22.11.2019, 11:07
Қараулар: 898
ӘНМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

ӘНМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

Бисен  ауылдық  мәдениет  үйінде  Замирбек  Әлесовтың   шығармашылығына арналған «Ән қанатында 45 жыл» атты кеш өтті.

Бала жастан әншілігімен танылған Замирбек есімі көпке мәлім ағасы Хабиболланың  жетекшілігімен  құрылған «Ганибол» ВИА мүшесі, он жылдай «Армандастар» ВИА әншісі  болған. Әскерде болғанда да, Қарағандыдағы  педагогикалық  институтта оқығанда да, отбасын құрып, бала сүйгенде де ән оның серігі еді.  Замирбек аға 2007 жылдан аудандық  халық  аспаптар  оркестрінің  мүшесі.

Ұстаздықты таңдап, оқушыларға алғашқы әскери дайындық пен дене шынықтырудан дәріс беріп жүрген ағамыз еңбекте де алда. 2013 жылы аудан  әкімінің алғыс хатымен,  2017 жылы  тұңғыш  қорғаныс  министрі  армия генералы С.Нұрмағанбетовтың  медалімен,  2018 жылы  Совет Одағының Батыры   Т.Бигелдинов  медалімен, үстіміздегі жылы  облыстық білім   басқармасының  грамотасымен марапатталған. «Үздік  алғашқы әскери  және  технологиялық   дайындық  пәнінің  мұғалімі»   төсбелгісін де алған. 10  оқушысы жоғары  әскери оқу  орындарын  бітіріп, қазір әскери  салада  жұмыс  жасауда.

Кешке арнайы келген ағамыздың досы, сыныптасы, өнердегі  үзеңгілесі,   жәнібектік  Рахметолла  Әйтімбетов  екеуі шырқаған «Қайдасың»  әнін, кеш иесінің ансамбль  сүйемелдеуімен орындаған «Нарыным», «Туған жер», «Червоно-рута»,   «Айнашым», «Анаға сәлем», «Бауырлар», «Орда – туған  мекенім»  әндерін көрермен қауым  жылы  қабылдады.

Кеште  ақ  тілектер  ағытылып, ізгі тілектер  айтылды, бата  берілді.  Б.Жәнекешев атындағы орта мектеп директоры А.Шамшедтинова  З.Әлесовтың  ұстаздық  қырын, әріптесі  Е.Насыров  өнер жолындағы  естеліктерін,  бауырлары  балалық   шақтың естеліктерімен бөлісті. Аудандық  мәдениет, тілдерді дамыту, дене  шынықтыру  және  спорт бөлімі басшысы м.а Мейрамбек Ғиылманов пен  демалыс  орталығының   директоры Жоламан Сисенғалиевтың    алғысхаты мен  сыйлығы  табысталды.

Екатерина  МӨКЕШЕВА,

 Бисен ауылдық  мәдениет  үйінің  директоры