28.11.2019, 11:37
Қараулар: 204
ХАНОРДАЛЫҚ  ОҚЫРМАНМЕН  ЖҮЗДЕСТІ

ХАНОРДАЛЫҚ  ОҚЫРМАНМЕН  ЖҮЗДЕСТІ

Талғамы биік оқырманның сұранысына сай газет қандай? Дәл осы сауалдың жауабын білмекке  редакция ұжымы болып, Хан ордасы ауылына  жол тартқан болатынбыз. Уәделі уақытта  Орда ауылдық  округіне жетіп,   әкімі Медет Сисенов бастаған бір топ мамандармен дөңгелек үстел басында бас қостық.

– Ауданымыздың үнжариясының сыртқы дизайны ғана түрленген жоқ, ішкі мазмұны да байып, сүбелі мақалалар, танымды ақпараттарға толыққанына куәміз. Қоғамның көкейтесті мәселерін назарсыз қалдырмай, уақытылы қозғап, талқыға салып жүргендеріңіз де құптарлықтай іс. Өйткені, қоғамның кемшін тұстарын ашық айтып, жақсылығын еселеп, артықшылықтарын дөп көрсету газет тілшілерінің парызы деп білеміз. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ел көлемінде қоқыс тастау мәдениетінің әлі де ақсап тұрғаны рас. Ең сорақысы көшенің тазалығына бейқам қарап, үйінен  ала шыққан қоқыс пакеттерін  полигонға емес, көшелерге, т.б. рұқсат етілмеген орындарға қойып кететіндер көзі ашық, жоғарғы лауазымдағы немесе кәсіптері шалқыған жерлестеріміз. Осы тұлғаларымыз ауылдың тазалығын  сақтауға мүдделі болмаса онда басқаларына несіне ренжиміз?! Сондықтан  көше тазалығын сақтау, урналарды мақсатты пайдалану, т.б. проблемаларды жиі қозғасаңыздар екен. Сондай-ақ,  аудандық басылымнан карикатура, шарж секілді шығармашылық жанрларды  көргіміз келеді, – деп түйіндеді ауыл әкімі.

Бұл шараға  ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сисен Байзонов та келіп, байырғы оқырман ретіндегі өз ой-пікірін жүзбе-жүз білдіруді жөн көріпті.

– Айтылған сөздерге толығымен қосыламын.  Газетіміздегі ауқымды өзгерістер, әрине қуантады. Өйткені, бүгінде оқырманның талғамы өсті. «Шетелдегі бөкейліктер», «Елтаным», «Тұғырлы тұлға», т.б.  айдарлар көңілімізден шығады. Ағымдағы ақпараттармен қоса  спорттық, мәдени жаңалықтарды дер кезінде хабардар ету тілшілердің жеделдігін аңғартқандай. Өткенде ғана мал шаруашылығын  қолға алу, мал тұқымын асылдандыру  жөнінде көлемді материал жарық көрді. Ауылшаруашылығына ден қойған азаматтар мақаладан өзіне керегін түртіп,  ой түйді деп сенемін. Жұмыстарыңызға ризамыз, еңбектеріңіз жансын, — деп ризашылығын жеткізді.

Кездесуіміз облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей қорығы  ұжымымен жалғасты.

– Музей ұжымы «Орда жұлдызының» тұрақты оқырмандары, белсенді авторлары  деп айта аламын. Өз басым әр нөмірін асыға күтіп, бірінші бетінен соңғы бетіне шейін мұқият танысып, оқимын. Тілшілердің жазу стилін, сұқбат құрудағы ерекшеліктерін өзіме  ескеріп отырамын, — дейді ғылыми хатшы,  штаттан тыс тілшіміз Гүлмәру Мырзағалиева.

Музей қорығының бөлім басшысы Гүлжиян Сапарғалиева  аудандық газеттің бәсі биік дей келе, музейдің әр материалдарын көркемдеп, тігісін жатқызып, өңдеп  ұсынатын  тілшілер қауымына алғысын айтумен қатар, Жеңістің 75 жылдығына орай арнайы жоба қолға алынса деді. Музей қызметкері Гүлмира Елемесова «Шетелдегі бөкейліктер» айдарының маңыздылығына тоқталып, Германияда қызмет жасайтын бисендік Асқар Мағзомовты лайықты кейіпкер деп ұсынды.

Музейден  соң Жәңгірхан  мектебіне бет алдық.  Бастауыш сыныптар бойынша директордың оқу ісі меңгерушісі Талшын Ермекова  «қош келдіңіз» айтып, алғашқы боп сөз алды.

– Оқырман үдесінен шығуда тілшілер тарапы  қалыс қалмай, мазмұнды, танымды дүниелерді ұсынуда. Ресми жаңалықтардан бастап, түрлі саланы қамтыған ақпараттар легі жарық көруде. «Сын айтылмай, мін түзелмес» деген бар.  Тамыз конференциясы туралы мақаланы, сондағы жазылған сыни пікірлерді  оң қабылдадым. Әсіресе, сахнаға марапатталуға шыққан кей мұғалімдердің сырт келбеті көрер көзге қораш болғаны рас, сын орынды. «Білім сапасы: жетістігіміз қандай, кемшін тұсымыз неде?» деген мақаланы да дұрыс қабылдағанымды айта кетейін. Қазіргі таңда мұғалімдердің, оқушылардың білімдерін айқындайтын түрлі онлайн-конкурс, жобалар шын мәнісінде бізге тиімді ме, бір жапырақ қағаз қатысушылардың  біліктілігіне көрсеткіш пе? Осындай сауалдарды өзіме де жиі қоямын. Әріптестерім де бұл мақаланы объективті түрде қабылдады деп ойлаймын, -деп  азаматтық пікірін білдірді.

Мектеп  мұғалімі Альфия Аксенова да жазылым науқанында алдымен «Орда жұлдызы» газетіне бірінші болып жазылатынын  мақтанышпен жеткізіп, газет бетінен есім-сойларын ғана оқып, сырттай таныс тілшілермен бетпе-бет жүздескеніне ризашылығын білдірді.

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА