28.11.2019, 12:36
Қараулар: 188
ӘЙЕЛ БЕЛСЕНДІЛІГІ ОЙ ТАСТАСА ИГІ

ӘЙЕЛ БЕЛСЕНДІЛІГІ ОЙ ТАСТАСА ИГІ

 Облыс орталығындағы салтанат сарайында өткен Батыс Қазақстан облысы әйелдерінің «Әйелдер көшбасшылығы: жетістіктер және мүмкіндіктер» атты іскер әйелдер форумына қатысқан едім. Аталған форумға облысымыздың әр аудандарынан іскерлігі мен білігі ұштасқан, көшбасшылыққа араласып жүрген нәзік жандылар көптеп қатысты. Осындай құрметке ауданымыздың атынан «Азамат» жеке кәсіп жетекшісі бисендік Күләш Биданова, «Ақбота» бөбекжай директоры ханордалық Аягөз Түсіпқалиева ие болды.

Форум негізінен «Іскер әйелдер көшбасшылығы» және «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» тақырыптары төңірегінде өрбіді. Әр отырысқа бес спикерден  қатысып, өз ойларын ортаға салды. Көшбасшы әйелдер іскерлік әлемі мен онда жеткен жетістіктерін айтып, озық ойларымен бөліссе, кәсіпті нәсіп еткендер өздерінің бастамалары, әйелдер кәсіпкерлігінің  мүмкіндіктері және келешегі туралы әңгімелеп, алдағы жоспарларын тілге тиек етті. Еркін форматта өткен  шараға әр жерден келген қыз-келіншектер өзара емен-жарқын сөйлесіп, жеткен жетістіктерімен бөлісті, кәсіпкерлік тұрғыдан алған тәжірибелерін ортаға салды.

Ұлағатты ұстаз, облыстық аналар кеңесінің жетекшісі Шалқыма Құрманалина: «Бүгінгі қазақ әйелі-өзінің алдыңғы апаларының салтын ұстап, үрдісін жалғап, алдымен Қыз, Ана, Жар, отбасының ұйтқысы бола білу, отбасының құндылығын арттырып, бала тәрбиелеуде өз рөлін жоғалтпау керек. Сонда ғана бүгінгі қазақ әйелі өзінің табиғи болмысына сай, отбасына адал, қоғамның барлық саласында қызмет атқара алатын білімді, білікті, іскер әйелге айнала алады»,- деген сөзі бәрімізге үлкен ой тастады. Мен бұл форумға қатыса отырып, қазақ қызы апаларының жолымен сөз бастап жатса, бетінен қақпай, белін буған жөн болар. Қоғамда әйелдердің белсенділігі күшейсе, ол ерлерді үркітпей, керісінше ойландыруы тиіс деген тоқтамға келдім.

 

Мәншүк МҰХАМЖАРОВА,

Ш.Жексенбаев атындағы орта

мектеп-бөбекжай кешенінің директоры,

Ұялы ауылы