

Жаппай жекешелендіру басталған шақта «Орда жұлдызына» да жабылу қаупі төнді. Аудандық газет редакциясы ақпарат тарату орталығына айналып, баспахана жабылып, тілшілер штаты қысқарды. Газет екі адаммен айына екі рет шыққан да кез болды.

Қазір газет айтарлықтай өзгерген. Аудан жаңалықтарын оқырманға жүйелі жеткізіп, тың тақырыптарды оқылымды ғып беруде. Сараптама материалдар да дүркін-дүркін жарияланып тұрады. Айдарлар, арнаулы беттер тартымды, талғамы биік оқырманның талабынан шығып отыр. Аудандық газеттегі бүгінгі жас әріптестеріме қаламдарыңыз ұштала берсін, жазар жақсы жаңалықтарыңыз еселене берсін деймін.

Ал, оқырманға айтарым, биыл 90-ға толатын аудандық басылымға жаппай қолдау көрсетіп, әр отбасы бір жылға толық жазылайық. Тек оқып қана қоймай, хат жолдап, пікір айтайық, ой қосайық. Өйткені, бұл біздің басылым, «Орда жұлдызы» қозғаған әр мәселе – сіз бен бізге ортақ мәселе.  Қай-қай басылым да оқырманымен күшті.

Каримолла ҒАЙСИН,

ардагер журналист,

Сайқын ауылы