4.12.2019, 12:34
Қараулар: 217
Мерейтой иесіне құрмет

Мерейтой иесіне құрмет

Ауданның дамуына сүбелі үлес қосып, еңбегімен еленген азаматтардың мерейтойы мен қуанышты сәттерін бірге бөлісуді дәстүрлі бастамаға айналдырған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов бұл жолы ұзақ жылдар түрлі лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, медиатор, бүгінгі таңдағы «Ару ана» әжелер клубының жетекшісі Шәкира Ишанғалиеваны қабылдап, мерейлі жетпіс жасымен құттықтады.


-Ардагерлер алдымыздағы ақылшымыз. Өскен өңірі, туған мекенінің кемел келешегі үшін аянбай қызмет қылып, еңбекқорлық пен ұлтжандылықтың нағыз үлгісін көрсетіп берген Шәкира Мәдиқызының саналы ғұмыры өскелең ұрпаққа өнеге екендігі сөзсіз», – дей келе құттықтау хатын табыстап, камзол кигізіп, иығына ақ жаулық жапты.
Бұдан соң құттықтаулар легін әкім орынбасары Лариса Қайырғалиева, мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов және өзге де мекеме басшылары, үзеңгілес жора-жолдастары жалғастырды. Ардагерлер кеңесінің мүшесі Марат Қадешев, аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Зияш Зайноллина, ауыл әкімдігінің атынан Бисен Қадыровтар да мерейтой иесіне тілектерін ақтарып, сый-сыяпаттарын табыстады.

құттықтаймыз

Басқа да мақалалар