22.11.2019, 11:04
Қараулар: 384
ЕЛ АҒАСЫ АЛПЫСТА

ЕЛ АҒАСЫ АЛПЫСТА

Бөкей  ордасында үлгі тұтарлық басшы болған азаматтар аз емес. Солардың бірі көпшілікке танымал ортасында сыйлы әрі қадірлі жерлес ағамыз Рахман Карин 60 жасқа толып отыр.

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Рахман Оразұлы алғаш еңбек жолын 1981 жылы Аудандық жер суландыру мекемесінің басшысы болып бастаса, кейін М.Мәметова атындағы кеңшарда бригадир есепші, ферма агрономы, кеңшар басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Осы аралықта білімін жетілдіріп, Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтында агроном мамандығын алып шығады. 1990-1992 жылдары ауданның ауылшаруашылық басқармасының басшысы, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болды. Мамандығы агроном болғасын да шығар ауылшаруашылық істеріне, соның ішінде асыл тұқымды малды өсіруге көптеп көңіл бөлген. Бұл қызметте де өзінің білікті басшы екенін көрсете білді.

1992-1994 жылы Мұратсай кеңшарында директор болып қызмет  еткен, одан кейінгі өсу-өрлеу баспалдағы оны 1994 жылы Тасқала ауданының әкімдігіне алып келеді. 2001-08 жылдар аралығында  «Батыс орманы» МКК,  «Асыл» қожалық шаруашылығының басшысы қызметінде болады. Қай салада қызметте болса да жемісті еңбек етті. Істің иін білетін білгірлігімен, іскерлік қабілетімен ерекше көзге түседі.

2008 жылы Бөкей ордасына ауданының әкімі болып сайланады.  Ол басқарған кезең елге үлкен серпіліс әкелді. Соның бірі құлағымызға ертегідей естілген, ең басты мәселелердің бірі болған көгілдір отынның ауылдарға келуі. Бүгінгі таңда да сол игі бастама жалғасын тауып, аудан бөлімшелерінің тұрғындары көгілдір отынның рахатын көруде.

Аудан әкімін толғандырып жүрген мәселелер өз кезегімен оң нәтижесін тауып, жоспарлы түрде уақытымен жүзеге асырылды. Атап өтсек ауданымыздың орталығынан жаңадан қазақ мектебі, балабақша бой көтерсе, заманауи үлгідегі үйлер салынды. Сонымен қатар ауыл аймақтардағы аурухана, мектеп, балабақша, жатақхана және мәдениет ошақтарын күрделі және жай жөндеуден өткізу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Ауыл ішіндегі саябақтар да жаңғыртылып, олардың айналасын тазартылып қоршалды. Халық игілігіне қолданып жүрген орталық базар да халыққа ыңғайлы етіп қоршалған болатын.

Қараусыз қалған электр торабының мекемесі болған нысанды күрделі жөндеу жасатып, ішіне жылу, жарығын өткіздіріп, имандылық ошағына негіздеп мешітті тұрғызу жолында аянбай атқарған адал ісі де сәтімен аяқталды.  Сонымен бірге жастардың бос уақытын тиімді өткізу, салауатты өмір салтын қалыптастыруда 300 орындық спорт алаңын жасау да жүзеге асырылды. Осындай игілікті істерге айрықша ат салысқанына халық куә әрі дән риза.

Нәтижелі істердің тағы да бірегейі Бөкей өңірінен шыққан тұлғаларымыздың  есімін ұлықтап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында ұлы күйшілеріміз Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сейтекке арналған аллея, Кеңестер одағының батырлары М.Мәметова, Т.Масин, А.Құсайынов және халық хаһарманы Х.Доспанованың бюстілерін, 25 Социалистік Еңбек Ерлерінің есімдері жазылған барельев қазіргі таңда ауданымыздың мәні мен сәні үйлескен көз тартарлық ескерткіштері.

Хан ордасы ауылында да мәдениет үйін жөндеуден өткізіп, ауласын кеңейтіп, жолдарына тастарды төсетіп және 80 сарбаз монументіне қарама-қарсы  Жеңістің 65 жылдығына орай, жеңіс жалауын желбіреткен жауынгерлердің рухын құрметтеп, Ұлы Отан соғысында қаза болған және хабарсыз кеткен бөкейлік боздақтардың есімі жазылған мемориалдық ескерткіш бой көтерді.

Рахман Оразұлы қызметте қандай іс бастаса да, ең алдымен өзі анық-қанығына түсініп, жан-жақты таразылап,  жүзеге асатындығына көзі жеткен соң ғана, игі бастамаларды бастаған. Жұмыс барысында өте талапшыл өзіне де, өзгелерден соны талап ете білген. Жас мамандарды жұмысқа тартып, оларға бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетіп отырған. «Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей ауыл ақсақалдарымен жиі кездесіп, амандық-саулық сұрасып, олардың басын қосып, атқарылып жатқан  жүйелі жоспарларымен  бөлісіп таныстырып отырды. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды өзі жіті қадағалап тілдесуге де уақыт тауып, емін-жарқын әңгімелесіп, бар көмегін аямаған.

Аудан тарихының өткені мен бүгінгі өмірінен сыр шертетін «Бөкей ордасының» энциклопедиясының жариялануына мұрындық болып, қолтаңбасын қалдырған.

Ағамыздың өмірдегі ұстанымын балалық шағы көз алдында өткен,  кейін қоян-қолтық жұмыстас болған, қазіргі таңда мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов: «қолға алған ісін аяқтамай тынбайтын, сөзге өте тұрақты, өзі жан-жақты болғандықтан, мамандардан да нақты, тиянақты іс талап ететін, өте талапшыл болды. Жолдасқа жақсы, досқа адал, қандай жағдай болса да көмектесіп, қол ұшын беруге әзер тұратын. Қай істің де тиянақты уақтылы бітуін үнемі қадағалап отыратын. Тіке әрі бір сөйлейтін» деп ойымен бөлісті. Міне, бұл іскер басшының қадір-қасиетінің биік, ортасында сыйлы екенін көрсетеді.

Елімізді дамытудың игі жолында аянбай еңбек етіп, елеулі үлес қосқаны үшін адал ісін лайықты бағалап Тасқала ауданы және Бөкей Ордасының ауданының «Құрметті азаматы» атты атағы беріліп, облыс әкімдіктерінен алғысхаттармен және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған.

Бүгінгі жаңарып жасанған аудан, ауыл келбеті, сол уәделі сөздің нақты ісінің айқын көрінісіндей. Қазіргі таңда жолдасы София Жексенбайқызы екеуі Назгүл, Асылжан атты ұл-қыз тәрбиелеп, немере, жиен сүйіп отырған бақытты ата-ана.  Еңбекқор, қайырымды, қарапайымдылығы үшін жерлестерінің зор құрметіне бөленген абзал ағамызға асқаралы алпысыңыз құтты болсын дейміз.

Шолпан  КУЖАНОВА,

облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының қызметкері