28.11.2019, 12:14
Қараулар: 46
ЖАСТАРДЫҢ ЖАЛЫНДЫСЫ МЕН ҚАРЫМДЫСЫ МАРАПАТТАЛДЫ

ЖАСТАРДЫҢ ЖАЛЫНДЫСЫ МЕН ҚАРЫМДЫСЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Аудандық мәдениет үйінде түрлі сала бойынша жылдың үздік жастарын марапаттау салтанаты өтті. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және «Нарын жастары» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған бұл марапат осымен төртінші рет өткізілді. «Жастар жылында» жастарымыздың қарқыны қалай болғанын көзіқарақты оқырман өзі бағамдай жатар. Сонымен…

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов жыл үздігі танылған аудан жастарын құттықтап, жастар күшімен атқарылған игі істер, жастарға жасалған қолдау шаралары мен туған жерден еңбек көзін тапқан жас кәсіпкерлердің бастамалары туралы айтып, жақсы істің жалғасты болуын тіледі.

Бір емес, үш бірдей адамның жанына араша болған Орал қалалық полиция қызметкері, сайқындық Асылхан Темірхановтың батырлығы, батылдығы жайында газетімізде жариялаған едік. Салтанатты шара Асылхан Бисенбайұлын «Жыл жаңалығы» аталымымен  марапаттаумен басталды.

Сан түрлі аурудың алдын алу, күн-түн демей  науқастардың дертіне шипа іздеу, үлкен мен кішінің көңілін табу сынды қасиеттерді бойына берік сақтаған аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Мөлдір Абатованың ізеттілігі, ибалылығы да шағын ақпарымызға арқау болған-ды. «Үздік жас медицина қызметкері» аталымына Мөлдірдің лайық деп танылғаны көптің тілегінен шықса керек.

«Үздік жас ұстаз» атанған Қ.Сағырбаев атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Асыл Бақыттың жас та болса, қол жеткізген жетістігі молынан. Биология пәнінен республикалық «Педстандарт» олимпиадасының жүлдегері, ІІІ республикалық «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» байқауының облыстық кезеңінде «Үздік сабақ» аталымы иегері, облыстық физика, химия, информатика, биология пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерге арналған «Пән мазмұнын игеруде CLIL әдістемелерін тиімді қолдану» атты семинарда «Ең үздік полиглот» атағы ие болған. Аудан әкімі Н.Рахымжановтың ғана емес, Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың «Алғыс хатын» иеленіп үлгеріпті.

Пауэрлифтингтен өткен түрлі облыстық, республикалық жарыстарда ауданның атын шығарып жүрген Жәңгір хан орта мектебінің оқушысы Әдемі Хамит «Үздік жас спортшы» номинациясын иеленді. Талдырмаш қыз баланың зілтемірді көтереді дегенге сену қиын. Алайда, Әдемінің жеткен жетістіктері жетерлік. Тек биылдың өзінде жас спортшымыз Қазталов ауданында өткен ашық біріншілікте,  пауэрлифтингтен жасөспірімдер мен жастар арасында өткен БҚО чемпионатында І орын алған жас спортшымыз Семейде өткен республикалық жарыста 36 кг салмақ дәрежесінде І орын алып, аудан ғана емес, облыс атын асқақтатты. Нәзік болмысына қарамастан толағай күш иесін екенін танытқан Әдеміміздің алар асуы әлі де алда екеніне бек сенімдіміз.  Ендеше, іске сәт дейміз!

Тағы бір жас өреніміз М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің оқушысы Нұрсәт Сұлтаниярдың да жүлде қоржыны жетістікке толы. Марапатқа әбден лайық. Қара домбыраның күмбірімен көрерменін еліте білген, саз мектебінің шәкірті Нұрсәт Сұлтанияр ауданның «Үздік жас өнерпазы» деп танылды. Ол Бурабай қаласында өткен республикалық «Творчества без границ» атты аспапта орындаушылардың шығармашылық байқауында І орын, балалар музыка мектептері және өнер мектептеріндегі жас музыканттардың 52- облыстық фестивалінде ІІ орын, «Дала сазы» республикалық байқауының бас жүлдесін иеленген. Енді келер жылдың мамын айында Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында өтетін халықаралық байқауға жолдама алған Нұрсәт онда да «Орда – өнерлілер өлкесі» екендігін танытпақ ниетте.

«Жыл үздігі» марапатына ие болған Өмірбек Ахатов нәпақасын жолаушы тасымалынан тапқан жас кәсіпкер. Осы қара жолдан табыс көзін айырып жүргеніне бірнеше жыл болған. Ресми түрде «Умирбек» жеке кәсіптің иесі боп тіркеліп, салық төлеуден еш жалтырмай, аудан экономикасына өзіндік үлесін қосып жүрген жас. Ауылдастарын діттеген жеріне жеткізіп, алғысын алып жүрген Өмірбегіміз «Үздік жас кәсіпкер» аталымына ие болды

Ертеңінен зор үміт күттіретін  газетіміздің жас тілшісі Нұршат Мұхамбетқали осы жиында «Үздік жас мектеп көшбасшысы» атанды. М-С. Бабажанов атындағы орта мектептің озаты Нұршан спортшы Әдемі мен өнерпаз Нұрсәт сынды өзін шыңдаудан шаршамайтын жас десек қателеспеймін. Түрлі байқауға қатысып, сол байқаулардан жүлдесіз қайтпаған талапты жас. 2019 жылы Қазақстан тарихы пәнінен Е.Бекмаханов атындағы І республикалық олимпиадасында І орын,  республикалық «Дала сазы» байқауында бас жүлде алып, Алматы, Ташкент, Ыстықкөл қалаларында өтетін байқауларға жолдама ұтып алған, облыстық «Балдаурен» балалар шығармашылығы фестивалінің поэзия жанрында бас жүлде, аудандық «Жайық толқыны» фестивалінің поэзия жанры бойынша І орын, аудандық пәндер олимпиадасының І орын иегері.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында ұйымдастырылған «Менің мамандығым – менің мақтанышым» атты байқауда «Мазмұнды бейнеролик» аталымын иеленген, «WorldSkills Kazakhstan» өңірлік чемпионатында «Үздік маман» сертификатын, аудандық «Үздік оқырман» байқауында жүлделі орынды иеленген Бөкей ордасы колледжінің студенті Аяужан Маратова бұл шарада «Үздік студент» атанды.

Биылғы жылдың «Үздік жас маман» аталымы республикалық ұлттық олимпиада қатысушысы, еңбектері республикалық сайттарда жарық көрген, тәрбиеленушісі Айназ Самиғолла «Таңғажайып картина» байқауында бас жүлдені иеленген балабақ тәрбиешісі ханордалық Нұржамал Сарғұлақоваға бұйырды.

Саятшылықты серік еткен, жеті қазынаның бірі саналған тазыларды асырап, үнжариямыздың кейіпкері де болған Айтқазы Хамидоллин «Үздік жас ерікті» номинациясына ие болды.

Байқасаңыз, жастарымыздың әрқайсысы бір төбе. Ендеше, жалындаған жастарымыздың қатары толығып, өркендері өсе берсін.

Раушан БАҚЫТОВА

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар