28.11.2019, 12:34
Қараулар: 50
ЗЕРГЕРЛІК МҰРА НАСИХАТТАЛДЫ

ЗЕРГЕРЛІК МҰРА НАСИХАТТАЛДЫ

Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығында «Атадан қалған асыл өнер» атты танымдық іс-шара өткізілді.

 

Шараға Хан Ордасы ауылының тұрғындары, соның ішінде көне зергерлік бұйымдарды бүгінгі күнге дейін өз бойларынан тастамай тағып, сақтап жүрген ақ жаулықты әжелер және Жәңгір хан атындағы жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары қатысты.

Қатысушылар назарына «Қазақтың әшекей бұйымдары» атты тақырыптық бейнефильм ұсынылып, қазақы дәстүрдегі зергерлік бұйымдарға қатысты түрлі мәліметтер таныстырылды. Күміс әшекей бұйымдардың түрлері, олардың қасиеті, бойға тағудағы ерекшеліктері мен түрлі ырым-тыйымдар жөнінде баяндалды.

Адамның әр дене мүшесіне тән өзіндік әшекей бұйымдары болса, олардың басым бөлігі бет-ажарын көмкеретіндей бас киімінен бастап, құлақ, мойын, білек-саусақтарға және сырт киімдерге де арнайы тағып отырған. Олардың өздері жасалу ерекшелігіне сай, сол зергерлік бұйымды тағатын әйел адамның жас ерекшелігіне қарай сан түрге бөлінеді. Мысалы: бойжеткен жас қыз-келіншектер құлағына тағатын сырға түрлері — ай сырғалар, көзді сырғалар, күмбез сырғалар, салпыншақ сырға, шашақты сырға, т.б. тақса, апа-әжелер кимешек киетіндіктен сырғаны көп қолданбай, құдағи жүзік сияқты мәртебесін анықтайтын сақина мен білезік түрлерін таққан екен. Ал, мойынға тағатын әшекейлер алқа, бойтұмар және өңіржиектерді тек сәндік үшін емес адамды бәле-жаладан, тіл-көзден сақтайды деген ұғыммен де қолданған. Киімге тағылатын күміс әшекейлер қатарына түйреуіштер, түйме, тана, үзбе, қапсырмалар жатады. Аталмыш бұйымдар таза күмістен арнайы зергердің қолымен өңделіп соғылады. Осы орайда зергер әшекейлерін дайындау тәсілдері мен музей-қорық қорында сақталған көне ұста-зергерлердің қолданған көрік, төс, қысқаш, қашау, егеу, балға және т.б. секілді түрлі көрнекіліктер қолданылып таныстырылды.

Сондай-ақ, шара барысында шақырулы қонақтарымыздың бірі Мұсағалиева Аққоян әжеміз қазақтың күміс әшекей бұйымдарын тағудағы басты маңыздылық әйел сұлулығын ашуда ғана емес, адам денсаулығы мен тән тазалығына да ықпалы зор екендігін, оларға қатысты ырым-тыйымдардың дұрыстығы жөнінде жастарға әңгімелеп берді.

Шара соңында  «Хан Сарайының» қару-жарақ палатасы» музейінде орналасқан зергерлік бұйымдар залында арнайы тақырыптық экскурсия жүргізіліп, қордан алынған зергерлік жәдігер бұйымдарды жас бойжеткендер қолмен ұстап, бойына тағынып көріп, алған әсерлерімен өзара бөлісіп жатты.

 Алихан КАРИМОВ,

облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық, музей қорығының бөлім меңгерушісі