22.11.2019, 10:03
Қараулар: 1092
ҚОС АУДАННЫҢ КЕЗДЕСУІ БОЙ СЕРГІТІП, ОЙ ТАЛАСТЫРҒАН ШАРА

ҚОС АУДАННЫҢ КЕЗДЕСУІ БОЙ СЕРГІТІП, ОЙ ТАЛАСТЫРҒАН ШАРА

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, орынбасары Лариса Қайырғалиева және «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының І орынбасары Мейрамбек Аққалиев көршілес Атырау облысы Құрманғазы ауданының әкімі Қайрат Нұртаев бастаған делегацияны Хан ордасы ауылының табалдырығынан қош алып, атадан жеткен дәстүр бойынша ақ сүт, бауырсағымен қарсылады.

Көршілес жатқан екі аудан арасындағы бұл қарым-қатынас «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, осыдан бір жыл бұрын қабылданған меморандум негізінде жүзеге асып отыр. Ауданаралық қарым-қатынас, әріптестікті нығайтуды көздеген бұл шараның берері мол. Тәжірибе алмасу, екі ауданға ортақ түйткілді мәселелерді шешудің дара жолын бірге табуды мақсат еткен кездесу барысында бой сергіткен спорттық шара да, ой қосқан, пікір туғызған келелі әңгіме де, көңіл сергіткен әуенді бағдарлама да орын алды.

Алыс жолдан келгеніне қарамастан құрманғазылық қонақтар киелі Жәңгір хан, М-С. Бабажанов және Дәулеткерей атамыздың кесенелерінің басына барып, тағзым етті.

Әдеттегідей арнайы гид барша қонақты ата-бабамыздың қысқа тарихымен таныстырып өтті.

БАТЫРЛАРҒА ҚҰРМЕТ

Дана қазағым «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, Атырау облысының Құрманғазы ауданынан келген делегациясының екінші күні Хан ордасы ауылындағы көптен сыр шертетін ескеркіштерге құрмет көрсетіп, гүл шоғын қою рәсімімен жалғасты.

Көршілес екі ауданның әкімдері Қайрат Нұртаев пен Нұрлан Рахымжанов Ұлы Отан соғысының боздақтарына арналған мемориалдық ансамбльге гүл шоғын қойды. Осындай құрмет қазақтың І үлгілі атты әскер полкін басқарған жерлесіміз Бисен Жәнекешевтің ескерткішіне,  Азамат соғысында қаза болған жауынгерлерге арналған «Сексен ер»  ескерткішіне көрсетілді. Гүл шоқтарын қою рәсімін екі ауданның партия филиалдары төрағаларының орынбасарлары мен Сүйіндік, Орда ауылдық округтері әкімдері атқарып, тағзым етті.

Меймандар осы аталған жерлестеріміздің, сонымен қатар Кеңес одағының батыры, шығыстың қос жұлдызының бірі, жерлесіміз Мәншүк Мәметова мен күйші Сейтек Оразалыұлының ерлік жолдарына, өмірбаяндарына қанық болды.

Ой ширатып, пікір алмасты

Дөңгелек үстел барысында аудан басшысы Нұрлан Сағынтайұлы меймандарға қайыра қош келдің айтып, ауылдық округ, бөлім, басқа да басшыларды таныстырды.  Ауданда соңғы жылдары атқарылған маңызды шаруаларға тоқталып, жыл санап ауданымызда асыл тұқымды шаруалар қатары көбейіп келе жатқанын айтты. Адамның жайлы тұрмысы үшін қажетті су, газ өткізу-жеткізу мәселелерін әңгімелеп, Орда ауданының халқы бір кездері Құрманғазы ауданындағыдай 60  мыңнан астам жан тұрғанын, жеріміздің біраз бөлігінің әскери сынақ полигонына берілуі себепті тұрғылықты жұрттың мәжбүрлі түрде өзге жерлерге көшірілгенін тілге тиек етті. Осындай саясаттың салқыны  әлі де сезіледі, қазір ауданда не бары 16 мыңнан сәл асқан тұрғыны барын мәлімдеді. Нұрлан Сағынтайұлы тек игі істерді ғана баяндап қоймай,  келелі мәселелерімен де бөлісті.

Құрманғазы ауданы әкімі Қайрат Нұртаев қазақы қонақжайлылыққа ризашылығын білдіріп, өз аудандарындағы ахуалды қысқаша баяндап өтті.

– Бұрындары тас жолды салуды жоспарлағанда  оны тек елді мекеннің кіреберісіне жеткізуді ғана есептейтінбіз. Енді құрылыстың жоспарына елді мекеннің ауылішілік жолдарын да кіргізіп отырмыз. Осындай іс-шаралар нәтижесінде 365 шақырым магистральді, 67 шақырым ауылішілік  тас жол салдыртпақ ниеттеміз. Балық шаруашылығымыз да біртіндеп жолға қойылуда. Биыл өзен тіндерін тереңдету жұмыстарының және Ресейдің Еділ өзенінен су жіберу мәселесінің оң шешімінің арқасында Шора, Қиғаш өзендеріне қызыл балық та түсіп жатыр,-деді Қайрат Нұртаев.

Сонымен қатар бірлесе отырып, Балқұдық шекара бекетінен шектеулі режимнің жұмысын тұрғындар үшін оңтайландыру жұмыстарын бірге атқаруға шақырды. Бірлесіп атқарар шаруаның бірі Бөкей құмында орналасқан Балқұдық шекарасының 2-3 шақырымын қоршау мәселесі айтылды.

Бұл басқосуда Н.Крупская мектебінің директоры Шынар Исaтаева,  жастармен жұмыс ресурстық орталығының директоры Наурызбай Бисенғалиев  жеткен жетістіктерімен бөліссе, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамбек Аққалиев пен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Исатай Құрмашев атқарылған жұмыстарды айтып, жоспарларды ортаға салды.

ДОСТЫҚ КЕЗДЕСУ

Екі ауданның спортсүйер қауымы Жәңгір хан мектебінің спорт залында волейболдан кім мықтыны анықтады.

Сайысқа түскен кұрманғазылықтар мен бөкейліктер жолдастық кездесу екеніне қарамастан барша көрерменге қызықты және әділді ойын тарту етті.

Ойын қорытындысы бойынша бірінші партияда 25:24 ұпайымен қонақтар жеңіске жетсе, қалған екі партияда бөкейліктер анық жеңімпаз танылды.

«Татулық – достық кілті» тақырыбында өткен екі аудан өнерпаздарының әсем әуенді концерті осы шараға әдемі нүкте қойды.

Бұл кездесу алдағы жылдары да жалғасты болмақшы. Құрманғазы ауданының әкімі Қайрат Нұртаев бөкейлік әріптестерін енді өз төрімізден көрсек деп, шақыру тастады.

Раушан БАҚЫТОВА,

Еркебұлан РАХМЕТОЛЛА

 

 

 

ҚОНАҚТАР ПІКІРІ

Өркен Тәжібаев, Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары:

– Қазіргі күнде Құрманғазы ауданы мемлекеттік қызметкерлер арасында волейболдан Атырау облысының чемпионы  және осы чемпион есімін оныншы рет иеленген едік. Ал бүгінгі күнгі кездесу бойынша айтарым, жігіттеріңіз өте мықты екен. Бір команда болып, жалпы жақсы ойын көрсетіп жүрген споршы екендері көрініп тұр.  Команда құрамының өзі мемлекеттік қызметте жастардың басымдығын көрсетіп тұр. Бір сөзбен айтқанда жарайсыңдар, жігіттер!

Біздің командамыздың жеңіліс табуына жолдан арып-аршып келгеніміз себеп болды-ау деп ойлаймын. Делегациямыздың жарты құрамы 500 астам шақырым жол жүріп келсе, жартысымыз іссапармен 1000 астам шақырым жол артта қалдырдық. Не дегенмен сайыстың қорытындысына қарамай, достық жеңді деген ойдамын.

 

Қанат Құлшар, Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылдық округі әкімі:

– Осы кездесу нәтижесінде екі аудан аралығында қоршалмай қалған үш шақырымдай шекара сызығы қоршалатындығына ризамын. Осындай әріптестік кездесу мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға өзіндік септігін тигізетініне сенемін. Қазірдің өзінде сіздің шаруа қожалықтары мемлекеттен берілетін субсидияны тиімді пайдаланып отырғанын байқап отырмыз. Бізде де пайдаланады дегенмен, көбісі қағазбастылықтан қашып, бұл қайтарымсыз қаржыдан қағылып отыр. Осы байланыс негізінде бізде әріптестерімізден көп нәрсе үйренеріміз анық. Байланысымыз ұзағынан болсын.

Елдің тарихына, табиғатына келер болсақ, ол ерекше ғой. Бұл жерді көру керек, ауасын иіскеп, қарағайлы орманымен тыныстау керек. Сонда ғана оның кереметін толықтай сезінуге болады деп ойлаймын.

Қайсар Мақсутов, Құрманғазы ауданының кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы:

– Тарихтан белгілі бұл мекенге табаным тигеніне дән ризамын. Бабалар кесенесі, ескерткіштер шерткен тарих, сан түрлі тақырыпты қамтыған музей тіптен ерекше. Жәңгір негізін салған орман да бір тарихи жәдігер емес пе?! Хан  ордасы ауылындағы  көне үйлерді, музейдегі хан сарайын көргенде көшпелі қазағым өркениеттен алыс болмағанына нақ көзің жетеді екен. Көнелілікті, өркениеттілікті бір арнаға тоғыстырған бабалардың мұрасын өзге жұртқа насихаттай білуімізге керек.