21.11.2019, 16:03
Қараулар: 734
ҮЙДЕГІ БҮГІНГІ ЛАҢ –БАЛАНЫҢ ЕРТЕҢГІ ТАҒДЫРЫНА СЫЗАТ

ҮЙДЕГІ БҮГІНГІ ЛАҢ –БАЛАНЫҢ ЕРТЕҢГІ ТАҒДЫРЫНА СЫЗАТ

«Әйелінің ит тепкісін шығарып, сабапты», «бала-шағасын үйінен қуып шығыпты», «әйелін қуып жүріп сабапты» деген жаңалықтарға жұрттың еті үйреніп кеткендей. Елең ете қоймайды. «Әйелінің өзінен болар» деп топшылай саламыз. Ал, сол нақұрыс күйеуінің қолынан ажал құшып, мүгедек боп қалып жатқандар қаншама?..

Қазақстан былай тұрсын, әлем бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, күйеулерінен зәбір көрген әйелдерге қатысты құқықтық-қылмыстық статистика жоқ екен. Десе де, дағдарыс орталығы одағының мәлеметінше, әрбір үшінші қазақстандық әйел таяққа жығылса, әрбір бесінші әйел отбасының басқа мүшелерінен психологиялық қысымға ұшырайды екен. Отбасылық қорлық-зомбылыққа ұшырап, қысым көретіндердің 90%-ы әйел адамдар. Табиғатынан төзімді, көнбіс келетін әйелдер жар салып, жапа шеккенін хабарлай қоймайды. «Бас сынаса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деп «балалар өсіп, күйеуінің ақыл тоқтатар күні болар» деген үмітпен күнделікті күйбең тірлігіне мойынсұнып жүре береді екен.

«БАС СЫНСА, БӨРІК ІШІНДЕ…»

– Ал, хабарладым, жар салдым. Не болады? Ештеңе. Полиция алып кетіп, екі-үш сағат ұстап, «Олай болмайды, қайталама, балаларың өсіп келе жатыр ғой» деп жай ғана әңгімелесіп, кері қайтарады. Бір-екі күн ішпей, тыныш жүреді де қайта бастайды. «Ал, шақыр! Жаныңды алып қалады деп ойлайсың ба?» тіптен өршеленеді. Көк ала боп, жұмысқа да шықпай қалдым. Қолымды да сындырды. Қазір ойнамалы боп кетті. Балаларым да зәрезап болған. Екінші сыныпта оқитын балам тым тұйық, қорқақ.  Қорыққаннан тұтығып сөйлей алмай қалады. Асхат ішіп келген күні екі жастағы қызыма дейін дауыс шығарып жылауға қорқады. Әке-шешем қайтты. Жалғыз апам бар. Чапайда тұрмыста. Қайын атасымен тұрады. Қашып барып, оның қолына тұра алмаймын. Учаскелік инспектор «ажырасуға арыз беріңіз. Ажырасқаннан кейін сізге қол тигізбек түгілі, аулаңызға аттап баса алмайды. Ол кезде жаза да қатаң болады» дейді. Жалғыз ғана тілегім бар. Арағын қойса екен. Ішпесе, тәп-тәуір. Мені сабамақ түгілі, балаға дауыс көтермейді.   Отыз күн ішпей, жақсы боп жүргенін бір күн ішіп келгенде шайып жібереді ғой. Шайып жібереді. «Қата қалғыр» деп қарғауға дейін барамын. Бір ішсе, тоқтай алмайды. Таңғы төрт-бесте жүз грамм сұрап, бәрімізді тік тұрғызады. Тезек қора, оттыққа арақ тығып қойып, жартылап әкеп беріп, тыныштандырамын. Әйтпесе, ауылды кезіп кетеді. Жеті-сегіз күн дегенде бауыры ауырып, құсып ауырып, тәубесіне келеді. Сөйтіп қиналатынын білсе де ішуін қоймайды. О бас айырылысып кету керек еді. Қазір ажырасқанда қайда барамын? –дейді Таңсұлу апайым.

Осылай десе де, кейіпкерімнің түбегейлі ажырасу туралы ойы жоқ. «Баламыздың алды университеттін ІV курсына келді, есін жияр уақыт алыс емес шығар» деп үміттенеді. Жиырма жеті жыл бірге тұрған жолдасы Берікқалиды қимайды.

– Қаңғып қалады ғой. Енемнің екі көзі бірдей көрмей, кісі қолына қарап қалды. Мұны кім паналатады дейсің? Тұрақты жұмысы, табысы жоқ. Бір апта, бір ай жүрер, қарындас-інілерін жағалап. Сосын қаңғып кетеді, түбейгелі алқаш боп, не темекісін тегін бергеніне риза боп малды ауылға малай боп кетеді ғой,- деп уайым қылады. Қайран, қазақ әйел дейсің де қоясың…

«ӘЙЕЛДІҢ ӨЗІ КІНӘЛІ..»

– Келінім бұл күндері аудандық полицияның туысындай боп кетті. Қит етсе, полиция шақырады. Міне, кешегісін қосқанда бір айда алты болмаса, бес рет шақырды. Бұрын  ауыл сыртында мал бағатын еді. Атаулы әлеуметтік көмек алып, қалталарына ақша бітіп еді, аудан орталығына келіп алды. Сол көмекті екі рет алды. Мардымды ештеңе алған жоқ. Ең құрығанда қыстық азық қорын, не киім-кешегін ойлаған емес. Ақша алған күнгі дастарханын көрсең, құдды бір қонақ күткендей. «Балалар свежий овощ жеу керек» деп қояды. Сол ақшаны бір аптаға жеткізбей түгелсіп отырады таз кепеш қалыптарына түсіп. Әкем де, шешем де тырс етіп, үндемейді, «өз шаруалары білсін» деп араласпай отыр.  Інім ішеді, мойындаймын. Ішкен соң, қол да көтеретін шығар. Бірақ соған жеткізіп отырған келінімнің өзі. Оны өзіне де айтып жүрмін. Сылбыр, үйіне барсаң, көшіп бара жатқанын, не көшіп келіп жатқанын білмейсің. Салақ. Балағынан боғы ағып дейтін өзі. Дұрыстап тамақ та пісіре алмайды. Барды оқсата алмайды. Бұрын тұрмыста болған.Осы салақ, болымсыздығынан болар, баламен қайтып келіп, біздің табалдырықты аттап отыр. Өткеннен сабақ алмай отыр ғой, пісетін, ширайтын уақыты болды ғой. Тамағы дәмді, үйі жинаулы, жатын орны таза болса, күйеуі не дейді? Қызғаныш, уақ болып, кіріс-шығысты жіпке тізіп отырған інім деген жоқ. Еркектің алдында, елдің алдындағы қадірін қашыратын әйелдің өзі,-дейді Меңсұлу есімді сайқындық.

Қайын апа қайын апалығынан асырып айтып тұрған шығар деген ой болды. Кейіпкерімізді де көрудің сәті түсті. Көрдік. Асыра айтпаған екен. Аузынан сөзі, қолтығынан бөзі түсіп дейтін болбырдың өзі екен. Салақтығының өзі мылқау күйеуге тіл бітіргендей екен.

– Көп балалы аналар деп Үкімет қолдау көрсетіп жатыр. Дұрыс қой. қомақты ақша беріп, үймен қамтамасыз етуде. Теледидардан көргенімді емес, мына өзіміздің Сайқында, ауданда осындай жақсы істер атқарылып жатыр. Бірақ, осы қолдау, қорғауымыз ақылы қысқа кей әйелдерімізді есіртіп жіберген жоқ па деп ойлаймын. Көп балаға деп берілген ақша, көп балам үшін берілген үй деп күйеуінің басына шығып алған ақымақ әйелдерді шықпас көзім көріп отыр. Еркек бастарын қор қылып болды. кез келген уақытта үйден қуып шығып, көңілі жайлау болған күні кіргізіп, қылжақ қылып отырғандар бар. Осындай шолақ ойлы әйелдер ер адамды ақымақ қылады,-дейді С.есімді қариямыз.

КЕШІРІМШІЛ ӘЙЕЛ, БІТПЕС ДАУ…

Аудан бойынша отбасылық зорлық-зомбылық туралы ахуалды білмек үшін әйелдер шағым айтып, көмегіне жүгінетін органдарға арнайы хабарласып бақтық.

– Тек биылғы жылдың өзінде әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 73-бабы бойынша 92 іске әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Бұл 2019 жылдың қазан айы бойынша тіркелген мәлімет, -дейді аудандық ішкі істер бөлімі бастығының міндетін атқарушы Бақберген Молдағалиев.

Өткен жылы нақ осы бап бойынша, яғни отбасылық жанжал бойынша 82 іске хаттама толтырылған екен. Айырмашылық айтпаса да түсінікті.

– Тоқсан екі іске хаттама толтырдық дегенді 92 отбасындағы кекілжің төбелес, соққыға жығумен аяқталды деген сөз емес. Осы 92-нің ішінде бес-алты хаттама бір ғана адамға толтырылғаны бар. Айына бір емес, бірнеше рет шағым айтып, араша сұрайтын тұрақты шағымданушыларымыз бар. Қызметтік парызымыз, атқаратын жұмысымыз болғандықтан қоңырау шалынып, шағым тіркелгеннен кейін барамыз, арызын тыңдап, шара қабылдаймыз. Бірақ, түбейгейлі шешімді қабылдайтын жапа шегушінің, яғни, әйел адамның өзі. Істі сотқа дейін жеткізіп, бір жақты шешімге келсе, сол күйеуінің қайта айналып соқтықпауын талап етер едік. Бүгін кеште «таяққа жықты, сабады» деп шағым жасаған жапа шегушіміз ертеңгі кеште күйеуіне кешірім беріп, бір дастархан басында отырады. Отбасылық драма  әдеттегі жайға айналып кеткен деуге болады. Екі ортадағы балалар қандай күй кешті, олардың болашағына қандай  әсері бар? Оған бас қатырып жатқан ата-ана жоқ, -дейді Бақберген Мақсотұлы.

Әйелдер көнбіс десек те, нақ осы отбасылық өмірдегі зорлық-зомбылық некенің бұзылуына әкеп соқтырады екен. Статистикалық мәліметтерге көз жіберсек, жұбайлардың ажырасу туралы шешімінің 13%-ына  физикалық зорлық-зомбылық, 12%-ын жұбайлардың бірінің алкоголь немесе есірткіге тәуелдігі себеп болса, тұрғын үйдің болмауы, қаржы жетіспеушілігі сияқты тұрмыстық мәселелер тек 5%-ды ғана құрайды екен.

№№№№№№№№№?????????????

Аналар  мен балалар мәселесі үнемі қоғам назарында екені белгілі. Арнайы комиссия да жұмыс жасайды. Жапа шеккен, тұйыққа тіреліп, қиналған аналардың бас тірері осы комиссия екені белгілі. Осы тұрғыда «ауданымызда отбасылық өмірде қысым көріпі, жапа шегіп, барар жер, ашар есігі қалмай қиналып жүрген әйел адамдар жоқ па? Егер болса, сондай қиналып жүрген нәзік жандыларымыз дағдарыс орталығы деген сияқты қолдау мекемелері барын біле ме екен?» деген сауалымызды аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиеваға қойған едік.

– Отбасылық проблемасы жоқ әйел жоқ десем, артық айтқандығым болар. Ондай проблемаға кезіккен азаматшаларымыз бар. Алдымызға келген аналарымыздың мұң-мұқтаждарын тыңдап, шығар жол, қабылдар шешімін бірге іздеуге тырысамыз. Таяқтың екі ұшы, медальдың екі жағы бар демекші, проблеманың ақ-қарасын, екі жақтың пікірін назарға алуға тырысамыз. Ауылдық жердің өз менталитеті бар, ағайын бар демекші, сіз айтып отырған дағдарыс орталығының көмегіне жүгініп, мәселесі ушығып кеткен жайт жоқ. Болмай-ақ та қойсын,-деп жауап берді Лариса Тельманқызы.

ЖАПА ШЕККЕНГЕ АРНАЙЫ ЖОБА БАР

Тұңғыш Елбасының бастамасымен Ұлт жоспары қолға алынып, «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы іске асырылуда.  Осы жоба аясында еліміз бойынша 31 дағдарыс орталығы өз жұмысын бастаған екен.

Орал қаласында орналасқан тұрмыстық зорлық-зомбылық кұрбандарына арналған дағдарыс орталығы» КММ директоры Талшынай  Жүніс:

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмек көрсету мақсатында  Орал  қаласы   әкімдігінің  2013 жылғы 24 қаңтардағы №59 қаулысына  сәйкес   «Орал қалалық әйелдерге арналған оңалту және бейімделу орталығы» ашылып, кейін 2016 жылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы» болып өзгертілді. Орталықтың негізгі бағыты, тұрмыстық зорлық-зомбылық  құрбандарына   шұғыл  әлеуметтік көмек пен қолдау көрсету, уақытша тұрған кездерінде қорғауды және көмекті қамтамасыз ету,  отбасы мен  қоғамға әлеуметтендіру және қайта ықпалдастыру процесіне жәрдемдесу. Орталық  қызмет алушыларға 1 ай мен  6 ай аралығында уақытша  қызмет  көрсете  алады,-дейді.

Орталық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға және олардың кәмелетке толмаған балаларына уақытша баспанамен,  үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етеді  және кешенді оңалту шараларын жүргізеді. Орталыққа уәкілетті органдардың «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің және денсаулық  сақтау, ішкі  істер  органдарының  жолдамасы бойынша қабылданады.

Мекеме көмегіне жүгінген азаматша орталыққа орналастырылып, киім-кешекпен қамтамасыз етіледі, медициналық көмек көрсетіледі. Психолог көмегі ұйымдастырылған. Егер тиесілі болса, өтемақы, жәрдемақы алуына жәрдемдеседі. Тіпті, кәсіп таңдап, білім алуына жағдай жасайды.

Қызметтер  тегін және  қызмет алушылар туралы мәліметтердің   құпиялылығы қамтамасыз етіледі.Сондай-ақ, телефон арқылы тегін психологиялық, құқықтық көмек алу  мүмкіндігі  қарастырылған.

–  Егер Сіз немесе Сіздің таныс адамдарыңыз       тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кұрбаны   болған  жағдайда  орталықтың  көмегіне жүгіне алады. Біздің мекенжайымыз Орал қаласы, Евразия даңғылы 31/1,байланыс телефондарымыз (тәулік бойы) 87112 285600, 87028359939, 87479189445. Кез келген жағдайда кез келген уақытта хабарласып, көмегімізді ала аласыз,- дейді мекеме директоры Талшынай Орынбекқызы.

Кез келген қоғамның өркениеттік деңгейі әйел адамға деген қарым-қатынасымен өлшенеді делінеді екен.

Таяқ аюға намаз үйретсе де, салақ қатын, олақ әйелді тәртіпке келтірмейтіні түсінсек, игі еді. Бір күн ұрыс болған үйден қырық күнгі береке кетерін ұқсақ игі еді. Мас әкесінен анасын арашалаймын деп соққы жеп, тұщы етіне таяқ тиіп өскен ұл мен қыздың ертеңгі тағдырына үйдегі лаңнның сызат түсіріп жатқанын ұқсақ екен…

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ