28.11.2019, 12:21
Қараулар: 1149
ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ТАҚТАСЫ

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ТАҚТАСЫ

Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының құнды жәдігерлер бірі– тоғызқұмалақ ойынының тақтасы. Қазақта кең тараған тоғызқұмалақ ойыны әлемдік мәдениетінің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын интеллектуалдық ойын, логикалық  ойлау өнері.

Бұл жәдігер біздің қорға тапсырылғалы 35 жылдан асып кетті. Тоғызқұмалақ тақтасын бізге Орталық мемлекеттік музейдің қалпына келтірушісі, Алматы қаласының тұрғыны Валихан Накупов 1983 жылы тапсырған болатын.

Тоғызқұмалақ ағаштан ою әдісімен жасалған. Оның отаулары ортадағы екі қазанды айнала, иіле орналасқан. Тақтада 18 ұя (кіші отау), ұяшықтардың тереңдіктері 2 см, ортасында  сопақша келген 2 қазан (үлкен отау) ол ұяшықтардың тереңдігі 2,5 см, ұзындығы 10,5 см, ені 7 см. Ұяшықтардың айналасына әдемілік үшін кішкентай шегелер қағылған. Бетінде әсемдік үшін 6 гүл тәріздес және 2 жарқанат бейнесінде сүйектен жасалып уақ шегелермен бекітілген фигуралар бар. Тақтаның айналасы тіс тәрізде ойылып жасалған.

Тоғызқұмалақ – есептеуге негізделген қазақтың дәстүрлі ұлттық ойыны. Аталмыш ойынның «Тоғызқұмалақ» деп аталуы жайында түрлі пікірлер қалыптасқан. Басқа сан емес, 9 санымен аталуы қазақы түсінікте бұл санның қасиетті саналғандығынан болса керек. Мәселен, «тоғыз жолдың торабы» немесе «тоғыз қабат торқадан, тоқтышақтың терісі артық» деп келетін бірқатар сөз орамдарының қалыптасуы тегін болмас.

Тоғызқұмалақ екі адам арасында ойналатын ойын болғандықтан олардың әрқайсысына 1 қазан, 9 отау мен оларға тоғыз-тоғыздан салынған 81 құмалақ тиесілі болады. Тоғызқұмалақ ойынында әр отаудың өзінің аты бар. Ол көшпелі ортада ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың тұрмыс-тіршілігінен туындағандығын көрсетеді. №9 отау – маңдай; №8 отау – көкмойын; №7 отау – қандықақпан; №6 отау – белбесар; №5 отау – бел; №4 отау – атсыратар, №3 отау – ат өтпес; №2 отау – тектұрмас; №1 отау – арт деп аталады. Әр отауға 9 құмалақтан салынатындықтан ойын барлығы 162 құмалақпен ойналады.

Гүлзада ӘБІЛХАЙРОВА,

БҚО Хан Ордасы тарихи-мәдени,

архитектуралық-этнографиялық музей-

қорығының бөлім меңгерушісі